Еститін үкімет естімеген жағдайлар: Картада жоқ ауыл және әлімжеттік пен мүгедектік

cover Коллаж: Orda.kz

Orda.kz биліктің назарынан тыс қалған мектебі де, ауруханасы да жоқ Алматы облысы Іле ауданы Ақсай ауылдық округіне қарасты Сокол атты шағын саяжайға байланысты түсірілген фильм жайлы баяндамақ. Бұған дейін 4 желтоқсан осы ауылда тұратын, Қарақалпақстаннан көшіп келген  4 балалы жалғызбасты ана туралы деректі фильм жайлы жазған болатынбыз. Тілек Ырысбектің фильміндегі бас кейіпкер Дина есімді әйел 20 жылдан бері азаматтық ала алмаған. Екі баласы мүгедек болып қалған ананың балалары туралы тағы бір деректі фильм шықты.

Ауыл статусын алмаған саяжай тұрғындары

Саяжай тұрғындарының сөзіне қарасақ, ауылға Ақсай деген ат 10 жыл бұрын берілген. Сокол саяжайында жалпы есепте 2188 адам тұрады. Әкімдік 2025 жылы Сокол саяжайында мектеп салу мәселесі қарастырылмағанын, ол мәселе тек ауыл статусын алғаннан кейін ғана шешілетінін хабарлады. Әкімдік жауабына қарағанда, саяжайдан оқушыларды мектепке 3 жекеменшік және 4 мемлекеттік автобус тасымалдайды. Бұл мекеннің басты мәселесі мектеп пен аурухананың жоқтығы. Екінші фильмде осы мәселе көтеріледі.

Фото: Фильмнен кадр

Отбасының ауыр жағдайы, әлімжеттік қана емес, әлеуметтік мәселелер, балалардың мектепке барарда көретін қиындықтары, соның ішінде берілген бір автобусқа сыймауы т.б. мәселелерді қозғаған фильмде бір тұрғын былай дейді:

« Ауылға Ақсай атауы берілді, бірақ статус жоқ. Құр ауызбен айтып кетті. Осыдан 10 жыл бұрын мектеп, аурухана саламыз деген. Олардың түгі де жоқ. Мектептің орны да жоқ. Менің 3 балам да осылай автобуспен қатынап оқыды», — деді Соколдың таксиші болып нәпақа тауып жүрген бір тұрғыны.
Фото: Фильмнен кадр

Фильмде балалардың алыстағы мектепке барар жолының ауырлығы боямасыз көрсетілген. Сонымен қатар, сол ауылдың тұрғыны Дина Тағабергенова осы үйлерде тұратын адамдарға Өтеген батыр ауылындағы орындарға барып жүру машақат екенін айтады. Фильмде Дина Тағабергенова Сокол тұрғындарына ауыл атын беріп, мектеп, аурухана салып берсе деген ниетін жеткізді.

«Бізге ауыл дәрежесі негізі керек. Ауыл атағы болса, бізде басқа өңір сияқты дами аламыз. Бізде әрбір көшелердің аттары бар», — деді 4 балалы Дина Тағабергенова.  
Фото: Фильмнен кадр

Мүгедек ұл

«Картада жоқ ауыл, әлімжеттік, мүгедектік» деп аталатын екінші деректі фильмде Дина Тағабергеновтың үлкен ұлы жайлы айтылады. Анасының сөзінше Соколда тұратын 9 сынып оқушысы біреудің үлкен ұлының аяғын автобуста басып кеткені үшін апта бойы ұрған, содан бала мүгедек болып қалған. Orda.kz тілшісі анасына хабарласқанда кіші ұлының көзінше Бекжанды (үлкен ұлын) жоғары сынып оқушылары ұрған. Содан кіші ұлының да жүрегі ауырады, қатты дауыстан шошынады. Бұл жағдайға қатысты деректі фильм авторлары — Aspan Production ұжымы арнайы сауал жолдаған. А. Байтұрсынұлы орта мектебінің әкімшілігі 10 ақпан күні қайтарған ресми жауабында 2021 жылы 27 желтоқсан күні 3 "К" сынып оқушысы Бекжан Н. 1-ауысымдағы сабақты аяқтап, сағат 12-лер шамасында автобус алаңына барғанын, бұл уақытта үшінші және төртінші сынып оқитын екі оқушы ағаш шыбықпен ойнап, сол мезгілде Бекжанның мұрнының үстіне ағаш тиіп, жарақат алғанын хабарлады. Мектеп әкімшілігі сол күні саяжай оқушыларын шығарып салуға кезекшілік еткен мұғалімнен және оқиғаға қатысқан оқушылардың ата-аналарынан түсініктеме алынғанын жеткізді, Қарасай ауданы полиция басқармасының бір ата-анаға салған айыппұлының түбіртегін қоса жолдаған.

«Мектеп Бекжанның 2019 жылдың 1 қыркүйегінде оқуға қабылданғанын, оқу бағдарламасын қабылдауда қиындығы болғандықтан, облыстық психологиялық-медициналық-педагогтік консультациядан өткенін айтты. Жауапта тіркелген құжатқа қарағанда, Бекжан Н. 2022 жылдың 25 тамызында психологиялық-медициналық-педагогтік консультациядан өткен. Консультация қорытындысына орай, зияттың жеңіл бұзылысы және жалпы сөйлеудің дамымауының 2-3 деңгейі анықталып, жеке оқу бағдарламасы бойынша білім алуға кеңес берілген», деп жауап берді мектеп әкімшілігі.
Фото: Бекжан және оның інілері, фильмнен кадр

Сокол атты шағын саяжайда тұратын Дина — Қарақалпақстаннан көшіп келген қандас. Бірінші фильмде екі бірдей баласының мүгедектігі бар жалғызбасты ананың арманы — Қазақстан азаматтығын алу екені көрсетілді. Одан бөлек мүгедектігі бар екі баласының біреуін болса да емдеуді армандайды. Бұл жайлы деректі фильмнің бірінші бөлімінде айтылды.

Дина Тағабергенова азаматтық алуды армандайды. Ол Өзбекстан азаматтығын жоғалтып алған соң, қазір азаматтық алу секілді құжат мәселесінде көп қиындықтарға тап болып отыр. Өзбекстанның өзіне барып шешейін десе, 4 баласын тастап кете алмайды. Бұл еліміздің шалғай аудандарындағы бір ауылдың көрінісі. Әрбір өңірдің өз мәселелері бар. Ал Алматы маңындағы шағын өңірдің бар жағдайы осы.

Фильмді назарларыңызға ұсынамыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар