Елорда әкімі жол сапасын сынға алды

cover

Елорда әкімі Алтай Көлгінов қаладағы жолдардың сапасын сынға алды. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

— Көшелерді тексеру барысы жолдардың сапасына көңілім толмады. Кейбір жолдардың жөнделгеніне әлі 3-4 жыл болмады, алайда жөндеу жұмыстарын қайта жүргізу керек! Тұрғындар шағымдарындағы айтылған жағдайлар расталды. Бейінді басқарманың міндеті тек мердігерлік ұйымдарды анықтау үшін конкурс өткізу ғана емес, сонымен бірге жолдың сапасын, ұзақ уақыт қызмет көрсетуін қамтамасыз ету! Адамдарға қолайлы жағдай жасау, - деді әкім.

Алтай Көлгінов жол - көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына жол шұңқырларын жөндеуді жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ жолдарды орташа жөндеуге кірісу қажеттігін айтты.

— Бейінді басқарма мен жол қызметкерлеріне қойылған талап жоғары, сұраныс та жоғары болмақ! Сапасыз жұмыстар қабылданбайды. Жосықсыз мердігерлерді сотқа беріп, қара тізімге енгіземіз. «Қазавтожолға» ескерту жасалды. Жөндеуде сапасыз материалдарды пайдалануға жол берілмейді, - деп сендірді әкім.

— Асфальтобетон зауытының жұмысын іске қосамыз. Бұл жол жұмыстарының қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Жол құрылысы стратегиялық бағытқа жатады. Қалада өмір сүруге жайлы жағдай жасау маңызды. Былтыр 170-тен астам көше жөнделді. Оның 100-і – елді мекендерде. Биыл да былтырғы көрсеткіштен кем түспейтін жұмыс атқарамыз.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар