«Ішетін су таппай отырмыз». Тәулігіне бір мәрте су ағатын Тастыбұлақ тұрғындары шағым айтты

cover

Алматы қаласы Наурызбай ауданы Тастыбұлақ шағын ауданының тұрғындары қаланың іргесінде тұрып қара суға жарымай отырғандарын айтып шағымданды. Наразы жұрт әкімдіктің бұл мәселелерді жыл сайын кейінге қалдырып келе жатқанын айтады.

Халық наразылығын Orda.kz журналисі біліп қайтты.

Ауыз су мәселесі таза жүріп, таза су ішуге мүмкіндік бермейді деген тұрғындар су тәулігіне бір-ақ рет ағады дейді. Оның өзінде көзден аққан жастай болып тамшылап ағатын суды ыдыстарға жинап үлгеру керек екен. Кейін өшіп қалады.

– Жолдың астынан кәріз тартып, су өткізді, бірақ біз қосылған жоқпыз. Жаз, көктем, қыс, күз болсын суды өшіріп тастап отыр. Не себепті екенін білмейміз. Суды арнайы ыдыстарға жинап аламыз. Жаңбыр жауатын уақытта су да өшеді, – дейді Гүлсара Молдашова.

Тастыбұлақ шағын ауданының тұрғыны Гүлсара Молдашова үйіне кіргізіп, судың ақпайтынын, су аққан сәтте тек ыдыстарға құйып қоятынын көрсетті.

Аудан тұрғындарының айтуынша, кәріз жүйесін жүргіземіз деп қазылған жол аяқталмай қалған. Тұрғындарға жаңа асфальт төселетінін айтып, су жүргізуге 1 шілдеге дейін уақыт бергені белгілі болды. Сондай-ақ, бұл туралы ешкімнің алдын ала ескертпегені де айтылды. Жол жүру қиындап, құмның ойылып түсіп жатқанын айтқан тұрғындар жолды аяқтауын сұрайды.

This image has an empty alt attribute; its file name is image-3-768x1024.png

– Кәріз жүргізді, жолдың астын қазды. Мінеки, жол қазылған күйі қалды. Енді асфальт төсейтінін айтып, 1 шілдеге дейін әркім өз қаражатына су тартып алыңыздар деп жатыр. Негізі жөндеу жұмыстарын жүргізген адамдар қақпа алдына дейін су тартатын құбыр тастап кетуі керек. Әрі қарай әркімнің жеке шаруасы. Біз жолдың астында не жатқанын білмейміз, – дейді Қамыскүл Боранбекова.

Өз бетінше су тарту жұмыстарын жүргізейін десе, тұрғындар жүрексінеді. Себебі, олар жолдың астында не көмулі жатқанын білмейді. Телефон желісі немесе кабельдерді үзіп алуы мүмкін екенін айтты.

This image has an empty alt attribute; its file name is image-4-1024x768.png

– Телефон желісі, кабельдер жатуы мүмкін. Өзіміз қазатын болсақ, үзіп аламыз. 1 шілдеге дейін үлгермесеңіздер, әрі қарай сіздерге рұқсат жоқ дейді. Бізге ешкім ескерткен жоқ, қалай үлгереміз? – деді аудан тұрғыны Гүлсара Молдашова.

Сондай-ақ, аудандардағы коммуналдық желілерді қала балансына өткізу қала әкімі Сағынтаевтың бірінші тапсырмасы болған. Арада 5-6 жыл өткенмен ешқандай өзгеріс жоқ. Тастыбұлақ тұрғындарын су мәселесі ғана емес, жарық мәселесі де мазалайтыны байқалды. Ретсіз тартылған электр сымдары көшеден өткен адамға қауіп төндіреді. Жел соққан күні жарық та өшеді екен.

This image has an empty alt attribute; its file name is image-5-1024x768.png

– Бақытжан Сағынтаев әкім болып сайланғаннан кейінгі бірінші тапсырмасы жаңадан қосылған аудандардағы коммуналдық желілерді қаланың балансына өткізу еді. Содан бері 5-6 жыл өтті. Енді жыл сайын уәде берумен шектеліп жатыр. Сәл ғана жел соқса болды жарық өшіп қалады, – дейді аудан тұрғыны Азамат Серікұлы. 

Тұрғындар жағдайдың қиын екенін айтып, мәселенің оң шешімін сұрайды. Кәріз жүйесін өткізу жұмыстары қыс айында жүргізілгендіктен, аудандағы жол шұрық-тесік боп қалған. Тіпті, жүру мүмкін емес дейді олар.

– Бұл жерді қыста жасады. Бетін жай топырақпен жаба салған. Мінеки, жолдың бәрі ойылып, жүру қиын болып қалды. Кәріз, су, жарық мәселесі шешілмей келеді. Жағдайымыз қиын, – деді жан айқайын жеткізген Тастыбұлақ тұрғыны.

This image has an empty alt attribute; its file name is image-7-768x1024.png

Аудан тұрғынымен бірге саябақққа барып көрдік. Саябақта құрылыс жұмыстары аяқталмаған. Саябақтағы биік ағаштардың су келмегендіктен қурай бастағаны байқалады. Тастыбұлақ тұрғынының айтуынша, ағаштарға арнайы су сеуіп кететін болған. Бірақ ол шаруаның да атқарылмағанына біраз болғанын айтты. Тұрғын үйлердің есік алдындағы гүлдер мен шөптер сарғайып, қурап тұр. Саябақты көрсеткен тұрғын су мәселесін тезірек шешуді сұрады.

This image has an empty alt attribute; its file name is image-8-1024x768.png

Айта кетейік, 17 маусым күні Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданындағы әлеуметтік, инженерлік нысандар, жол құрылысы мен қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылуын тексерген еді.

Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Алматы су» мамандары тұрғындармен бірге қосымша тексерулер жүргізеді. Осыдан кейін мердігер жолдарды қалпына келтіруге кіріседі. Асфальт төсеуді күзге дейін аяқтау міндеті қойылған.

Авторы: Жандос Мәдениет

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар