Чернобыль ардагерлеріне 540 млн теңге төленеді

cover АР-ТВ

Чернобыль ардагерлері 2021 жылы жалпы сомасы 540,7 млн теңге болатын бір реттік төлемдер алады.

Бұл туралы Orda.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, апат салдарын жоюға шамамен 32 мың қазақстандық қатысты. Бұл адамдар ардагерлер ретінде танылып, оларға түрлі әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылған.

– Ардагерлерге басқа мемлекеттік төлемдерге қарамастан арнайы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жеңілдіктері бойынша теңестірілген адамдарға жәрдемақы мөлшері 6,19 айлық есептік көрсеткішті құрайды (2021 жылы - 18 056 теңге). Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне берілетін жәрдемақыға - 7,55 АЕК (2021 ж. - 22 024 теңге).

Сондай-ақ, Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарынан мүгедек болған адамдарға мүгедектікке арналған мемлекеттік әлеуметтік төлем төленеді. Оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне, мүгедектіктің тобына және себептеріне байланысты. Бұл жәрдемақының мөлшері жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің инфляция деңгейінің өсуіне байланысты ұлғаяды, - делінген хабарламада.

Әлеуметтік көмек жергілікті атқарушы органдармен жыл сайын Чернобыль атом электр станциясының құрбандарын еске алу күніне (26 сәуір) немесе басқа даталарға (екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күніне - 9 мамыр) беріледі.

– 2021 жылы жергілікті бюджет есебінен 6055 Чернобыль ардагерлеріне 540,7 млн теңге сомасында 5 АЕК (14 585 теңге) - 70 АЕК (204 190 теңге) мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр, - деп хабарлады министрлік.

2021 жылдың 26 ​​сәуіріне дейін Ақмола, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар (ішінара), Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қалаларында Чернобыль ардагерлері бір реттік көмек алады.

2021 жылдың 9 мамырына қарай - Ақтөбе, Маңғыстау және Павлодар облыстарында және Алматыда көмек беріледі.

Қостанай облысында Чернобыль ардагерлеріне (74 адам) ай сайын 3 АЕК мөлшерінде көмек көрсетіледі (2021 жылы - 8 751 теңге).

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар