Ел болам десең ҰБТ-ыңды түзе

cover

Айтыла – айтыла діңкеңді құртатын дүниелер бар. Соның бірі жылдың жыры – ҰБТ. Сапаға айналмаған сан жеме-жемге келгенде сан болудан қалады. Бойға емес ойға, білекке емес білімге қарайтын заманда жас түлектеріміздің ҰБТ-ға дайындықтары қалай? Көпшіліктің көкейіндегі көкейтесті сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Ұлттық Біріңғай тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұловпен байланыс орнатқан едік:

Тілші: Дидар мырза, 2021 жылы ҰБТ қалай өтіледі? (компьютермен тапсырулары туралы толығырақ мәлімет берсеңіз)

Дидар Смағұлов:

2021 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу заманауи прокторинг пен бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етілген электронды форматқа өтеді деп жоспарлануда. Осы ретте жаңа форматқа ауысудың артықшылықтарын атап өткен жөн болар. Яғни қандай тиімді тұстары бар екенін түсіндіре отыра:

1)  Бақылаушыларды іссапарға жіберу шығындарын азайту есебінен бюджет қаражатын үнемдеу (Министрлік өкілдері);

Анықтама: Жыл сайын тестті бақылаушы комиссия мүшелеріне тестілеудің әділ өтуін қамтамасыз ету үшін миллиардтаған қаржы бөлінеді. Комиссия мүшелерінен:

  • телефонның бар екенін білдіріп шиқылдаған аппараттың дауысын естімеген сыңай танытып, тестілеуге кіргізіп жіберген;
  •  глушительді уақытша сөндіріп, оқушылардың тыйым салынған заттарды қолдануға жағдай жасаған;
  • пара алған сынды бірнеше заңға қарсы істер әшкереленген. Осы орайда, мемлекет тарапындағы миллиардардың желге ұшатындығын ескере келе, мұндай рәсім енді заманауи прокторинг пен бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етілген электронды форматқа өтпек.

 Дидар Смағұлов:

 2)  Тестілеу күнін түлектердің өздері таңдау мүмкіндігі;

3) Тестілеу уақытын үнемдеу: жауап парағының шеңберлерін бояудың орнына тестіленуші пернелерді басуы керек;

Анықтама: Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға жалпы 3 сағат 50 минут берілетін. 2017 жылғы енген жаңа форматтағы 140 сұрақтың жауабын жауап парағына белгілеу үшін кемінде 30 минут кетеді. Ал 2021 жылғы өзгертулерде осы уақыт мәселесін тиімді ету қарастырылған. Егер жаңа өзгертулер алдағы уақытта күшіне енетін болса, жас түлектерге ҰБТ-ны тапсыруға 220 минут беріледі. Себебі, компьютермен тапсырылатындықтан пернетақтаны басу пәрмені небәрі 1-2 секундты құрайды.

Дидар Смағұлов:

4) Алдыңғы тест тапсырмаларына таңдалған жауаптарды қайта өзгерту мүмкіндігі;

Анықтама: бұрындары жауап парағына қате нұсқа енгізіп, қаламмен бояп қойсақ, оны түзету қиынның қиыны болатын. Қате бояу салдарынан нәтижелерінің қате шығатынын біліп, апелляцияға өтініш тастаған, немесе «төмен балл алатын болдым!» деп, эмоцияға ерік берген талай оқушылардың көз жасын көргенбіз. Осындай жағдайлардың алдын алған жаңа өзгертулерде белгіленген қате жауапты қайта өңдеуге мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, сіз қате жауап енгізген болсаңыз, қайта сол сұрақты таңдап, жауапты өзгерте аласыз. Ол да небәрі 1-2 секунд уақыт алады.

Дидар Смағұлов:

5) Тестілеу нәтижелерін өңдеу кезінде кездесетін қателерді болдырмау, яғни жауап парағында боялған немесе жартылай боялған жауаптарды сканердің дұрыс оқымауы, жауап парағын толтыру барысында басқа секторлардың боялып кетуі және т.б;

Анықтама: әр жылғы тест тапсырушылардың жыры - жартылай боялған жауаптарды сканердің дұрыс оқымауы. Жоғарыда атап өткенімдей, жауап парағына нұсқаларды белгілеуде түрлі проблемалар орын алатын. Шеңбер ішін бояуда қалам сиясынан мәселе туындаса, немесе толық боялмаса сканер оны дұрыс оқымайтын. Кейде тіпті пәндердің жауаптарын ауыстырып та алатын сәттер жоқ емес. Әрі әр шеңберді бояу бірнеше секундтар аралығынан минуттарға дейін уақыт алады. Осы орайда пәрменмен жауапты таңдау ең тиімді тәсіл болмақ.

Дидар Смағұлов:

6) Тестіленуші бойынша қате толтырылған деректерді түзету, тестілеу тапсыру тілін, пәнін ауыстыру мүмкіндігінің болуы;

Анықтама: орыс тілді мектептер үшін қазақ тілінде, қазақ тіліндегі мектептерде орысша тапсыруға мүмкіндік ашылған. Айта кетсек, тест тапсырушы тестілеудің тілін өзі таңдап, өзіне комфорт жасай алады. Сонымен қатар, ҰБТ күні таяғанда таңдау пәндеріне сенімсіздік танытып, дәл тест күні пәндерін ауыстыратын оқушылар да жиі кездесіп жатады. Осындайда, тест тапсырушы таңдау пәнін ауыстыра алады.

Дидар Смағұлов:

7) Тестілеу аяқталғаннан кейін тестіленушінің нәтижесін бірден беру;

Анықтама: 11 жылдық білімнің нәтижесін 220 минутта тапсырып шыққан оқушы тесттің жауабын алуы үшін сағаттап кештің батуын тағаты таусылғанша күтетін. Ал жаңа өзгерту бойынша тесттің жауабын тестті тапсырып болған сәтте бірден біле алады. Яғни, тестті аяқтау пәрменін басқанда, тест жауабы экранда көрсетілетін болады.

Дидар Смағұлов:

8) Тестілеу аяқталған соң 30 минуттың ішінде апелляцияға өтініш беру мүмкіндігінің болуы;

Анықтама: оқушы тест нәтижесін алғаннан кейін: қорытындыға көңілі толмаса, дұрыс жауап белгілегеніне сенімді болса, тестілеу сұрақтары ішінен қате байқаса - 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады.

Естеріңізде болса, Асхат Аймахамбетов сұрақтардың мазмұны әлі де көңілінен шықпайтынын, сонымен қатар сұрақтардың басым бөлігінің әлі де қажетсіз фактілерді жаттап, есте сақтауға бағытталғанын айтқан болатын. Осы орайда жаңа форматтағы сұрақтардың санынан сапасына мән беріп, тест сұрағын түзетіп отыратын түрлі пысық оқушылар алдында ұятқа қалмауларын ескертті.

Дидар Смағұлов:

9) Тестілеу өткізу барысын тұрақты бақылау (бейнебақылау камералары, ахуалдық орталық, жеке тұлғаны сәйкестендіру);

Анықтама: бұрындары тест тапсыру барысында бірнеше бақылаушы бір бөлмені толықтай қадағалауға алатын. Бұл қозғалыс баланың психологиясына тікелей әсер етуі салдарынан оқушылардың ойы бөлініп, біліп тұрған оңай жауаптарды ұмытып қалып отырған. Ал жаңа форматта бақылаушылардың баланың ойын бөлулеріне жол берілмеу қарастырылған. Алдымен тест тапсырушы бөлмеге кіргенде өзіне тиесілі компьютердің алдына жайғасады. Арнайы программа арқылы экраннан өзінің жүзін сканерден өткізіп, аты аталған оқушы екендігіне сенім бере алады. Сканер оң нәтиже беріп, сол оқушының өзі екенін растаған соң барып, тест басталады.

220 минут бойы оқушы онлайн бақылауда болады. Яғни, компьютердегі арнайы камера арқылы бақылаушылар назарында отырады.

Тест тапсыру барысында ғаламтор желісі толықтай істен шығады. Тек қана ҰБТ тапсыру пәрменінің жүзеге асуына ыңғай келтірілген. Қосымша көмек ретінде: химиялық элементтер кестесі мен калькулятор қолдануға рұқсат беріледі. Егер тест тапсырушы экран алдында қандай да тыйым салынған затпен ұсталынса, оқушы ҰБТ-дан шығарылып, оның тест нәтижелері жарамсыз деп табылады.

Тілші: 2017 жылғы енген ҰБТ-ның форматына (140 балл)  2021 жылы өзгерістер енеді ме?

Дидар Смағұлов:

2021 жылғы ҰБТ-ның форматына өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бірақ тест тапсырмаларының жалпы саны мен максималды балл саны өзгермейді.

Тілші: Карантин режимі жас түлектердің ҰБТ-ға дайындықтарына кедергі келтірмей ме?

Дидар Смағұлов: Карантин режимі түлектердің ҰБТ-ға дайындықтарына бірқатар өзгерістер енгізді. Бірақ, Ұлттық тестілеу орталығының ресми testcenter.kz сайтында онлайн байқау сынағы қолжетімді. Сонымен қатар, жергілікті филиалдарымызда барлық пәндер бойынша оқу-әдістемелік құралдар мен байқау сынағының сұрақ-кітапшалары бар.

Тілші: Бір сұхбатыңызда “Тест сұрақтарын əзірлеген əр пəннің мұғалімдерінен Youtube каналы бойынша тегін сабақ алуға болады” деген екенсіз. Бұл қаншалықты тиімді, әрі ол қандай каналдар?

Дидар Смағұлов: Түлектерді даярлайтын онлайн курстар бойынша ақпаратты Ұлттық тестілеу орталығы таратпайды, себебі олардың барлығы коммерциялық ұйымдар.

Еліміздегі ахуалды назарға ала отыра, республика бойынша барлық аймақтарда филиалдары орналасқан Qazbilim, Educon (Достық) сынды ірі білім беру орталықтарынан ақысыз түрде онлайн сабақтарды ұйымдастыруды жөнінде ұсыныс түскен соң, біраз ойланып, аталмыш ұсыныстың балаларға әкелер пайдасы мол болатынын ескере келе, оны қабылдауға бел будық. Қазіргі таңда, пәндер бойынша онлайн сабақтарымызды YouTube арналарымызда ұсынудамыз.

Иә, еліміздегі карантин режимінің талаптарын орындап, сақтану шараларын жүзеге асыру мақсатында, дайындық орталықтарының басым бөлігі дәстүрлі дайындықтан онлайн форматқа көшті. Онлайн форматындағы дайындықты күшейту үшін Ұлттық тестілеу орталығы және Educon, Dostyq Bilim, «Qazbilim.tv» YouTube каналдарында сабақтар өткізілуде.

Дегенмен, нақты формат бекітілген кезде ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының testcenter.kz ресми сайтында және әлеуметтік желі парақшаларымызда ұсынылады.

2021 жылғы жаңа өзгертулер қарқыны осындай. Ал жаңа өзгертулердің арқасында 2500-ге жуықтаған тыйым салынған заттарды 0-ге түсіре аламыз ба?

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар