«Далада қалдық»: Қажылыққа барған 38 адам және Qazaq umma
7 қаңтарда Qazaq umma турагенттігінен жолдама алып аттанған 38 қазақстандық қажы шетелде қиын жағдайға тап болды.
Orda.kz тілшісі қиын жағдайда қалған қазақстандықтарға хабарласып жағдайын сұрастырды.
Бұған дейін де осы компаниямен аттанған қажылардың 12 күн бойы тентіреп жүргенін, елшіліктің көмегімен елге оралғанын анықтады.
Елімізден аттанған 38 қажы
Қажылардың сөзіне қарасақ, олар турпакетте көрсетілген қонақүйге кіре алмай, алдында кешке дейін күтіп отырған. Компания сабырға шақырып, мәселені шешеміз деген. 2 күн бойы 38 қажы өз қалтасынан тамақтанғандарын айтты.
«7 қаңтар келдік. Таңертең онда Медина қаласына қондық. Ол жерде бізді гид күтіп алып, қонақ үйге апаруы керек. Ол қонақ үй дайын болмай жатыр деген соң мешітке бардық. Содан күтіп жүргенімізде дайын болды деді. Оған барсақ, дайын болған түгі жоқ. Ақшасы да аударылмаған. Сөйтіп қонақ үйде, ресепшннің алдында кешкі жеті-сегізге дейін отырдық. Не жейтін тамақ жоқ. Гид де бір келіп, бір кетіп жүрді. Ол бірден: «Менің қолымнан түк келмейді» деп айтты. Жеті-сегіздерде «Тағы бір қонақ үй дайын тұр екен» деген соң, сонда бардық. Ол жерде де дәл сондай. Ештеңе дайын емес, ақша аудармаған. Сол жерде түнгі бір жарымға дейін отырдық. Содан кейін үшінші қонақ үйге алып келді. Екіге таяу орналастырды. Бірақ орналасып жатқанда түскі он екіге дейін ғана боласыздар деп ескертті», — деді қажылардың бірі Бекен Ерхат.
Сонымен қатар, оның сөзінше, бұл компаниядан бұған дейін де зардап шеккендер бар екен. Бекен Ерхат сол жерде олармен жүздесіп қалғандарын айтты.
«Бізге дейін келгендер де біраз қиындық көрген. Кеше қонақ үйде күтіп отырғанымызда екі әйел адам келді. Зарын айтып, бұл компанияға сенуге болмайды деді. Он күннің ішінде бітіп, қайта ұшып кетуі керек болған. Қайтарға билеттерін де алмаған. Кеше он екінші күн Дубай арқылы әйтеуір ұшып кетті. Сол он екі күн ішінде біраз қиындық көрген. Қонақ үйде тамақ бермеген, таңғы ас берсе, кешкі ас бермей қорлық көрдік дейді. Олар әбден ашынып кеткені көрініп тұр. Кеше гид 10 күні Меккеге қарай шығамыз деген. Меккедегі қонақ үйіміз дайын ба, билетіміз бар ма деп сұрасақ, оған ешкім жауап бермейді. Чатымыз бар еді, соған жазсақ жауап бермейді. Жауап бергендері бір-біріне лақтырады. Тек уәдемен қатырып жатыр», — деді Бекен Ерхат.
Ол компания қазір отельге орналастырғарын айтты. Қазір қажыларды сол қонақ үйден де шығарды. Ресепшнде басқа жерге орнатады деген соң күтіп отырғандарын айтты.
Qazaq umma не дейді?
Ал Qazaq umma компаниясының instagram парақшасында өкілдері қазіргі таңда клиенттердің қиындықтарын шешкендерін айтып бейнежазба жариялады. Олардың сөзіне қарасақ, бұл жаңа жылда авиабилеттерді алу, отельдерге хабарласа алмау секілді мәселелерден туындаған. Бұған дейін 10 мыңға жуық қажыны аттандырғандарын айтым бұл жағдайға байланысты мәселе екенін түсіндірді.
«Бұл жағдай орнамай тұрып біз бір күн бұрын қажыларымызға хабарласқан болатынбыз. Басқа күнге ауысатыны туралы немесе ақшаны қайтарып беретіміз жөнінде. Себебі бізге де ұшақтарымыздың ұшпайтыны туралы хабар келген болатын. Біз хабарды ала салысымен «қай күнң ұшыра аламыз?» деген сұраққа жауап іздеп бастадық. Еліміздегі жаңа жылдық демалыстарға байланысты ешқандай авиакомпаниялардан жауап ала алмадық. Барлық авиакомпаниялар қаңтардың жетісі күні нақты жауап белгілі болады деп айтты. Егерде біз 7 күні ұшыратын болсақ, қажыларымыздың тарапынан үлкен наразылыққа тап болатынымызды білдік және қымбат болатынына қарамастан басқа жерлерден билеттер іздей бастадық. Біз болып жатқан бар мәселелерді өз қаржымызға жеткізуге тырыстық. Дәл осы сәтте жығылғанға жұдырық демекші, Меккедегі бір тобымыз жаңа жылда адамдардың көбеюіне байланысты қажыларды қонақ үйге орналастыра алмай қалды. Сабыры таусылған қажыларымыз 2Gis қосымшасындағы мекенжайымызға наразы пікірлерін қалдыра бастады», — деп мәлімдеді компания.
Компания елдегі наразы қажыларға ақшаларын қайтарғанын, ал Меккедегі қажыларды орналастырғандарын айтты.
Оны көрген елдегі енді ұшатын қажыларымыз уайымдап, 82 қажы офиске жиналып, наразылықтарын білдіріп келді. Сенімсіздік білдірген 82 қажы «ақшамызды қайтар» деп талап қойды. Біз келісімін алған қажыларымызды басқа күнге ауыстырып, наразылық білдірген қажыларымыздың ақшасын қайтарып бердік. Арасына бір күн салып ақшасын қайтарып берген күннің өзінде әлеуметтік желілердегі жағымсыз видеолар мен жағымсыз пікірлер сол қалпы қалды. Меккедегі қажыларымыз әдеттегі уақыттан көп күтсе де, қонақ үйге кірді. Елдегі қажыларымыз ақшаларын қайтарып алды. Басқа күнге ауыстыратын қажыларымызды сол күнге тіркеп қойдық. Ал біз өз жұмысымызды жалғастырамыз», — деді Qazaq umma компаниясының өкілі.
Orda.kz тілшісі кеш батқан соң Меккедегі қазақстандық қажыларға хабарласып жағдайын сұрастырды. Олардың ақыры үшінші күні қонақ үйге орналасып, кешкі астарын ішіп жатқанын анықтады.
12 күн бойы тентіреген қажылар
Orda.kz бұл компанияға ақша төлеп, 12 күн бойы өзге елде қалып, елшілік арқылы елге оралған әйелге хабарласып көрді. Олар жалпы 95 қажы болған. Оның сөзінше, уәде етілген қонақ үйге әртүрлі рейстермен 95 адам Мекке жеткен. Алайда қонақ үй «сіздерге ақша төленбеді» деп кіргізбеген. Сонымен қарт кісілер, емізетін баласы бар жас аналар бар топ, қонақ үйдің иесінің аяғанының арқасында дәліздерге, дивандарға ұйықтаған. Төленді деп кіргізген күннің өзінде, тамақтарын бермеген. Кейіннен күнде түскі 2-де қонақ үйден шығыңыздар деп қызметкерлер келген. Қажыларға араптарды «қазір кешке дейін төлейді» деп көндіруге тура келген. Жалынып-жалбарынып жүріп тамақ ішуге мәжбүр болған. Мұндай жағдайға тап болған соң, қажылар Qazaq umma өкілдеріне қоңырау шалып, жанталаса хабарласа алмаған. Олар телефон көтермеген. Көтерсе де, сабырға шақырып, реттейтіндерін айтқан. Жағдай оңалмаған соң, 26 желтоқсан аттанған 95 қажы бір қонақ үйден басқасына ауысып, соңында араптарға күні қарап қалған соң, елшілікке хабарласқандарын айтты. Осылай елшіліктің көмегімен елге оралыпты.
«Біз Стамбұл жақтан келдік. Трансферге отырайын деген кезде бізді трансфер күтіп алған жоқ. 5 кісіні 5 чемоданымен гидпен қосқанда 6 адамды бір таксиге отырғызбақ болды. 5 сағатта тікелей рейспен ұшатын жолды біз бір күн жүріп бардық. Дегенмен біздің айқай шуымызбен гид трансфер тапты. Енді қонақ үйге барамыз десек, сіздерге уәде берілген қонақ үйге бара алмайтын болдық. Ол жер бізді қабылдап жатқан жоқ. Ол жер толы екен деп басқа бір қонақ үйге апарды. Ол қонақ үй Аль Харам мешітінен 3 шақырым алыс орналасқан. Ол деген сөз автобуспен 15 минут барып келу керек деген әңгіме. Ол ешқандай люкс пакетіне жатпайтын жағдай. Олар бізді қажылар 1-2 күн сабыр ете тұрыңыздаршы өтініш деп, «ертең сіздерді айтылған қонақ үйге апарамыз, бүгінше осы жерге түнеңізші» деп бізді Виолетта деген қонақ үйге апарды. Виолетта деген отель 3 жұлдызды ма, білмедім. Біз де жарайды, «умраға келдік қой, сабырға келейік. Алланың бір сынағы шығар. 1-2 күн әркімде болады ғой енді деп қонсақ қонайық» дедік. 2 күннен соң «бізге уәде еткен адреске апарыңыздар» дедік. Ол кісілер сылтау тауып, бізді апарудан бас тартпақ болды. Біз үлкен жиналыс жасап, шағым жасап, өзіміздің қазақ елімізге және елшілігімізге хабар беретін болдық. Бірақ дегенмен олар «болды кешіріңіздер, ертең міндетті түрде шығасыздар» деді. Ертеңіне сол қонақ үйге жолға шықтық. Жол тартқанымызды қайтейік. 1 күн біз холда жаттық. «Ақшаларыңыз түспей жатыр» деп жайғастырмады. Өздеріңіз білетіндей қонақүйге ақша түспесе, таңғы ас та жоқ, кешкі ас та жоқ. Біздің топта 95 адамның ішінде жас балалы қажылар болды. Бала емізетін көп қажылар болды. Қарт кісілер өте көп болды. Денсаулығы нашар қыздар көп болды. Көп кісілер соңғы ақшасына, жиып-теріп, қарызданып қауғаланып барған кісілер болды. Мысалы ол кісілерге шығып бір жерден тамақ жей салу оңай болған жоқ. Бір күн бойы сол қонақ үйді күттік. Түнге қарай бізді әрең жайғастырды. Жайғасқаннан кейін бізде құдайдың құтты күні 5 күннің ішінде 2 күніміз Виолетта күнінде өтіп кетсе, ал мына жерде күнделікті біздің ресторанымыз тамақ бермейді. «Тамақ төленбеген» деп. Не деген қорлық?!. Біз қажылар 95 адам келіп, ресторанға басымызды иіп, бейшара болып, тамағымызға кіре алмай тұрдық. Сол кезде араптардың айтқан сөзін естісеңіз. Айтуға дәтім бармайды. «Сіздер қайда қарап жүрсіздер. Компанияны осылай істеу керек қой» деді, біз араптардың сөзіне қалдық. Намысымызға келді. Қазақ болғанымыз үшін, Қазақстаннан барғанымыз үшін. Күнделікті тамаққа осындай проблема болды. Тамақ сағат 10-да бітеді, 9 жарымда жазады. Ал қажылар тез тез тамақтанып алыңыздар деп аяп береді. Бұл не деген қорлық?!. Кейбір әжелер ұйықтап қалады. Кейбір әжелер құлшылық жасаймыз деп мешітке шығып кетеді. Бір 15-20 минут береді. «Барыңыздар енді тамақтануға» деп. Сонымен 3 күнімізді солай қонақ үйде тамақпен алысып, өз төлеген тамағымызды іше алмай, ішсек те оны тілеп алып, сұрап алып, жалынып алып ішіп, Медина қаласына келдік. Біздің пакетте Мединаға тікелей пойызбен келу келісімшарт бойынша қарастырылған болатын. Бірақ бізді сіздердің барлықтарыңызды біз пойызға мінгізе алмаймыз деп автобуспен сандалтып жіберді. Мединаға бір түн автобуспен сандалып жүріп бардық. Сол күні түніміз автобуста өтті», — деді қажы.
Ол Мединаға келген соң бәрі оңалады деп үміттенгендерін айтты. Алайда ары қарай да дәл солай тамақ сұрап, қонақ үйлердің дәлізінде түнеуге мәжбүр болғандарын айтты.
«Енді келіп Мединадағы уәде еткен қонақ үйге жайғасамыз деген үмітпен келе жатқанбыз. Тағы да бізді өздері уәде еткен қонақ үйге емес басқа бір қонақ үйге апарып тастады. Ол қонақ үй болса тағы да бізді «ақша түспеген, Qazaq umma ақша төлемеген» деп кіргізбеді. Біз бір кеш, бір түн күтіп, ертеңгі 11-ге таман ғана «ақшаларыңыз түсті жайғасуларыңызға болады» деген жауап алдық. Ойлаңыздаршы, сонда бір тәуліктей қажыларымыз 95 адам, қарияларымыз бар қонақ үйдің бұрыш-бұрышында, қуыс-қуысында, дәлізінде, жерінде, қарт кісілер орындықтарда төрт бүктеліп ұйықтадық. Сол қонақ үйдің иесіне мың алғыс! «Жарайды, көшеде жатпайсыздар ғой. Болмағанда осы қонақ үйдің дивандарында, этаждарында жатуға рұқсат» деп сол кісілер рұқсат берді. Қандай намыстанатын жағдай?!. Сондықтан біз қатты қиналдық. Ертеңіне сол қонақ үйге ақша төленді. Төленгеннен кейін тағы да кешке сол жағдай. «тамақтарыңызға ақша төленбеген, сіздердің жатуға ғана ақшаларыңыз төленген» деп. Ресторанмен қайтадан алысумен болдық. Бастапқы 1-2 күнде кешірек болса да тамағымызды беріп жүрді», — деді қажы.
Сонымен қатар қажы кетерге таяп, қонақ үй қызметкерлеріне «қазір төлейміз деген» деп айтуға мәжбүр болғандарын айтты.
Біз ол қонақ үйде тыныш жата алмадық. Күнде 2 де «нөмірді босатыңдар» дейді. Біз деген Qazaq umma-ға қоңырау шалып, жаза бастаймыз. Олар телефонды алмайды. Сонымен араптарды қуумен болдық. Сонымен түскі астан кешке дейін, «қазір бізге төлеуі керек болған» деп жалынып жүріп қаламыз. Содан кейін өз ұйымымызбен сол жерде қалдық. Қайтатын уақыт та жақындады. 6 қаңтар қайтуымыз керек болған. Бізге не билет жоқ, не төленген қонақ үй жоқ. Біз қалдық. Жартысын жіберді. Жарты адамымыз қалдық. Содан Жидда қаласындағы Қазақстанның өкіліне жазуға мәжбүр болдық. Ол елшілікке рахмет. Себебі біздің Qazaq umma телефон алған жоқ, гидіміз өз атымен жоғалып кетті», — деді 26 желтоқсан ұшқан бір қажы.
Ол елшіліктің арқасында үнемі хабар алып отырып, билет алдырып, 6-сы ұшуы керек болған ұшағына 8 қаңтар күні отырғандарын айтты. Қазақстанға 9 күні оралған екен.
«Сонымен уақытымыздың бәрі осылай кетті. Алла Тағалам енді қиын жолмен болған құлшылықты қабыл етемін дейді. Қабыл етсін. Бәріміз де сол ниетпен бардық. Бірақ ең көңілге тиетіні — мына кісілер бізден алған уәделерінде тұрған жоқ. Біз алысумен болдық. Өз құқығымызды талап етумен болдық. Өз қонақ үйімізді жалынып сұраумен болдық. Өз төлеген ақшамызды жалынып ішумен болдық. Өзге елде қазақ еліміз үшін 95 адам ана жерде жерге қарап, соңында тіпті рестораннан барып тамақ сұрап ішуден ұялып, басқа жерден ақшамызға алдық. Бірақ ол жерде барлық қажылардың жағдайы жететіндей емес қой. Кейбіреуі бала-шағасы алып берген. Ішінде бәрі бар деп жіберген шығар. Кейбіреуінде жағдай жоқ шығар, кейбіреуі соңғы ақшасына келген соңғы құлшылығы шығар, біреудің бірінші құлшылығы шығар... Осындай қасиетті жерге барып, осылай аяқ асты болып тапталғанымызға өте өкініп, қапа болып қайттық. Бұл жалғыз біз емес 2 қаңтар күні барған кісілерде хабарласып көшеде қалғанын айтып, бізден хабар алды. Біз кететіннен 1 күн бұрын дәл осы Qazaq umma-дан жолдама алып келген қазақтар қонақ үйде толып жатты. Жанымыз ашығаннан барып тамағымыз бен суымызды алып шығып бердік», — деді қажы өз оқиғасын баяндап.
Тілшіміз кейінгі барған 38 адамның тобына хабарласып олардың жағдайын сұрастырды. Қазір оларды қонақ үйге орналастырып, тамақтарын беріп жатыр екен. Orda.kz бұл мәселені өз назарында ұстайды.
Жаңалықтар
- Оңтүстік Қазақстандағы кәсіпкерлерді жылдар бойы қорқытып келген қылмыстық топ
- Көлік қыздыруға бес минут жеткілікті- экология министрі
- Маңғыстауда қаза тапқан сарбаз Марат Барқұловтың ісі бойынша бірнеше әскери жазаланды
- Шымкент антикорының бұрынғы орынбасарының соты қаңтарда болады
- Қайырымдылық қордың атын жамылған қылмыстық топ сотталды
- Маңғыстауда мектеп оқушысын ит талап тастады
- Сәкен Бибосынов бокстан ұлттық құрама сапынан шығып қалды
- Фитнес-жаттықтырушысын зорлау: аппеляциялық сот кейінге қалды
- Шерзат ісіндегі маңызды кезеңдердің бірі аяқталды
- «Сатираға байланысты емес»: Полиция QazNews24 паблигінің авторы не үшін қамалғанын айтты
- Қарақалпақ белсендісі неге өз еліне экстрадицияланды?
- Жұмыссыздық: Бүйрегін 9 млн теңгеге саудаламақ болды
- Жетісу облысындағы сарбаз өлімі: ықтимал себептер айтылды
- Сәтбаевтағы экологиялық жағдай туралы премьер-министрге есеп берілді
- Қызылордада жігіт өз әйелін жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды
- «Журналистерді босатуды талап етті»: Алматыда тағы бір белсенді пикетке шықты
- Қарағанды облысында жолаушылары бар автобус аударылды
- Сатиралық пабликтің авторын қорғаған тағы бір белсенді ұсталды
- Қонақ үйде өрт шықты: 10 адам мерт болды
- Түркістан облысында 1,9 миллиард теңге жымқырған қылмыстық топ ұсталды