«Құдай өзі кешірсін». Шақалақты «мұздатқышқа салып өлтірген» дәрігерлердің телефон әңгімесі

cover

Кеше, 18 қаңтар күні Атырау облыстық мамандандырылған қылмыстық сотының үкіміне сай, «шақалақты мұздатқышқа салып өлтірді» деген айыппен ұзақ жылға сотталған Атырау облыстық перзентханасының бұрынғы директоры Қуаныш Нысанбаев пен акушер-гинеколог Асқар Қайыржановтың телефон әңгімесі жария болды. Қос дәрігер арасындағы телефон диалогын Youtube желісіндегі «Silk Road» арнасы жариялады.

Арна жариялаған телефон әңгімесінде Асқар Қайыржанов Қуаныш Нысанбаевқа хабарласып, өздері өлдіге санап құжатын толтырып қойған шақалақтың тірі екенін айтады. Үш минуттай сөйлескен қос дәрігер өлді деп толтырылған құжатты қайта өзгертуге болмайтынын алға тартып, аяқ-қолы жыбырлап жатқан тірі шақалақты мұзатқышқа сала тұруға уағдаласады.

https://youtu.be/H6KS88MafKo

Бұл оқиға 2019 жылы күзде болған. Сол жылдың қыркүйек айында Атырау облыстық перзетханасының бес дәрігері «шақалақты мұздатқышқа салып өлтірді» деген күдікке ілінген.

Кеше Атырау облыстық мамандандырылған қылмыстық соты бес дәрігерге үкім шығарды.

Сот облыстық перзетхананың бұрынғы директоры Қуаныш Нысанбаевты 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды 16 жылға, акушер Жамила Күлбатырованы 15 жылға бас бостандығынан айырды. Ал «Қылмысты көре тұра айтпады» деп айыпталған неонатолог-дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабеваға үш жарым жылға шартты жазға кесілді.

Осы істі тергеген құзырлы органның мәліметінше, дәрігерлер жаңадан өмірге келген шақалақты өлдіге санап, құжат толтырып жіберген. Бірақ кейін нәрестенің тірі екені анықталған. Ал дәрігерлер базаға енген құжатты өзгертпеу үшін нәрестені мұздатқышқа салған. Шақалақ содан кейін көз жұмған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар