«Азаматтық алуды армандаймын»: Шеттен келген 4 балалы ана жайлы фильм шықты

cover Коллаж: Orda.kz

Оrda.kz бұған дейін Ауғанстандағы қазақтар жайлы және Қытайдағы қазақтар жайлы жазған болатын. 4 желтоқсан Алматыда Қарақалпақстаннан көшіп келген 4 балалы жалғызбасты ана туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді. Тілек Ырысбектің фильміндегі бас кейіпкер болған Дина есімді әйел 20 жылдан бері азаматтық ала алмаған.

Orda.kz тілшісі Тілек Ырысбекке хабарласып, осындай идеяны арқалаған фильм жайлы сұрастырды.

Фото: Orda.kz

«Мемлекет бюрократиялық мәселелерді шешсе...»

Алматы облысы Қарасай ауданының Шамалған ауылына қарасты Сокол атты шағын саяжайда тұратын Дина — Қарақалпақстаннан көшіп келген қандас. Екі бірдей баласының мүгедектігі бар жалғызбасты ананың арманы — Қазақстан азаматтығын алу. Одан бөлек мүгедектігі бар екі баласының біреуін болса да емдеуді армандайды. Фильмде ол туған жеріндегі әке-шешесінің басына құран оқытқысы келетінін айтады.

Фото: Тілек Ырысбек


Фото: Тілек Ырысбек
 «Мен Серік Мұқышұлының жетекшілігімен «National geographic» пен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған деректі фото курсына қатысып жүрген кезімде саяжайларды аралап жүріп, балалардың автобус күтіп тұрғанын көріп, қатты әсерленіп, сол көріністі түсірген едім. Сол кезде осы фильмдегі бас кейіпкерім Динамен таныстым. Оның Қарақалпақстаннан көшіп келген қазақ екенін, 20 жыл бойы азаматтық ала алмағанын, баласының әлімжеттік көріп мүгедек болып қалғанын, туған жерге деген сағынышын көріп, деректі фильм түсіру жайлы шешім қабылдадым.  Фильмнің басты мақсаты – шалғайдағы саяжайларда өмір сүретін, шетелден көшіп келген, өз қоғамына әлеуметтене алмаған, оның шындығынан тыс қалған әрі білім алу, емделу, ауыз су сынды негізгі қажеттіліктеріне толықтай қол жеткізе алмайтын субалтерн топтардың күрделі әлеуметтік өмірін көрсету», — деді Тілек Ырысбек.

Ол сол жерде фото түсіріп жүргенде ауыл тұрғындарымен танысып, Амангүл Абатқызының осы кісі жайлы айтып бергенін баяндады.

«Кейіпкерімізді тауып бергені үшін ол кісіге алғысым шексіз. Кейіпкерлердің ерекшелігіне тоқталсам, Қарақалпақстаннан келгеннен қазақтардың ортасы мүлде жабық орта. Мысалы, Шыңжаң қазақтарында өзіндік жеке қоғамдық ұйымдары мен әртүрлі бірлестіктері бар ғой. Ал бұл кісілерден мен ондай қоғамдастық байқамадым. Олардың өз ортасының жоқтығын ерекшелік ретінде қарастырдым. Сол бірден байқалды», — деді Тілек Ырысбек. Ырысбек.

Ол өзі үшін бұл фильмді көп адамның көруі маңызды екенін айтты.

«Кейбір өнер бағытындағы деректі фильмдер тек фестивальдарда жүреді. Сондықтан 3-4 жыл көрермендердің назарына жол тартпай қалып жатады. Бұл фильмді осы көпшілік көрсін деп YouТube желісіне арнап түсірдік. Көрермендердің көруі сол үшін маңызды деп білеміз. Біз жариялап қойған соң, халықаралық фестивальдерге жолдау қиындау болады. Сонда да реті келіп жатса, фестивальдерге жібереміз», — деді Тілек Ырысбек. 

Тілек Ырысбек елге шетелден келіп жатқан азаматтардың көп екенін және соған жарай бюрократиялық мәселелер шешілсе жақсы болатынын айтты.

«Қытайдан 2005 жылы көшіп келдім. Шыңжаңдағы Іле қазақ облысынан. Қазір сол жақтағы саяси жағдайдан кейін осында қоныс аударып жатқан адамдар бар. Сондықтан құжат алу мәселесі әлі күнге өзекті. Осындай бюрократиялық мәселелер шешілсе, қазақтар өздерінің тарихи отанына оралса жақсы болар еді», — деді Тілек Ырысбек. 

«Кино идеологиядан азат болуы керек»

Режиссер саяси жағдай жайлы әрбір елдің өзінің саяси ұстанымы болатынын, алайда өнердің идеологиядан азат болуымаңызды екенін атап өтті.

«Кино — мейілінше идеологиядан азат, тәуелсіз болуға міндетті. Өнері тәуелсіз болса, адамдардың да ойлау жүйесі еркін болатын еді. Енді кейінгі жарық көрген отандық фильмдер әртүрлі бағытта түсіріліп жатыр. Біздің мемлекет саяси ұстаныма сай фильмдерге қаржы бөледі. Мысалы «Томирис» фильміне қарасақ, каскадерлік жағынан да, техникалық жағынан да шебер түсірілген фильм. Алайда сценарий көрерменді сендіре алмайды деп ойлаймын. Одан да сондай қомақты қаражатты дебют киноларға бөліп берсе, соған кеткен көп қаражатқа орай жақсы дүниелер шығатын еді. Қазақ киносы дамып жатыр. Дәрежан Өмірбаев, Серік Апырымов, Данияр Саламат, Елзат Ескендір секілді мықты режиссерлер бар. Өткенде «Оскарға» ұсынылған Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу» фильмі де өте сәтті түсірілген фильмдердің бірі. Менің ойымша қазір біз әлемді мойындатуға емес, қоғамдағы проблемаларды шешуге, оны батыл айтуға бағыт алсақ жақсы болар еді. Меніңше өнердің мұраты — жауап беру, нүкте қою емес керісінше, сұрақ қою секілді», — деді Тілек Ырысбек. 

«Мемлекет тиімді жұмыс істесе, оның арманы орындалады»

Драматург, «Drama.KZ» атты қазіргі қазақстандық драматургия фестивалінің кураторы Альмира Исмаилова осы фильм жайлы өзінің Facebook парақшасында пікірін жариялады.

«Машақаттарға қарамастан Дина армандаудан бас тартпайды. Оның арманы – азаматтық алу. Бірақ оны азаматтық аламын деп жүргенде бірнеше рет алдап кеткен. Екі ерекше қажеттілігі бар балаларының реабилитациясы – оның тағы бір арманы. Егер біздің мемлекеттік жүйе тиімді жұмыс істесе, расымен Динаның бұл армандары орындалуы мүмкін. Тілек Ырысбек түсірген бұл фильм – әлеуметтік өткір мәселені көтерген туынды, бірақ режиссер оны нәзік көркем бейнелер арқылы жеткізеді. Маған фильмдегі кадрлардың реті өте қатты ұнады. Қысқа болғанымен, олар біздің қоғамды жайлаған «табыс» пен «жетістікке жету» идеяларын, сондай-ақ тек Instagram-ға арнап жылтыр шындықты көрсетуге деген ұмтылысты айқын бейнелейді. Осындай «идеал» әлемге ұмтыламыз деп біз кейде Дина секілді адамдарды байқамай жатамыз. Тілек түсірген бұл туынды – creative documentary жанрының жарқын үлгісі. Мен де дәл осындай фильмдер түсіруге тырысамын. Динаның армандары орындалсын!», — деді Альмира Исмаилова.

Назарларыңызға фильмді ұсынамыз:



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар