Батыс Қазақстанда ауыл әкімі жол апатынан қаза тапты

cover Фото: gov.kz

Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешов тізгінге ие бола алмай, көлігі шұңқырға аударылып кеткен.

Жол-көлік оқиғасы 23 маусым күні Жәнібек-Таловка жолының 25-ші шақырымында Тау ауылына жақын жерде болған, деп хабарлады «Мой город» .

«Фольксваген Поло рөлінде отырған жүргізуші тізгінге ие бола алмай, көлігі шұңқырға аударылып кеткен. Жүргізуші көлікте жалғыз болған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Мәйіт сот-медициналық сараптамадан өту үшін мәйітханаға жіберілді» деді БҚО полиция департаментінен.

Қайтыс болған 34 жастағы Нұрлыбек Төрешов Тау ауылдық округінің әкімі болған. Оның артында әйелі мен кішкентай төрт баласы қалды.

«Ауылдық округтердің үздік әкімдерінің бірі болды. Оның бойында жақсы қасиеттері көп еді. Бұл орны толмас қайғы. Кеше ғана ол Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған барлық шараларға қатысқан. Көңілді болатын, барлығымен әзілдесетін» деп атап өтті әріптестері.

ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар