«Ескі Қазақстан» шенеуніктерінің жаңа орны: Неге Атамқұлов Ташкентке, ал Абаев Мәскеуге кетті?

cover Коллаж: Orda.kz

Қаңтар оқиғасынан кейін және билік ауысқан тұста, бұрынғы белгілі тұлғалардың бір бөлігі шетелге елші болып кетті. «Ескі Қазақстанның» бұл «дәстүрі» Тоқаевтың кезінде де жалғасын тапты. Назарбаев кезінде президенттікке үміткер болуы мүмкін адамдарды шетелге (не түрмеге) жіберіп отырса, Тоқаев Назарбаевтың адамдарына осы тәсілді қолданып, оларды жан-жаққа таратты. Айырмашылығы осы.

Orda.kz қазіргі таңда Қазақстанның басқа елдеріндегі елшіліктерін басқарып отырған шенеуніктер туралы баяндайды.

Кім кетті және қайда кетті?

Дәурен Абаев. Фото: gov.kz

Дәурен Абаев — Ресей

Дәурен Абаев ұзақ жылдар бойы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі болды. Ол Елбасының баспасөз хатшысы қызметін атқарып, кейін ақпарат және қоғамдық даму министрі, одан соң мәдениет және спорт министрі лауазымдарын иеленді.

2023 жылы Абаев Ресей Федерациясына Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды.

Дәурен Абаевқа қатысты ірі жемқорлық жайлы даулар болмады. Алайда қоғам назарын жиі өзіне аударған оқиғалары бар. Сыншылар оның медиа саласын қатаң реттеуге тырысқанын, сөз бостандығы деңгейіне қатысты даулы пікірлерін жиі еске алады. Ал «үңгірдегі ұлтшылдық» туралы айтқан сөзі (тіл сақшылары жөніндегі пікірталастар кезінде) ел ішінде үлкен айтыс-тартыс туғызған еді.

Фото: primeminister.kz 

Бейбіт Атамқұлов — Өзбекстан

Қазақстандағы ең жан жақты әрі қоғамда түрлі пікір тудырған шенеуніктердің бірі — Бейбіт Атамқұлов. Ол әр жылдары сыртқы істер министрі, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметтерін атқарған. Алайда оның мәнсабы ешқашан жайлы өткен емес.

2017 жылы Атамқұловтың аты (ол кезде қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болатын) Paradise Papers деп аталатын офшор құжаттарында аталды. Бұл халықаралық журналистік зерттеу материалдарында оның Centraz Finance Ltd компаниясымен байланысы бар деп көрсетілген. Мұндай дерек заң бұзушылықты дәлелдемесе де, қоғамда күмән туғызған.

Сол кезде Атамқұлов журналистерге былай деген еді:

«Мен өзімнің аты-жөнімнің офшорлық компания тізімінде тұрғанын тек журналистік зерттеу арқылы білдім. 2006 жылы мемлекеттік қызметке кіргенде, еліміздегі заң талаптарына сай барлық активтерімді сенімгерлік басқаруға тапсырғанмын. Бұған дейін ұзақ жылдар бизнес саласында жүргенмін».

KADEX-2018: көрмеде стенд құлап, бір адам қаза тапқаннан кейін министрдің «өзі кінәлі» деген сөзі қоғамның ашуын тудырды. Кейін ол қоғамнан кешірім сұрап, марқұмның отбасына барды.

Фото: ru.sputniknews.kz

 Bek Air әуе апаты (2019 жыл): министрдің тікелей кінәсі дәлелденбесе де, қоғам тарапынан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сұрақтар көп қойылды. Себебі дәл осы министрлік азаматтық авиация саласын бақылап, әуе компанияларының жұмысын реттеуге жауапты еді. Bek Air-дегі жылдар бойы жасалған бұзушылыққа көз жұмғаны жөнінде сын айтылды. Осы жағдайдан кейін мемлекет азаматтық авиация саласындағы бақылауды күшейтті.

Ковид кезіндегі емханалар (2020–2022): пандемия басталғанда коронавируспен ауырған адамдарды емдеу үшін елімізде тез тұрғызылатын арнайы емханалар салынды. Негізгі мердігерлер — BI Group компаниялар тобы (BI Industrial, KAZPACO). Бұл ауруханалар арзанырақ материалдардан тұрғызылғанымен, әр нысан үшін мемлекет шамамен 5–6 миллиард теңге жұмсады. Алайда 2020 жылдың өзінде-ақ техникалық ақаулар байқалды. Мысалы, Алматыдағы стационарда компьютермен жасайтын томография аппараты істен шыққан.

2021 жылдың қаңтарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Алматыдағы емханалардың құрылысы кезінде 4 миллиард теңге ұрланғанын растады. BI Group компаниясы ұрлыққа қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Ал тергеу барысында кейбір әкімдік қызметкерлері күдікке ілінді.

2022 жылы BI Group басшысы Айдын Рахымбаев сұхбатында Алматыдағы аурухана 5,5 миллиард теңгеге салынғанымен, оның модульдері бұрын қолданылған құрылымдар болғанын, шынайы бағасы шамамен 1,9 миллиард теңге екенін мойындады.

Министрліктің түсіндіруінше, құрылысқа кімнің қатысатынын әкімдіктер таңдаған. Бірақ құрылыс нормалары мен сметалық талаптарға жауапты орган — Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі болатын.

Бейбіт Атамқұлов — «Ескі Қазақстан» шенеуніктері арасындағы ең «жолы ауыр» елші саналады. Оның Өзбекстандағы елшілік қызметке ауысуы — іштегі саяси қысымды азайтып, тыныш орта табудың бір жолы іспетті.

Фото: gov.kz

 Мәди Атамқұлов — Сербия

Елші қызметін тек Бейбіт Атамқұлов қана емес, оның туған бауыры Мәди Атамқұлов та атқарып жүр. Ол да кәсіби дипломат, қазіргі таңда Қазақстанның Сербия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі. Бұған дейін, 2015–2021 жылдары, Мәди Атамқұлов Қазақстан президентінің протокол қызметінің басшысы болған.

Фото: Валерий Шарифулин / ТАСС

Иманғали Тасмағамбетов — Ресей, ҰҚШҰ

Осы адамдардың ішінде елге танылған, жан-жақты шенеуніктің бірі Иманғали Тасмағамбетов. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы танымалдық оның саяси мәнсабына нүкте қойған.

2017 жылдың ақпанында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Тасмағамбетовті Ресей Федерациясына елші етіп тағайындады. Ол кезде Назарбаев «Тасмағамбетовтің жеке өтініші» бойынша осы шешімге келгенін айтып түсіндірген еді. 2019 жылдың желтоқсанында ол зейнет жасына жетуіне байланысты қызметінен босатылды. Саясаттанушылар бұл тағайындауды – ел ішіндегі беделі зор саясаткерді биліктен алыстату және оның ықпалын әлсірету үшін жасалған «ақырын шеттету» деп бағалады.

Алайда бұл дипломатиялық «үзіліс» Тасмағамбетов үшін не толық саяси шетқақпайлау да, не жаңа өрлеу де бола қойған жоқ. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы қызметін атқарып келеді. Осылайша ол халықаралық деңгейде «үлкен саясатқа» қайта оралғанымен, Қазақстанның ішкі саяси өміріне нақты ықпал ете алмай отыр.

Фото: gov.kz

Нұрлан Онжанов — Германия

Нұрлан Онжанов ұзақ жылдар бойы Президент Әкімшілігінде қызмет еткен беделді тұлға. 2014–2022 жылдары ол Президенттің көмекшісі әрі Президент Әкімшілігі басшысы болды. Бұған дейін де дипломатиялық қызмет атқарып, Даниядағы Қазақстан елшісі болған.

Қаңтар оқиғасынан кейін оны қайтадан дипломатиялық аренаға қайтарып, Германия Федеративтік Республикасындағы Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі етіп тағайындады.

Фото: gov.kz

Мәлік Мырзалин — Грузия

Ақмола облысының бұрынғы әкімі, кейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болған Мәлік Мырзалин 2022 жылдың желтоқсан айынан бері Қазақстанның Грузиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып келеді.

Оған қатысты қылмыстық істер тіркелмеген. Бірақ облыс әкімі кезінде атқарған жұмысына байланысты сын-пікірлер айтылған. Дегенмен ондай сын қазір кез келген әкімге айтылып жатыр.

Коллаж: Orda.kz

Ержан Ашықбаев — АҚШ, Астана

Ержан Ашықбаев — «Ескі Қазақстан» дәуірінде қалыптасып, бірақ «Жаңа Қазақстан» кезеңінде де өз орнын тапқан сирек шенеуніктердің бірі. Кәсіби дипломат, ұзақ жылдар бойы Президент Әкімшілігінде және Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарған.

Даулы оқиғалар мен жанжалда қалып, көзге түспеген. Саяси тұрғыдан алғанда, бейтарап әрі «таза беделді» тұлға деуге болады. Әдетте Вашингтон сияқты ірі мемлекеттер осындай саясаттан тыс дипломаттардың сайланғанын құп көреді.

Алайда 2025 жылдың қыркүйек айының соңында өткен БҰҰ Бас ассамблеясындағы сәтсіз нәтижеден кейін президент Тоқаев оны қызметінен босатты.

Бірақ көп ұзамай, 2025 жылдың қазан айында, Ашықбаев қайтадан сыртқы істер министрлігіне оралып, вице-министр лауазымына тағайындалды.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін, елде билік құрамында үлкен ауыс-түйістер болды. Сол кезде қоғамдағы саяси текетіресті азайту қажет еді. Сол үшін атақ-абыройы бар, бірақ қоғамда әртүрлі пікір тудырған кейбір тұлғалар Қазақстанның шетелдегі маңызды елдеріндегі елшілік қызметтерге, мысалы Мәскеу, Ташкент, Берлин, Тбилиси және Вашингтон сияқты қалаларына жіберілді.

Мұны бір жағынан «құрметті қызметке ауыстыру» деп, екінші жағынан бұрынғы ықпалды шенеуніктерден құтылудың жолы деуге болады.

Автор: Илья Астахов

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар