«Балаларымды сағындым...»: «Күйеуін пышақтап өлтірді» деген күдікке ілінген әйелдің хикаясы
Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қарабау ауылында тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде «күйеуін пышақтан өлтірді» деген күдікпен қамауға алынған көпбалалы ана Қарлығаш Ермекбаева бостандыққа шықты.
Қарлығаштың кінәсі әлі дәлелденбеген. Десе де бұл оқиғаға байланысты тергеу аяқталмаған. Ол «күйеуім абайсызда жүрек тұсына пышақ сұғып алды» дейді етегі жасқа толып. Үш айға жуық түрмеде жатқан Қарлығаш балаларын бауырына басқанымен оларды Сайрам ауданындағы облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына уақытша қалдыруға мәжбүр. Өйткені тергеу амалдары жүріп жатыр, балаларын алып баратын баспанасы жоқ, тұрақты жұмыс таппаған.
«Оны әлі де өлімге қимаймын»
38 жастағы Қарлығаш – Өзбекстан Республикасы Ташкент облысында туған. Ұлты – қазақ, Өзбекстан азаматы. Білімі – орта. 21 жасында Сарыағаш ауданына келін болып түсіп, балалы болған. 4 жылдан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетіп, ішімдікке салынған күйеуінен ажырасқан.
Ол 17 жылдан бері Қазақстанда тұрады. Өзбекстан төлқұжатын жоғалтқан. Қазақстан азаматтығын алмаған. Қолында құжаты жоқ болған соң тұңғыш ұлын әкесінің қолына қалдырған. Бірақ қазір 15 жастағы баласын абысыны бауырына басқан.
2014 жылы Қарлығаш екінші рет өзінен бір жас үлкен Павел Савельевке тұрмысқа шыққан. Мұсылманша некесін қидырып, бірге өмір сүрген. 39 жастағы Павелден төрт баласы бар. Үлкені – 9 жаста, кенжесі – 1 жасар. Екі күйеуімен де заңды некеге тұрмаған. Балаларының да туу туралы куәлігі жоқ.
Қарлығаш пен Павел бас-аяғы 8 жыл отасқан. Ата-аналары бұл некеге қарсы болған. Бірақ олар ажыраспаған.
Қарлығаш екінші баласын босанғаннан кейін Павел ішкілікке салына бастағанын айтады. Қызғаныштан Қарлығашты қорлап, зорлық-зомбылық көрсеткен. Қолына ілінген затпен қуып, өлтіремін деп бопсалаған.
- Үйленгенген кейін көбіне қорада мал бақтық. Үлкен ұлым 6 жасқа толғанша солай күнкөрдік. Ол кезде ішпейтін. Бірақ қит етсе таяқтың астына алатын. Бір күні қора басында малға ие бола алмай қалдық. Ашуы шығып қабырғаға сүйеулі тұрған күректі алды да маған қарай лақтырып жіберді. Бұғып қалдым. Қаштым, артымнан қуып жетіп тепкілеп тастады. Әлі де малдың иесі келіп қалып, соның ажыратқанынан аман қалдым, - дейді ол.
Қарлығаш «Павелді жақсы көрдім, әлі де өлімге қимаймын» дейді көзіне жас алып. Ол «отбасын сақтап қалғым келді, балаларымды жетім еткім келмеді» дейді. Бірақ күн өткен сайын Павелдің мінезі қиындаған.
Үлкен ұлы мектеп жасына толған соң бұл отбасы Қазығұрт ауданы Қарабау ауылына көшіп келген. Жалдамалы үйде тұрған. Қарлығаштың паспорты жоқ болған соң балаларына туу туралы куәлік берілмеген. Мемлекеттен ешбір жәрдемақы алмаған. Күйеуінің де, өзінің де тұрақты жұмысы болмаған. Амалдың жоқтығынан Қарлығаш емізулі баласы мен бір жасар қызын жанына алып аудандық мешіт пен базар маңдында қайыр сұрауға отырған. Күн жылынғанда күйеуімен бірге дала жұмысына (шабық шапқан, егін еккен) жалданып, жұмыс істеген. Тапқаны тамағынан артылмаған.
2022 жылдың 15 желтоқсан күні Павел үйіне тағы ішіп келген. Әуелі жатып демалған. Түстен кейін мең-зең күйде Қарлығаштан ішімдік тауып беруін талап еткен. Қарлығаш «ішпеші» дегенде әуелі жұдырықпен, кейін асханада тұрған пышақты алып тұра жүгірген.
- Соңғы кезде Павел көп ішетін еді. Үйге боклажкамен арақ әкелетінді шығарды. Үйде қара нан болмаса да, бір жұтым арақ болатын, - деп еске алады Қарлығаш. - Мен сұраған арағын бермедім. Қазір бере салуым керек пе еді деп ойлаймын. Ол соған қатты ашуланды. Әдетте мұндай кезде қашып құтылатын едім. Көрші-қолаңның үйіне тығылатынмын. Бұл жолы ұсталып қалдым. Ас бөлмедегі пышақты алып маған қарай жүгірді. Қаштым. Қорқыныштан жүрегім аузыма тығылды. Тұра ұмтылғанда екеуміз бірге жерге құладық. Қарсыластым. Қалай болғанын аңғармай қалдым. Маған сермеген пышақты әуелі қолына, кейін жүрек тұсына сұғып алыпты. Ыстық қан судай аққанда үстімде жатқан оны итеріп еденге түсірдім. Есім шығып кетті. Айқайлап жібердім. Су берші деді үні әрең шығып. Бір жұтым су ішті. Содан кейін тілге келмеді. Не істерімді білмей пышақты суырып алдым. Құшақтап, «өлмеші» деп жыладым...
Қапастағы өмір
Қарлығаш пен Павелдің жанжалын аулада ойнап жүрген балалары мен көршілері естіген. Олар үйге кіргенде Павел қансырап жатқан. Балалары жедел жәрдем шақырған, көршісі Павелдің тамырын ұстап, басын шайқаған.
Қарлығаштың қансырап, жаны үзілген күйеуінің жанында қанша уақыт отырғаны есінде жоқ. Павелдің қайтыс болғанын дәрігерлер естірткенде есінен танып қалған.
- У-шу. Не болып, кімнің не деп сөйлегенін толық естімедім. Полицейлер қаптап кетті. Балаларым жылап жүр. Есім бір кіріп, бір шығып жатты. Түн ортасында Қазығұрт аудандық полиция бөліміне бардық. «Қол қой, қол қой» дегенін, әлдебір құжаттарды ұсынғанын білемін. Полицейлер таңата Жетісай ауданына алып кетті. Балаларымның қайда қалғанын білмедім. Күйеуімнің жаназасына қатыса алмадым. Мең-зең күйде бір орыннан қозғала алмай отыра бердім, - дейді Қарлығаш.
Қарлығаштың сөзінше, тергеу изоляторында 15 күн дәм татпаған. Тамағынан ас өтпей, қара судың өзін әрең ішкен. Жылай, жылай көз жасы таусылған.
- Тамағыма тас тығылып қалғандай болды. Таусылып бара жаттым, - дейді Қарлығаш кемсеңдеп жылап.
2022 жылы 15 желтоқсан күні Түркістан облыстық полиция департаменті Қазығұрт аудандық полиция бөліміне ер адамның өз үйінде дене жарақаттарынан қайтыс болғаны туралы жедел жәрдем қызметі хабар берген. Оқиғаға байланысты «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ретінде әйелі Қарлығаш қамауға алынған.
Қарлығаш қапастағы өмірін есіне алғысы келмейді. «Жазығым не? Балаларым қайда?» деген екі сұрақ бір ай дегенде оның есін жинауға себеп болған.
- Ол кезде кенжем бір жасқа толмаған еді. Емізулі болатын. Қайғыдан сүтім тартылып кетті. Отырған орнымнан түра алмай жаттым. Қолымда құжатым жоқ. Артымнан келген іздеушім жоқ. 15 күн дәм татпай жаттым. Құр сүлдем қалғанда жанымдағы әйелдер мен түрме қызметкерлері ұрсып тамақ берді. Сен өлсең балаларыңа кім ие болады дегенде ғана есімді жинағандай болдым, - дейді көпбаланы ана.
Тар, қараңғы бөлме. Күннің көзін көру мұң. Тәулігіне екі мезгіл екі сағат таза ауа жұтуға далаға шығып терең демаласың. Қандай тамақ береді, соны ішесің де қайта тар қапасқа қамаласың. Жарықты іздейсің бірақ таппайсың. Салқын қабырғаға арқаңды сүйеп ойланасың. Бірақ ойдың түбіне жете алмайсың.
Қарлығаш түрмедегі өмірін осылай еске алады. «Ол жерде жатуды дұшпаныма да тілемеймін, қиын ғой» дейді ол басын шайқап. Тергеу кезінде Жетісай ауданынан бөлек, Түркістан қаласы мен Шымкент қаласындағы тергеу изоляторында жатқан. Одан бірнеше рет сұрақ, жауап алынған. Оқиға қалай болды, не істеді, көрген білгенін бүкпесіз айтып отырған. Үш айға жақындағанда тергеушілер бостандыққа шығатынын хабарлаған.
- Тергеді. Болған оқиғаны бастан аяқ айтып бердім. Бұл бірінші емес, талай таяқ жедім. Пышақ, күрек алып қанша рет жүгіргенін, қашып аман қалғанымның есебіне бара алмаймын. Бір күні «шығасың, дайындал» деді. Не сенерімді, не сенбесімді білмедім. “Балаларыма, балаларыма алып барыңдаршы” дедім көзімнің жасын тоқтата алмай. Аузыма бұдан бөлек сөз түспеді, - дейді Қарлығаштың иегі дір-дір етіп.
«Балам мені танымай қалды»
Қарлығаш түрмеден шыққанда баратын жер, қағатын есік таппаған. Ағайын-туыс одан баз кешкендей, артынан ешкім іздеп келмеген.
Оқиғадан соң оның төрт баласын полиция мен аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің мамандары облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырған.
- Түрмеден шыққанда өмірде төрт баламмен жалғыз қалғанымды түсіндім, - деді Қарлығаш. - Полиция қызметкеріне балаларыма алып баруды өтіндім. Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің маманымен бірге балаларым жатқан орталыққа бардық. Мені көргенде екі баламның аяғы жерге тимей жүгіріп алдымнан шықты. Екінші ұлым «Папам қайда? Неге келмеді?» деп сұрады. Төрт жасар қызым еңкілдеп жылап, сөйлей алмай қалды. Ал кенже балам жаныма жоламай айналып жүрді. Ол мені танымай қалды.
Қарлығаш балаларын көріп, мауқын бір басқанымен оларды өзімен бірге алып кете алмады. Себебі іс Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабынан (99-бап) «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабына (105-бап) ауыстырылған. Оның үстіне қолында жеке бас құжаты, тұратын баспанасы, тұрақты жұмысы жоқ әйел балаларын облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына қалдыруға мәжбүр болды.
Түркістан облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Саттар Нұрпейісов ағайынды төрт баланың өміріне алаңдаулы. Оның айтуынша, орталыққа түскен балалар 6 айдан кейін балалар үйіне өткізіледі. Бұл балалардың туу туралы куәлігі де жоқ. Құжаттарды рәсімдеп жатқанда анасының құжаты жоқ екені белгілі болып, іс тоқтап қалған. Оның үстіне анасының баспанасы жоқ. Балаларды алып баратын үй табу мұң болып тұр. «Жалдамалы үйі болса да балаларды анасынан айырмай, беретін едік» дейді ол.
«Күйеуімнің басына барып құран оқи алмадым»
Қарлығаштың түрмеден босап шыққанына бір айға жуықтады. Ол өзі өмір сүріп жатқан Қазығұрт ауданынан шамамен жүз шақырым жерде жатқан балаларына жиі баруға тырысады. Олармен күнде телефонмен сөйлесіп, хәлін біледі. Өзі уақытша ескі үйді жалға алған. Тозығы жеткен үйде өзімен бірге қара жұмыс істейтін үш әйел өмір сүреді. Олар таңертең ерте тұрып көрші аудан Сарыағашқа жалдамалы жұмысшылар тұратын орынға барады. Ол жерден жұмысшыларды дихандар дала жұмысына алып кетеді. Шабық шабады, көшет отырғызады, жылыжайдың жұмысын істейді. Сөйтіп күндігіне 7 мың теңге табыс табады.
Қазір Қарлығаштың бар қорқынышы балаларына әкесінің қайтыс болғанын естірту. Қазақстан азаматтығын алып, балаларының туу туралы куәлігін жасату.
- Түрмеден шыққалы ауылға, Қарабауға бармадым. Оқиға болған үй құлыптаулы дейді. Сол үйге кіруге жүрексінемін. Қансырап жатқан Павел көз алдымнан кетпейді. Шамамен 40 шақырым жер ғой, барып келуге әлі күнге аяғым тартпайды. Тапқан табысымның бір тиынын шашпай жинап отырмын. Бір күні балаларымның бәрін алып ауылға барамын. Әкесінің басына барып құран бағыштау парызым. Сол кезде оларға қаралы хабарды естіртемін. Қазірге балаларыма «әкең алысқа жұмыс істеуге кетті» деп айттым. Қайтейін, басқа сылтау таппадым, - дейді ол.
7 жыл тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, оған шыдаған, көндіккен, соңында «күйеуін өлтірді» деген күдікке ілініп үш ай түрмеде отырған Қарлығаштың өзегін «күйеуім тірі қалғанда» деген өкініш өртейді. Ол Павелді әлі күнге өлімге қимайды. Сөзінше, Павелді ішімдікке итерген қу жоқшылық пен тұрақсыздық. Ол күйеуі бәрінен де төрт баласына туу туралы куәлік алып бере алмағанына күйіп кетті деп есептейді.
Қарлығаш Қазығұрт ауданынан Сайрам ауданындағы орталықта жатқан балаларын тағы бір рет көруге жолға шықты. Біз де оған ілестік. Жанарын суалған, бетінде әжім көбейген кішкентай келіншек балаларын көруге асығып бара жатты. Жол бойы көп сөйлемей үнемі ой үстінде отырды. - Павел – балажан еді. Балалары дегенде ішкен асын жерге қоятын. Балаларына ерекше көңіл бөлетін. Балаларының көзінше мені ұрмайтын. Қолынан келмейтін жұмыс жоқ еді. Бәрін істейтін. Біз бар болғаны бірге бақытты өмір сүргіміз келді. Бірақ кедейшілік, жоқшылық езіп жіберді, - деді Қарлығаш күрсініп. - Жұрт ұрды, соқты, тіпті өлтіріп тастауға әрекет етті. Неге шыдадың дейді. Отбасымды сақтағым келді. Балаларымды жетім еткім келмеді. Міне, енді Павел арамызда жоқ. Біз енді толық отбасы болып өмір сүре алмаймыз.
Көлік Сайрам ауданындағы облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына келгенде Қарлығаштың түрі өзгеріп сала берді. Балалары алдынан «анашым» деп жүгіріп шыққанда жанарында ерекше жылулық пайда болды. Құшағын жайып балаларын бауырына басты, жеке-жеке әрбірінің бетінен сүйіп, маңдайынан иіскеді. Осы кезде тағдыр тәлкегіне түскен келіншек өмірдің бәрін ұмытып, қуаныштан жүзі жайнап кетті. «Балам», «қызым» деп балаларын жеке-жеке бауырына қайта-қайта қысты. Бірінен соң біріне «сағындың ба?» деп сұрады. Бір кезде қызы «Анашым, бізді мына жерден алып кетіңізші» деп жылап жіберді. «Қызым, қызым» деп өзіне тартып бауырына басқан Қарлығаш теріс қарап, көз жасын көрсетпей сүртіп алды.
Қарлығаш шамамен бір сағат балаларымен шүйіркелесіп сөйлесті. Еркелетті. Балалар мәз-мейрам болды. Тәрбиешілер ана мен балалардың кездесуін сырттай бақылап тұрды. Бір уақыт «балалар, тамақ дайын болды, үйге кірейік» деді. Балалар анасын қимаса да тәрбиешілердің айтқанымен ішке кіріп бара жатты. Қарлығаш екі қолын қайта-қайта бұлғап, балаларымен қоштасты. Осы сәтте қуанышына өкініш қайта араласқандай, мұңды күйге ене берді.
«Бар арманым балаларыммен бірге өмір сүру»
Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу кезінде Қарлығаш пен Павелдің арасында жанжал болғаны, нәтижесінде Павел өзіне белгісіз жағдайда дене жарақаттарын салып қайтыс болғаны анықталған.
«Оқиға бойынша әйел және де басқа да куәлардан жауап алынып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Аталған дау-жанжалдың шығу себебі және басқа да тергеу әрекеттері жүргізіліп, қылмыстық істің толықтылығы қамтамасыз етілуде» делінген полиция хабарламасында.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс тіркеліп, сараптамалар тағайындалған. Бірақ іс бойынша төрт ай өтсе де толық шешім қабылданбаған. Полиция мұны тергеу әрекеттерінің күрделілігімен байланыстырады. Сөйтіп тергеу мерзімі ұзартылғанын айтады.
Қарлығаш қазір іс бойынша «қорғануға құқығы бар куә» ретінде танылған. Кәмелет жасқа толмаған балаларының болуына байланысты бұлтартпау шарасы өзгеріп, босатылған.
Қазақстанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарымен бірге адамдардың құжатын рәсімдеуге көмектесетін «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығының директоры Шахноза Хасанова қиын жағдайға тап болған Қарлығаш Ермекбаеваның паспортын қалпына келтіруге мүмкіндік бар екенін айтады.
- 17 жыл бұрын Қарлығаш Қазақстанға келгенде оның қолында қызыл паспорт болды ма, әлде Өзбекстан Республикасының паспорты болды ма анықтау керек. Өзбекстан паспортымен шекарадан өткен болса, Өзбекстан елшілігіне хабарласып, Қарлығаш Өзбекстан азаматы ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздейміз. Егер ол Өзбекстан азаматын аламын десе, паспортты жоғалтқаны үшін 170 доллар көлемінде айыппұл төлеуі керек. Оған қоса Өзбекстанның паспортымен шетелде жүр, мұны айтып тіркелмегені үшін жылына 50 доллар айыппұл төлейді. Екіншіден, Өзбекстан азаматтығынан бас тартып, Қазақстан азаматтығын аламын десе Өзбекстан азаматтығынан шығару туралы өтініш жазады. Бірақ екі жағдайда да жоғарыда айтылған айыппұлды төлейді, - дейді Хасанова.
Хасанованың сөзінше, Қарлығаштың балалары перзентханада туылған болса олардың туу туралы куәлігін рәсімдеу жеңілдеу. Қазақстан заңында құжатсыз әйел перзентханада бала туатын болса баланы тіркеп, оған туу туралы куәлік беріледі. Перзентхана берген медициналық анықтамамен шешесінің куәлігімен халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы балаларды құжаттандыруға болады.
- Балалардың туу туралы куәлігінде атасының аты жазылғанымен оның қай ел азаматы екені көрсетілмейді. Ал өзі Қазақстан азаматтығын алу үшін Өзбекстан азаматтығынан шыққаны және сотталмағаны туралы анықтама керек. Содан кейін оны құжаттандыруға заңгерлер көмектеседі. Ал Өзбекстанның азаматтығынан шығып кетіп, Қазақстанға келген соң түрлі себеппен тіркелмеген болса, оны азаматтығы жоқ адам ретінде құжат тапсыруға болады. Мұны дайындау әлдеқайта жеңіл, - дейді орталық директоры.
Шахноза Хасанова құжаттарды әзірлеуге қанша уақыт кететінін ашып айту мүмкін емес дейді. Ол егер әйелдің айыппұлдарды төлеуге әлеуметтік жағдайы жоқ болса БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының қолдауымен көмек көрсетілетінін айтады.
Тұрмыс тауқыметін көрген Қарлығаштың ендігі бар ойы балаларында. Анасын сағынып, алып кетеді деген үмітпен күн өткізіп жүрген балаларының жанында болу.
- Бар арманым осы балаларыммен бірге өмір сүру. Жұмыс істеп, ақша тауып, құжаттарымды, балаларымның туу туралы куәлігін рәсімдеу, - деді Қарлығаш жанарына үйірілген жасты жасырып сүртіп.
Мақала авторы - Дилара Иса.
"BIZ" жобасы Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын "Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы" аясында дайындалды. ЖК “Дилара Иса» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
Жаңалықтар
- Шавкат Рахмонов пен Ян Гарри жекпе-жегі
- Елімізде байланыс қызметі тарифтері жыл соңына дейін өзгермейді - Цифрлық даму министрлігі
- Тоқаев Доха форумы конференциясының ашылу салтанатының құрметті қонағы
- Түркияның бұрынғы Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындалды
- Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұрады
- Полиция тексеру бастады: Алматыда намаз оқу үшін көшені жапты
- Катарда Сирия бойынша Астана форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді
- 8-сынып оқушысының өліміне қатысты екі оқушы сотталды
- «Маңғыстаумұнайгазға» жаңа бас директор тағайындалды
- Бұрынғы спорт министрінің ағасы жұдырық ала жүгірді
- Тоқаев Катарға жұмыс сапарымен барды
- Алматының сейсмикалық қауіпсіздігіне 14 миллиард жұмсалады
- Әскердегі сержанттың озбырлығы сау жігітті жындыханаға аттандырды
- Туған шешесін баспанасыз қалдырмақшы болған
- Шерзат Полаттың өлімінен кейін қызметінен босатылған вице-министр көлік полициясын басқарды
- Тергеу абақтысы қызметкерін бір жапырақ нан үшін жазалады
- Қазақстан гүлденген 50 елдің қатарына енді
- «Билікті басып алуға тырысқан» кәсіпкер сотта мойнын тіліп жіберді
- «Қыз алып қаштым»: Депутаттар сексизмнен феминизмге қалай ауысты?
- Қор нарығында доллар бірден 9,31 теңгеге арзандады