Елбасының күш-жігерінің арқасында ірі нысандар бой көтеруде – Тоқаев

cover Фото: Мухтар Холдорбеков / Reuters

Қасым-Жомарт Тоқаев «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС-не қарасты Ақтоғай кен байыту кешеніне барып, ондағы екінші кен байыту фабрикасын пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Бұл кеніштің мыс өндіру жөнінен әлемдегі ірі кен орындарының қатарына қосылуына мүмкіндік берді.

Бұл туралы Orda.kz Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Тоқаев кешенді аралап көру барысында «KAZ Minerals Aktogay» компаниясы жұмысының негізгі көрсеткіштерімен танысып, кен өндіру процесін көрді. Содан кейін Мемлекет басшысы жаңа сульфид фабрикасының жұмысын бастауға ресми түрде рұқсат берді және кәсіпорын қызметкерлерінің алдында сөз сөйледі.

– Мен Жолдауымда былтыр индустрияландырудың 10 жылдығында өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі алғаш рет тау-кен өнеркәсібінің үлесінен асып түсіп, 13 пайызға жеткенін айтқан едім. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны сақталып, шамамен 6 пайызға жетіп отыр. Индустрияландыру картасы аясында 12 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 120-дан астам жаңа өндіріс іске қосылды. Жыл соңына дейін «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заң қабылданады. Жалпы біздің міндетіміз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есе, ал еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру. Ол үшін бізге Индустрия 4.0 элементтері бар әрі өнімдерін экспорттайтын заманауи кәсіпорындар қажет. Жаңа кен байыту фабрикасы осындай талаптарға сай келеді, – деді мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде кәсіпорын қызметкерлерінің ел экономикасын дамытуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы жаңа фабриканы іске қосудың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан тиімді тұстарын айтты.

– Өңделген өнімнің экспорты артады. 700 жаңа жұмыс орны ашылып, салықтан бюджетке қосымша 80 миллион доллар кіріс кіреді. Комбинат Шығыс Қазақстан облысындағы жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысына, білім беру және емдеу мекемелерінің жабдықталуын жақсартуға белсенді атсалысады. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің лайықты үлгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның бірегейлігін атап өтіп, кешен басшылығының әлеуметтік жауапкершілігін жоғары бағалады.

–  Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың күш-жігерінің арқасында елімізде индустрия саласында осындай ірі нысандар бой көтеруде. Мұндай нысандар өнеркәсіптің мәнін түсінетін әлемдік және индустриялық қоғамдастықтардың жіті назарында. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілікті сезінуінің айқын дәлелі. Комбинат басшылығына әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерге баса мән бергені үшін алғыс білдіреміз, – деді Президент.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар