Израильде өлім жазасы неге бәріне бірдей жүрмейді? Заңға шолу және халықаралық реакция
Көрнекі сурет. Фото: pexels.com
Израиль парламенті — Кнессет — террористік қылмыс жасағандар үшін өлім жазасын қарастыратын заң қабылдады. Құжатты 62 депутат қолдап, 42-сі қарсы дауыс берді, біреуі қалыс қалды. Заңның негізгі бастамашысы — ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир. Алайда қоғамда резонанс тудырған бұл шешімнің мазмұны көпшілік ойлағаннан әлдеқайда тар әрі күрделі. Orda.kz тілшісі шолу жасады.
Заң кімдерге қатысты?
Қабылданған норма барлық террористерге бірдей қолданылмайды. Ол тек Израиль «Иудея мен Самария» деп атайтын Батыс жағалауда қылмыс жасаған палестиналықтарға бағытталған.
Заң ұлтына қарамастан Израиль азаматтарына қолданылмайды. Сондай-ақ, ел аумағындағы басқа қалаларда жасалған шабуылдарды қамтымайды. 2023 жылғы 7 қазан оқиғасына қатысқандарға да жүрмейді. Яғни, құқықтық тұрғыдан бұл — нақты география мен нақты мәртебеге байланған норма.
Әскери соттар және тарихи контекст
Мұндай шектеудің себебі аймақтың құқықтық мәртебесіне байланысты. 1967 жылғы Алты күндік соғыс нәтижесінде Израиль Батыс жағалауды бақылауға алып, онда әскери әкімшілік орнатты. Соның негізінде бүгінге дейін әскери құқық жүйесі мен әскери соттар жұмыс істейді.
Дәл осы соттар палестиналықтарға қатысты қылмыстық істерді, соның ішінде терроризм істерін қарайды.
Айта кету керек, Израиль заңнамасында өлім жазасы бұған дейін де қарастырылған. Бірақ оны қолдану үшін судьялар бірауыздан келісуі тиіс еді. Тәжірибеде бұл жаза тек бір рет — нацистік қылмыскер Адольф Эйхман ісінде қолданылған.
Жаңа заң не өзгертеді?
Жаңа құжат осы тәртіпті айтарлықтай жеңілдетеді. Енді:
- өлім жазасын тағайындау үшін судьялардың бірауызды шешімі талап етілмейді;
- кешірім (помилование) қарастырылмаған;
- үкім дарға асу арқылы орындалады;
- жаза үкімі күшіне енгеннен кейін 90 күн ішінде жүзеге асуы тиіс.
Сонымен бірге, әскери сот «ерекше жағдайларды» ескеріп, өлім жазасының орнына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай алады.
Тағы бір маңызды норма — істі қай сот қарайтынын Израильдің қорғаныс министрі анықтайды. Бұл құқықтық жүйеде белгілі бір икемділік сақталатынын көрсетеді.
Даулы тұстар және өтпеген түзетулер
Заң жобасы парламентте қызу пікірталас тудырды. Оппозиция мен құқық қорғаушылар бірқатар шектеулер енгізуді ұсынған, бірақ олардың ешқайсысы қабылданбады. Атап айтқанда:
- кәмелетке толмағандарға өлім жазасын қолданбау;
- психикалық жағдайы тұрақсыз адамдарды алып тастау;
- жазаны тек аса ауыр жағдайлармен шектеу;
- дәлелдеу стандартын күшейту;
- кешірім механизмін енгізу.
Бұл ұсыныстардың қабылданбауы заңның басты сын нысанына айналып отыр.
Халықаралық құқық және қауіпсіздік құрылымдарының алаңдауы
Израильдің өз ішінде де бұл құжатқа қатысты алаңдаушылық бар. Қауіпсіздік құрылымдары заң халықаралық құқық нормаларына қайшы келуі мүмкін екенін ескертуде. Атап айтқанда, Женева конвенциясы өлім жазасына кесілген тұлғаларға кешірім сұрау мүмкіндігін қарастыруды талап етеді. Ал жаңа заңда мұндай мүмкіндік жоқ.
Израильде қабылданған бұл заң халықаралық деңгейде де бірден резонанс тудырды. Еуропаның жетекші елдері — Германия, Франция, Италия және Ұлыбританияның сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жасап, құжатқа қатысты «елеулі алаңдаушылық» білдірді.
Германия Сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде заңның сипаты ерекше сынға алынды. Онда бұл норма «іс жүзінде кемсітушілік сипатқа ие» екені айтылып, оның қабылдануы Израильдің демократиялық қағидаттарға деген міндеттемесіне нұқсан келтіруі мүмкін екені ескертілген.
Еуропалық одақ та бұл жағдайға бей-жай қарамады. Брюссель тікелей санкция жарияламағанымен, Израильге анық сигнал берді. Атап айтқанда, егер бұл заң күшіне еніп, қолданылатын болса, ол Израиль мен ЕО арасындағы ЕО–Израиль ассоциация келісімі талаптарын бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ, ал бұл өз кезегінде келісімнің уақытша тоқтатылуына дейін алып келуі ықтимал. Бұл — экономикалық және саяси серіктестікке тікелей қауіп деген сөз.
Палестина тарабының реакциясы: «соғыс қылмысы» деген айып
Заңға ең қатты қарсылық білдірген тарап — Палестина ұлттық әкімшілігі болды. Рамалла бұл құжатты «палестиналық тұтқындарға арналған өлім жазасы туралы заң» деп атап, оны қатаң айыптады.
Палестина тарабының мәлімдеуінше, бұл заң палестиналық халыққа қарсы «әскери қылмыс» болып саналады әрі ол халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын, соның ішінде Төртінші Женева конвенциясы талаптарын өрескел бұзады. Сондай-ақ Рамалла халықаралық қауымдастықты Израильге қысым жасап, санкциялар енгізуге шақырды.
Палестина билігі сонымен қатар Еуропа елдерінің бұл заңға қарсы ұстанымын жоғары бағалап, Израильді құжатты қабылдаудан бас тартуға шақырған мемлекеттерге алғыс білдірді. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай алдағы уақытта Израильге қатысты халықаралық қысымды күшейтуі мүмкін. Әсіресе, заңның «таңдамалы қолданылуы» және халықаралық құқықпен қайшылығы — негізгі талқы нүктесіне айналып отыр.
Заңның саяси астары
Құжаттың пайда болуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі — Израиль мен палестиналық топтар арасындағы тұтқын алмасу тәжірибесі. Мұндай келісімдер барысында терроризм үшін сотталған адамдар бостандыққа шығуы мүмкін.
Заң авторлары осы тәжірибені шектеуді көздейді: яғни ауыр қылмыс жасағандар болашақта айырбас арқылы босап кетпеуі тиіс деген ұстаным алға тартылып отыр.
Қорыта айтқанда, Израиль қабылдаған бұл заң — кең ауқымды репрессивті құралдан гөрі, нақты аймақ пен нақты топқа бағытталған тар құқықтық механизм. Дегенмен оның қатаңдығы, халықаралық құқықпен сәйкестігі және саяси салдары алдағы уақытта да қызу талқылана беретіні анық.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Санжар Боқаев бұлтартпау шарасымен екі айға қамалды
- Мүлкін иемденгісі келген: Павлодарда әйелін әдейі суға батырып өлтірген ер адам сотталды
- 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі өзгерді
- Алматыда заңгер Әділетхан Молдаханның ұсталғанын полиция растады
- Израильде өлім жазасы неге бәріне бірдей жүрмейді? Заңға шолу және халықаралық реакция
- Израильде терроризм үшін сотталғандарға өлім жазасын кесетін заң қабылданды
- Сапасыз жолдан көлігіңіз сынса — «ҚазАвтоЖол» ақы төлейді
- Алматыда заңгер Әділетхан Молдахан ұсталды
- Тоқаев ұлттық қауіпсіздік стратегиясы жобасын мақұлдады
- Трамп: АҚШ Ирандағы әскери операцияларды тоқтату мәселесін талқылап жатыр
- Жеңіл пайда: TikTok-та халықты алдап 20 млн табыс тапқан адам ұсталды
- Ұлттық, діни және әлеуметтік алауыздық. Бас прокуратура үндеу жасады
- Енді Қазақстан сарбаздары швед үстелінен тамақтанады
- Ирандық спорт командаларына «дұшпан» елдерге баруға тыйым салынды
- Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Исабаева Астанада фотосессия жасады
- Пәкістан мен Ауғанстан неге соғысып жатыр?
- Ормуз бұғазындағы қиындық: Жапония Қазақстан мен Әзербайжаннан мұнай импорттайды
- AIRAN жобасының жұмысы тоқтады
- «Екі жыл бойы қысым көрді»: Атыраудағы оқушы қызды пышақтауға мектептегі буллинг себеп болған
- Стамбұл әуежайында түрік актрисасы Ханде Эрчел ұсталды