Жанболат Мамай: Дауыс беруге шақырып жатқандар-биліктің сойылын соғатындар

cover

Мамай Әблязовтың сайлаудағы ұстанымы туралы не дейді?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі кезекті парламент сайлауының мерзімін 2021 жылдың 10 қаңтарына белгілегеннен кейін оппозиция белсенділерінің ұстанымы екіге жарылды. Былтыр қазан айында Демократиялық партия құратынын мәлімдеп, бірақ оны тіркей алмаған оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай өз жақтастарын сайлауға белсенді бойкот жариялауға шақырып жүр. Ал елдегі тағы бір оппозициялық саясаткер, қазір Францияда тұратын Мұхтар Әблязов «Сайлауға барып, ЖСДП-ға дауыс берейік» деген ұстанымда.  ORDA. Мамайдан өздері ұстанған белсенді бойкот ұстанымы туралы және оппозицияның өзге де белсенділері ұсынып отырған «сайлауда ЖСДП-ға дауыс берейік» деген бастама туралы не ойлайтынын сұрап көрді.

Жанболат мырза, парламент сайлауына бойкот жариялаған Демпартия нақты қандай әрекет етеді?

Біз ұстанып отырған белсенді бойкот позициясы – сайлау кезінде учаскеге бармай үйде жату емес. Бұл – бірінші кезекте сайлау күні алаңға шығу. Мақсатымыз – билікті парламент сайлауын заңсыз деп тануға мәжбүрлеу. Өйткені бұл сайлау расымен де заңсыз. Олай деуімнің бірден-бір себебі – қазір миллиондаған азаматта ешқандай таңдау жоқ. Өйткені бұл сайлауға оппозициялық бірде-бір партия қатыспайды. Бұған қоса, миллиондаған азаматтың сайлану құқығы жоқ. Мәжіліске де, мәслихатқа да сайлау партиялық жүйеде өтеді. Жекелеген азамат ретінде ешкім сайлауға қатыса алмайды. Бұл заңға қайшы. Себебі Конституциясында «Елдің әрбір азаматының сайлауға және сайлануға құқығы бар» делінген. Сондықтан сайлау туралы заңға өзгеріс енгізіп, 50 пайыз азаматты можаритарлық жүйе бойынша сайлатуымыз керек. Саяси партияларды тіркеу туралы заңды қайта қарап, жаңа партиялардың құрылуына жол ашуымыз керек. Бұл талаптар орындалмай, Қазақстанда сайлауға қатысудың қисыны жоқ.

Сіз және өзге де оппозиция белсенділері былтыр өткен президент сайлауына да бойкот жариялаған. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған тәрізді. Сайлау заңсыз деп танылмады. Осы жолы да сол сценарий қайталанбай ма?

Меніңше, президент сайлауы кезінде бойкотты қолдаған азаматтар өте дұрыс позиция ұстанды. Ал «сайлауға барып, Қосановқа дауыс берейік» дегендер алданып қалды. Өздері алданып қоймай миллиондаған халықты алдап кетті. Парламент сайлауы туралы айтар болсақ, шын мәнінде халықтың таңдауына ие бола алатын, елдің мүддесін қорғай алатын, халықтың сөзін сөйлей алатын бірде-бір партия жоқ. Сондықтан да алаңға шығудан басқа амал көріп тұрғаным жоқ.

Түсінікті. Ал сайлау күні немесе сайлаудан кейін сіз айтып отырғандай мыңдаған адам алаңға шығып, билікке өз талаптарын орындатуы мүмкін бе?

Әрине, мүмкін. Оған дәлел – Беларусьтегі жағдай. Биылғы жылдың басында Беларусьте митингіге 500 емес, 50 адам да шықпайтын. Ал қазір мүлдем басқаша. Президент сайлауынан кейін мыңдаған Беларусь халқы алаңға шығып, талабын айтып тұрып алды. Қазір Еуро Одақ, Батыс мемлекеттері және демократиялық ұстанымдағы бірде-бір ел Лукашенконы легитимді президент деп мойындап отырған жоқ. Яғни наразы халық өз талабына қол жеткізді. Енді Лукошенко ерте ме, кеш пе биліктен кетуге мәжбүр болады. Бұл жағдай біздің елде де қайталануы әбден мүмкін. Наразы халықтың қай күні мың-мыңдап алаңға шығып кететін ешкім де болжай алмайды.

Оппозиция белсенділерінің кейбірі, оның ішінде Мұхтар Әблязов бастаған бір топ халықты сайлауға барып ЖСДП-ға дауыс беруге шақырып отыр. Бұған не дейсіз?

«ЖСДП-ға дауыс берейік», «Ақжолға, Ауылға дауыс берейік» дегендер тағы да алданайын деп отыр. Оған қоса өздеріне сенетін халықты да алдайын деп отыр. Өйткені ЖСДП және парламент сайлауына қатысайын деп отырған басқа да саяси партиялар – ұжымдық Қосановтар. Былтыр Қосановқа белсенді азамат ретінде дауыс беруге шақырса, осы жолы ұжымдық Қосановқа дауыс беруге шақырып жатыр. Меніңше, парламент сайлауына барып, дауыс берейік деп отырғандар – Қазақстандағы саяси жағдайды жете түсінбейтіндер немесе биліктің сойылын соғатын адамдар. Өйткені парламент сайлауына барып дауыс беруге ешқандай қисын жоқ. Сондықтан тек бойкот жариялаған жөн.

Ал дауыс беруге шақырып жүрген оппозиция белсенділері сіздерді бірігуге шақырмады ма?

Біз сайлау мерзімі жарияланған күні-ақ Әблязовтан да, басқадан да бұрын өз позициямызды айттық. Біздің ұстанымыз айқын, сайлау күні алаңға шығамыз. Ал «ЖСДП-ға дауыс берейік» деген бастама мүлдем дұрыс емес.  Қазақстанда оның ешқандай тиімділігі болмайды. Сайлаудан кейін, 11 қаңтарда менің осы сөзімнің дұрыстығына көз жеткізесіздер.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар