Бір есіктің тағдыры һәм қарызға киінетін аудан

cover

Меркі Жамбыл облысындағы халық саны 85 000 адамға жететін, тау бөктерінде орналасқан көрікті аудан. Аудан орталығы – Меркі ауылы.  Тау етегіне жақын орналасқан елді мекеннің аумағы 7,1 мың шаршы шақырым.

14 қыркүйек күні Меркі ауданының тұрғындары мен кәсіпкерлері базар мәселесіне қатысты әкімдік шешіміне наразылық білдіріп, ереуілге шықты.

Orda.kz редакциясының журналисі Меркі ауданына арнайы барып, базар дауы туралы оқиғаның мән-жайын анықтап қайтты.

Аудан әкімшілігіне қарама-қарсы беттен қоныс тепкен базардың тұрғындарға қызмет көрсетіп келе жатқанына ұзақ жылдар болды. Оның өзі Орталық, Хан және Аспара деп үш базарға бөлінеді. Сауда жасап күн көріп жүргендердің саны аз емес. Кейбірі сауда орнын жалға алған, ал енді біреулері базар алдына тауарды жайып тастап, жабайы саудамен айналысады.

Наразылық неден басталды?

Меркі ауданы әкімінің шешімімен базардың кіреберісі орталық есіктен, артқы жағына ауысу керек болған. Алдыңғы есік әкімдік ғимаратына қараған болса, артқысы төбешіктерге қарайды. Ол жер археологиялық аймаққа жатады.

Меркі орталық базарының арты/Археологиялық аймақ. Фото: Orda.kz

14 қыркүйек күні «базар толық жабылып, басқа жаққа көшіріледі» деген ақпарат тараған. Оны естіген мұндағы жұрт бірден даурығып, орталық көшені жауып тастайды. Кейін түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, базардың көшірілмейтіні тек қақпаның бағыты ауыстырылатыны айтылды. Бірақ, бұл шешімді де сатушылар дұрыс емес деп санайды.

Жеке кәсіпкерлер не дейді?

Хан базарында әйелдерге арналған киім сатумен айналысатын Гүлмира Ниязбекованың айтуынша, базардың есігін ауыстыру саудаға тікелей әсер етеді. Себебі халық базардың арғы басынан бергі басына келуге ерінеді. Гүлмираның киім дүкені алдыңғы есіктен кірген кезде алдыңғы қатарда тұр. Осы қақпа жабылса, ол ең соңғы дүкендер қатарына енбек.

– Біздің аудан кішкентай. Есіктің ауысқаны саудаға тікелей әсер етеді. Базар алдындағы қақпаларды жауып, Қарасу жақтағы артқы жалғыз есікті ашқалы жатыр. Адамдар сонау Қарасуға барғанша мына тұрған дүкендерден ала салады ғой. Ол жаққа бармайтыны түсінікті. Артқы есіктен барған күннің өзінде ол жақтағы ескі базарда киім сатады. Демек олар біз жаққа келмейді. Біздің де несиеміз бар, қарызым бар.

Хан базар/Фото: Orda.kz

Сатушының айтуынша, Хан базарының жақында марқұм болған басшысы әкімдік тапсырма берген соң базар алдындағы жабайы сауданы тоқтатқызған.

– Ереуілден кейін полиция өкілдері біздікілерді прокуратураға апарамыз, үйтеміз, бүйтеміз деп қорқытуда. Әкімдіктегілер бір жылға қалдырамыз, бір жылдан кейін есік ауыстырылады деді. Басында әкім бізге «бұл менің жерім, мен мұнда археологиялық саябақ» саламын деді. Бұл жер біреуге тыныштық бермей жатыр. Бізде базар жабылса жұмысқа орналасатын жер де жоқ. Зауыттар тоқтап тұр. Сыра зауыты жабылды, ал қант зауыты жылына 2-3 ай ғана жұмыс істейді, - дейді сатушы.

Гүлмира Ниязбекованың Меркі ауданындағы ақша айырымы «уәде беремін» деп аталып кеткенін айтып, журналистерге «қарыз дәптерін» көрсетті.  

Фото: Orda.kz

– Біздің ауданда бірден есептесу деген өте қиын. Мұндағы ақша айырымы «уәде беремін» деп аталады. Меніің қарыз дәптерімде үш миллион теңгенің қарызы жазылған. Мына есікті жабатын болса жұрт артқы есіктен айналып өтіп, «Гүлмира тәте орталық есік жақта отырады, артқы есіктен кіріп-шығамыз» деп жұрт қарыз беруден қашатын болады. Барлығы таныс болған соң, қарызға береміз. Біздің базар толық жабдықталған. Бізге ешқандай өзгерістің қажеті жоқ, - дейді ол кісі.

Саудагер экс-әкімнің тұсында мұндай жағдай болмағанын, жаңа әкім елдің жағдайын түсінбейтінін алға тартты.

– Бұрынғы әкім осы жақтың тумасы болғандықтан ішкі-сыртқы саясатты түсінетін, жаңа әкім Қордайдан келген, ол сол жаққа барып қазба жұмыстарын жасайды ма өзі білсін. Ақтоғандық әкімі жергілікті болған соң ол аудан үшін барын салып жұмыс істейтін еді.

Әкімдік жауабы

Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев базар қақпасын ауыстыру халық үшін қолайлы шешім деп санайды. Себебі әкімдікке қарсы тұрған базардың алдындағы көлік кептелісі көше тұрғындарына кедергі келтіреді.

– Базар көшіріледі деген шындыққа жанаспайтын дүние. Орталық Торғаев (базар орналасқан көше) көшесі толық бітеліп қалады. Кірген көлік бір сағат тұрады. Тұрғындар кіріп-шыға алмайды. Бала-шаға жүре алмайды. Базарды реттеңдер деп күнде шағым айтады. Сондықтан біз мәселені шеші үшін базардың есігін күнбатыстан ашып, абаттандырып қойдық.

Біз ол жерге қосымша көлік тұрағын жасап, асфальт төсеп болған соң базар басшылығына есікті ауыстыру туралы қосымша өтініш жасаймыз. Өткенде наразылық кезінде мен халықтың ортасында болдым, ол жерге шыққандар «ертең базар жабылады екен деп естідік» дейді. Біз олай еместігін айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік.

Қазір жабайы саудадан орталық көшені тазалап, ретке келтіріп жатырмыз. Біраз адамның саудасы жүрсін деп біз төрт-бес көшенің адамдарына қиянат жасамадық, тиіспедік.

Базар археологиялық аймақтың үстінде орналасқан

Сатушылар базар археологиялық аймақта орналасқандықтан, жабылып қалуы мүмкін екендігі туралы айтқан. Бұл сұрақтың жауабын Меркі аудандық тарихи өлкетану мұражайының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы Сұлтанов Талғат берді.

– Меркі қалашығы ортағасырлық 7-13 ғасырда өмір сүрген. Қалашықтың аумағы шамамен 10 гектар жерді алып жатыр. Қазіргі уақытта оның мемлекеттік актісі жоқ. Бірақ археологиялық мұрағат табылған күннен бастап, ол мемлекет қорғауына алынады, яғни, емлекет қорғауындағы жер боп саналады. Үстінде тұрған үш базар да жалға алынған. Олар жалға алуды екі жылға сайын создырып отырады. Кез келген уақытта келісімшарт бұзылады. 10 гектар жердің бес гектары бос жатыр, жартысында базар тұр. Егер қазба жұмыстары басталса, келісімшартты тоқтап базар ішін қазуды бастап кетеміз. Бізде сондай келісімшарт бар. Қазір қазба жұмыстарына бюджеттен қаржыландыру қарастырылмаған,- дейді тарихи-мәдени ескерткерткіштерді қорғау инспекторы.

Сұлтанов Талғаттың айтуынша, археологиялық аймақта қазба жұмыстары жүргізілген кезде мешіт құрылысы, мыс ыдыстар, сүйектер, жапсырмалар табылған.

Жабайы сауда - екі қолға бір күрек таппағандардың амалы ма?

Жабайы сауда – базар сыртында немесе жол бойында ешқандай салық төлемінсіз тауарды жайып сату. Бұл барлық жерде кездесетін сауданың түрі.

Жабайы сауда жұмыссыздық салдары ма? Orda.kz Меркі ауданындағы осы түйіткілді мәселенің шешімін табу үшін жұмыс беруші зауыттарды аралап көрді.

Аудан бойынша екі ірі зауыт бар. Бірі сыра, ал екіншісі қант өндірісімен айналысады. Қант зауыты бірнеше жылдан бері жылына үш айға жуық уақыт жұмыс істейді. Қант қызылшасы пісіп дайын болды деген кезде теріп алып, содан тәтті шекер жасап шығарады.

Фото: Orda.kz Меркі аудандық қант зауыты

Сыра зауыты 2015 жылдан бастап жұмысын тоқтатқан, оның себебі айтылмады. Жұмыс істемесе де 24 сағат күзет бақылауында тұрған ғимарат жақын уақытта іске қосылатыны белгілі болды. Қайрат Арғынбаевтың айтуынша, сыра зауыты бір жарым айдан кейін өз жұмысын бастайды. Заманында 400-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған өндіріс орнының жұмысы қайта жанданбақ.

Фото: Orda.kz Меркі аудандық сыра зауыты

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ербол Дүйсебаевтың ақпаратына сәйкес, Меркіде жұмыссыздық мәселесі жоқ, қайта жұмыс істейтін маман тапшы.

– Бізде қазір бос вакансиялар бар. Дәрігер анестезиолог, ағылшын тілі, физика, математика, орыс тілі мұғалімдері қажет. Одан бөлек квалификация талап етпейтін құрылысшы, жүргізуші сияқты жұмыстарға жастар бармайды. Себебі жалақылары 42500 теңге. Айлығы аз деп істемейді.

Жазда ауылда мерзімді жұмыстар бар, шөп басады тағы басқалары. Сол үшін жазда жұмысқа ешкім келмейді. Күн суытқан соң келіп жұмыс сұрап жатады. Жұмыс іздеп жүрген қарапайым адамдар көбінесе. Жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 1079 адам болса, олардың жартысы белсенді шараларға тартылған. Мерзімді жұмысқа келіп кетеді, Қоқыс жинау деген секілді мерзімді жұмысқа келіп кетеді, - дейді Ербол Дүйсебаев.

2021 жылы Қазақстанда жұмыссыздар саны екі пайызға артқан. Finprom мәліметтеріне сәйкес, осы жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыз халықтың саны 451,3 мың адам болған. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі пайызға көп. Жұмыссыздық деңгейі жылына 4,8-ден 4,9 пайызға дейін өскен.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар