«Халық заңгері»: дипфейктер Қаржылық мониторинг агенттігіне де қол салды

cover Фото: ҚМА

Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) жалған парақшаларын жасап, онда «жәбірленушілерге қаражатты қайтару» туралы ақпарат таратқан, деп хабарлайды Orda.kz.      

Қаржылық мониторинг агенттігінде дипфейк технологиясын пайдалану арқылы жасалатын жаңа алаяқтық фактілері туралы ескертті. Бұл жағдайда қаскөйлер ресми өкілдің бейнесін қолдан жасап, мемлекеттік органның жалған сайтын пайдаланған.

Таратылып жатқан видеоларда ҚМА өкілі атынан өзін инвестициядан зардап шеккен адам ретінде көрсететін жалған оқиға баяндалады.

«Сценарий бойынша, адам ақша салғаннан кейін табыстың өскені көрсетіледі. Алайда қаражатты шешіп алмақ болғанда комиссиялар, салықтар және «тексерулер» үшін төлем талап етіледі. Бірнеше рет ақша аударғаннан кейін де қаражатқа қол жеткізу мүмкін болмайды. Кейін ақшаның бір бөлігі банк пен реттеушілер арқылы қайтарылғаны айтылады да, адамдарға көмек сұрап жүгіну ұсынылады. Онда «Толығырақ» батырмасы арқылы «Халық заңгерімен» сөйлесетін чатқа апарады деп сілтейді, алайда онда қаражатты қайтару туралы жалған хат алмасу көрсетіледі» деп жазылған хабарламада. 

Сонымен қатар алаяқтар ҚМА-ның жалған сайттарын жасап, «жәбірленушілерге қаражатты қайтару» туралы мәлімет таратып жатыр. Сілтеме арқылы өткен қолданушыларға сауалнама толтыру ұсынылады (мысалы, «ақшаңызды қашан жоғалттыңыз?» деген сұраққа жауап беру). Одан кейін аты-жөні, телефон нөмірі және электрондық пошта сияқты жеке деректерді енгізу қажет болатын форма ашылады. Соңында «қаражатты қайтару процесін бастау» батырмасын басу ұсынылады.

«Мұндай сайттар, сауалнамалар мен формалардың барлығы — азаматтардың жеке деректерін жинауға және ақшасын иемденуге бағытталған алаяқтық схема екенін ескертеміз. Ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін тікелей Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе тұрғылықты жеріңіз бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді ұсынамыз», деп түсіндірді ҚМА. 

Еске салсақ, 2025 жылы жеңіс күні қарсаңында интернетте белгілі журналистер мен шенеуніктер қазақстандықтарды 9 мамырдағы шеруге шығуға шақырған бейнероликтер көп тараған болатын.

Қазіргі заманғы технологиялар арқасында қолдан жасалған бейнежазбалар өте шынайы болып шығатыны белгілі. Сол себепті құзырлы органдар тұрғындарды ақпараттың шынайылығына көз жеткізіп, мұқият тексеруді сұрайды. 

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар