Бала мемлекеттікі ме, өзіміздікі ме?

cover

Қазақстанда жыл басынан бері 92,8 млрд теңге көпбалалы отбасыларға жәрдемақы ретінде төленген. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады. Бюджеттің 92,8 млрд теңгесі бір ғана жәрдемақы төлеуге жұмсалыпты. Бұл аз ба, көп пе?

Жалпы, елімізде 4 және одан да көп бала өсіріп отырған отбасы саны аз емес. Мемлекет тарапынан жәрдемақы алатын отбасылар саны жарты миллионға жуықтайды екен. Нақтырақ айтсақ, 448,9 отбасы түрлі жәрдемақы алады. Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Дәл қазіргі кезде ең жоғарғы жәрдемақы - 175 020 теңге. Әйтсе де, бұл жәрдемақыны алу үшін 15 балаңыз болуы тиіс. Қазақстанда бала саны 10-нан асатын отбасының санаулы ғана екенін ескерсек, көбінесе мемлекеттік жәрдемақы 4-6 балалы отбасыға тиесілі.

Төлемдердің мөлшері балалар санына байланысты 4 балаға – 46 760 теңге, 5 балаға – 58 457 теңге, 6 балаға – 70 154 теңге, 7 балаға – 81 852 теңге, 8 балаға – 93 344 теңге. Мұнан бөлек, мемлекет тарапынан көп балалы отбасыларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, көп балалы отбасының баласы мектепте тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, оқулықтарын да түгел, кезексіз, тегін алады. Сонымен қатар көп балалы отбасыға үй де мейлінше тезірек беріледі.

Мемлекет тарапынан осыншама жеңілдіктер мен көмек жасалып жатқанымен, ел демографиясының қарқыны әлі де артпай отыр. Бала санын әрі кетсе екеумен шектейтін отбасылар саны анағұрлым көп. Неге? Бұл сұрағымызға біздің кейіпкерлердің берген жауабы төмендегідей болды. Әлеуметтанушы мамандығын меңгерген сұхбаттасымыз Марат Қасымханов Қазақстанның білім беру жүйесінің ертеңіне сенімсіз. Білімсіздік жайлауы мүмкін болашақ қоғамнан қауіптенеді екен. Білімсіз елдің ертеңі жоқ екенін алға тартқан ол:

Марат Қасымханов

- Отбасын құрған сәттен-ақ әйелім екеуміз ең көбі 3 баламен шектелеміз деп шештік. Неге? Бұл сұрақтың жауабы өте көп. Біріншіден, еліміздің ертеңіне сенімнен гөрі, секем басым. Білім саласындағы былықты айтып тауысу мүмкін емес. Жанымыз шығып кетсе де, мойындайық, ауылдық жерлерде мектептің аты ғана бар, ал беріп жатқан білім сапасына күмән басым.

Өзім білетін ауылдарда қазір кім мұғалім болып жүр? Кезінде мектепті сүйретіліп жүріп, әрең бітіргендердің 60-70 пайызы қазір ауылдарда мұғалім десем, өтірік болмас. Өз білімі төмен адамның өзгенің сауатын ашуы мүмкін бе? Ал осындай мұғалім жайлаған ауыл мектебін кім бітіреді? Әрине, орта деңгейдегі оқушы бітіреді.

Қалада да жағдай мәз емес, жеке мектеп болмаса, мемлекеттік мектептерде де мықты маманды табу өте қиын. Себебі, дәл қазір алдыңғы сауатты буын зейнетке кетуде. Олардың орнын тоқырау жылдарынан тірі шыққанына шүкіршілік еткен балалар басты. Білім саласы бұлай артта қалған елде бала санын арттыруды емес, бар баланың талапқа сай сапалы өсіп-жетілуі маңызды.

Мысалы, 4 баланы оқытып, бағып-қағу жеңіл ме, 2 баланы ма? Тіпті, екі баланың сұранысын қамтамасыз ету де кейде қиынға соғатыны бар. Олай болса, шұбыртып баланың санын көбейтуден не ұтамыз? Сен демографияға үлес қосып жатыр екенсің деп, мемлекет әр балаңа баратын керемет балабақша ұсынса, әр балаң терең білім алатын, техникалық базасы мықты мектеп ашып берсе, балаңның денсаулығы сауатты дәрігердің бақылауында болса, онда кез келген отбасы ең алдымен бала санына мән берер еді. Ал қазір қалай?

«Ай сайын жәрдемақы берудеміз» деп мемлекет аузын толтырып, ақпар береді. 4 балаға - 58 457 теңге. 4 балаға! Әр балаға 14 614 теңгеден тиесілі екен. 14 мың теңгеге бір бала түгілі, бір мысықты бір ай тірі сақтау мүмкін бе? Бүйтіп жәрдемақы бергенше, сол ақшаға баланың болашағына анағұрлым пайдасы бар дүниелерді жасаса, жас отбасылар қазіргідей бала табудан қашпас еді, - дейді.

Ал 27 жасында бес баланың анасы атанған Аяулым Тұрлыбек мемлекеттің жәрдеміне жалтақтамай, әркім өз тіршілігін жасауы керек деген ұстанымда.

- Бес бала таптым, енді мемлекет менің бар жағдайымды жасасын демей, тапқан сол баланың әрбірін жетілдіру үшін жер тырмалап, егін егіп, мал бағып, тынбай еңбек ету керек, - деген Аяулым: «Ауылда тұрған соң ба, білмеймін, көп балалы отбасы деп бізді аса ешкім ерекшелей қоймайды. Бес баламыз үшін алатын 58 457 теңге бір баланың жыртығын да жамамайды. 58 мың теңгеге бір балаға бір айға жетерлік тамағын алып беру де мүмкін емес.

Сондықтан үкіметке жалтақтамай, өз тіршілігімізді өзіміз жасап жатырмыз. Күйеуімнің жасы 31-де, жоғары білімді фармацевт. Өзім биологпын. Бес баламызды өсіріп, жетілдіру үшін бау-бақша егіп, мал бағамыз. Көп балалы екенсіңдер деп үкіметтің адамы келіп үй берейік деген емес. Ата-енеммен бір үйде тұрамыз. Күйеуім ауылдағы дәріханада жұмыс істейді. Ауыл халқы білесіз, қазіргідей удай қымбат дәріні ала бермейді. Шамасы да жетпейді. Сондықтан күйеуімнің тапқан табысынан гөрі, шығыны басымырақ.

Әрине, баланы өзіміз үшін тауып жатырмыз ғой. Десек те, кейде мемлекет тарапынан ауылдағы көп балалы отбасыларға жәрдем беру түрін жаңартса дейміз. Жайылым, шаруашылық жерлерін беру жағы қарастырылса. Әйтпесе, дәл қазір алақандай жерге санаулы көкөніс егумен шектелудеміз, - деп көкейдегі ұсынысын ортаға салды.

Қазақстанда ауылшаруашылығы үшін жер жетіспейтіні жасырын емес. Мал жайылымы мен егістік жерлері алпауыт байшыкештердің меншігіне өтіп кеткен. Соның салдарынан ауыл халқының негізгі күнкөріс көзі саналатын жерлер қазіргі кезде ақылы жерлерге айналғаны шындық. Қазақ демографиясын дамытуға, қазақ баласының мықты азамат болып жетілуіне кедергісін тигізетін бұл да бір фактор десек, енді бір ерлі-зайыптылар қазақ медицинасының қазіргі жағдайына байланысты бала санын шектеуді ұйғарыпты.

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - image-20-edited.png
Алтынай Қабылжанова

- Екі қыз бір ұлым болды. Болды дейтінім, ұлымнан екі жыл бұрын айрылдық. Енді тәтті қылығы шығып, былдырлап ойнап жүрген баламыз 4 жасында ауырып қалды. Әлгінде ғана шауып жүрген баламның мұрны қанап, қызуы бірден көтеріліп, әбігерге салды. Күні бойы қызуы түспеген соң, ауруханаға апардық. Міне, сол сәттен өмірімдегі сұмдықтар басталды.

Сол уақытта Қазақстандағы медицинаның бейшара халде екеніне көзім анық жетті. Қызуы түспей сандырақтап жатқан балама әр дәрігер әр түрлі диагноз қойып, 2 күн бойы әбден басымызды қатырды. Ақыры түк таппаған соң, қаладағы ауруханаға жіберді. Шымкенттегі бірнеше аурухананың табалдырығын тоздырдық. Әлдебір дәрілерді салып, мұрын қанауын тоқтатып, қызуын түсіріп берген дәрігерлер егер тағы осылай қайталанса, бір айдан кейін келуді айтып, шығарып салды.

Бір аптадан кейін-ақ сол ауруханаға қайта келдік. Себебі, тағы да мұрын қанау, дене қызуы. Осылайша бірнеше рет сандалып, ақырында ауруханаға жаттық. Балама түрлі антибиотиктер салып, тромбоцит құюдан әрі аспаған шымкенттік аурухана ақырында бізді Алматыға жолдады. Шымкенттегілер - Алматыға, Алматы - Астанаға... осылайша әбден сандалдық. Ең сорақысы, бәрі бір елдің дәрігерлері екеніне қарамастан, әр қаланың дәрігері балама әр түрлі диагноз қойды.

Өкінішке қарай, диагнозы анықталғанға дейін баламның денсаулығы әбден әлсіреп, күш жоғалтып та алған еді. Сандалып 3 ай жүрмегенімізде, бәлкім баламды құтқарып қалуға болар ма еді, кім білсін. Емхана, аурухана қызметкерлерінің неше түрлі әрекеттері, біздегі емдеу мекемелеріндегі материалдық жағдайдың түрі сол кезде жаға ұстатты. Лейкоз дертін «емдейтін сыңай» танытатын  біздегі медицина мен дәрігерлердің білім деңгейінен осылайша көңілім қалды. Мынадай медицинасы бар елде арам қату оп-оңай екен.

Қазақстан медицинасының қай деңгейде екенін былтыр пандемия кезінде де көрдік қой. Ең алдымен халқының саулығын маңызды санаса, биліктегілер медицинамызды дамытуға күш салар еді. Ал мынадай медицинасы бар елде сау ұрпақ қалдыру мүмкін бе? Баланы шұбыртып тапқанымен, ол баланың денсаулығын ойлау керек емес пе? Қалған екі қызым аман болсын, мүмкіндігім болғанына қарамастан, тағы да бала табуды ойламаймын. Өйткені өлердей қорқамын. Медицинасын сауатсыздық жайлаған елдің ертеңіне үміт арту ақымақтық деп санаймын, - дейді Түркістан облысының тұрғыны Алтынай Қабылжан.

Халқының саулығы сын көтермеген мемлекеттің ертеңіне үміт арту мүмкін емес. Соңғы он жылдықта диагнозы дұрыс қойылмай қаншама адам қапыда ажал құшты. Дәрігерлердің біліксіздігінен мүгедекке айналғаны қаншама. Ал отандық медицинаның сын шағы былтыр пандемияда келді.

Бүкіл дәрігердің еңбегін жоққа шығармаймыз. Алайда тұтас медицинамыздың төтенше жағдайға дайын емесі және жегі құрттай жайлаған жемқорлықтың салдарынан пандемияда мыңдаған азаматымыздан айрылдық. Бұл сөзімізге бір ғана СК «Фармацияға» қатысты оқиғаны еске түсірсек те жеткілікті болар. Десек те, бала табуды мемлекеттік емес, ең алдымен адами деңгейде ойластырып, өз күшіне сенетін ата-аналар да арамызда жоқ емес екен. Солардың бірі Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны Айнұр Жұмадуллаева әр баласы үшін ең бірінші ата-анасы жауапты деген қағиданы ұстанады.

Айнұр Жұмадуллаева

 - Бесінші баламды жақында босандым. Меніңше, әр адам баланы мемлекет үшін емес, өзі үшін табады. Баланы таптың ба, оған барлық жағдайды жасауға міндеттісің. Ал баланың жағдайын жасай алмасаң, санын көбейтудің керегі жоқ деп ойлаймын. Күйеуім күндіз жөндеу жұмыстарымен жүрсе, аптасына бірнеше күн түнгі күзетшілік жұмысына да барады. Мен де үйде қарап отырмай, тапсырысқа түрлі тәтті нан, торт, бауырсақ пісіріп, ақша тауып отырмын.

Мемлекеттің жәрдемақысын сөз етіп, оны түкке жетпейді деу нағыз жалқаудың, тіпті жатыпішердің сөзі дер едім. Сен бала таптың екен деп мемлекет бүкіл жоғыңды түгендеп беруге міндетті емес. Бала таппас бұрын ең алдымен осы баланы тусам, тамағы, киімі, білім алуы, дамуы, өсуі деген нәрселердің шешімін таба аламын ба деген сұраққа жауап беру керек-ау. Әйтпесе, талай әйелді білемін, «Құдайдың бергені» деп қойып, жылда бала табады.

Балалары жеміс-жидек былай тұрсын, қарапайым ғана сүт өнімдерін жеткілікті түрде тұтынбайды. Ал солай өскен баладан ертеңгі күні денсаулығы мықты, тепсе темір үзетін азамат шыға ма? Тапқан әр балаға бақытты балалық шақ сыйлауға, балаңның осы қоғамда аяғынан нық тұрып, нағыз азамат болуына ең алдымен ата-анасы жауапты. Меніңше, осындай дүниелерді балаларға отбасы, балабақша, мектеп, университетте айтып, үйретіп, санасына сіңіріп өсіру керек. Сонда ғана еліміздің ертеңгі ұрпағы саналы, сау болады, - дейді Айнұр Жұмадуллаева. 

Айнұр отбасымен

Ресми статистикаға сүйенсек, еліміздегі көп балалы отбасының ең үлкен көрсеткіші де Түркістан облысына тиесілі екен. БҰҰ-ның халық өсімі жөніндегі сараптамасында да (ЮНФПА) Түркістан облысы бойынша бір әйелдің орташа есеппен 4-5 бала дүниеге әкелетіні айтылады. Өкінішке қарай, еліміздің солтүстігінде бұл көрсеткіш екі есе аз. Ал Қазақстан бойынша әрі кетсе, екі баламен шектелетін отбасылар Қостанай, Алматы облыстарына тиесілі. 

2021 жылғы сәуір айының есебіне сүйенсек, бұл жылы Қазақстан бала туу жағынан рекордтық көрсеткішке ие болды. Ресми статагенттіктің ақпараты бойынша бала туудан әдеттегідей Түркістан облысы бірінші орында. Биылғы қаңтар, ақпан, наурыз айларында бұл аймақта 14 828 бала дүниеге келсе, дәл осы уақытта Солтүстік Қазақстанда 1 587 сәби өмірге келіпті.

Меруерт Хусаинова, Шымкент қаласы.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар