Еліміздегі жаңа лауазым: вице-президенттің өкілеттік ауқымы айқындалады

cover Фото: gov.kz

Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа аясында вице-президент мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындау ұсынылып отыр, деп хабарлайды Orda.kz  Конституциялық соттың баспасөз қызметіне сілтеп.

«Вице-президентті тағайындау президенттің ұсынысы бойынша Құрылтай депутаттарының жалпы саны көпшілік даусымен келісім алу арқылы жүзеге асады. Вице-президентті қызметтен босату президенттің өкілеттігіне жатады», – деді Конституциялық комиссия мүшесі, президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев. 


Ұсынылып отырған өзгеріске сәйкес, вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық қатынастарда Қазақстан Республикасының мүддесін білдіреді, сондай-ақ мемлекет басшысы атынан Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Сонымен қатар вице-президент президент атынан Қазақстанның және шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми әрі мәдени-ағартушылық ұйымдарымен байланыс орнатады. Оның өзге де өкілеттіктерін президент өзі айқындайды.

Вице-президент институтын енгізілсе Конституциядан мемлекеттік кеңесшіге қатысты нормаларды алып тастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ осы лауазымға үміткерге қойылатын талаптарды конституциялық деңгейде бекіту ұсынылады.

Атап айтқанда, вице-президент өкілді органның депутаты болмауы, өзге де ақы төленетін қызмет атқармауы немесе кәсіпкерлікпен айналыспауы тиіс. Өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде ол саяси партияның мүшесі болмауы қажет.

Ержан Жиенбаев мұндай тәсіл саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдай қамтамасыз етуге бағытталған саясатқа толық сәйкес келетінін атап өтті.

Еске салсақ, биылғы 20 қаңтарда Қызылордада өткен Құрылтайда президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылса сайлау екі ай ішінде өткізілетіні, сонымен қатар  вице-президент лауазымы енгізілетіні туралы Тоқаев айтқан болатын.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар