БАӘ Мәсімовтің күйеу баласын Қазақстанға қайтарудан бас тартты
Коллаж: Orda.kz
Атышулы қылмыстық істерге қатысты адамдар шетелде еркін өмір сүріп жүр. Оларды елге қайтару әзірге биліктің қолынан келмей тұр. Соның бір мысалы – ҰҚК-нің сотталған экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Кәпенов. Оған халықаралық іздеу жарияланса да, Дубайда еш кедергісіз тұрып жатыр. Қазақстан тарапынан қажетті құжаттар ұсынылмаған соң, БАӘ оны Қазақстанға беруден бас тартты.
Бұл туралы Orda.kz тілшісіне Кәпеновтың адвокаты айтып берді.
Азамат Кәпенов 2025 жылдың тамызында ұсталған. Қазақстан мен Ресей Қаңтар оқиғасынан кейін оған халықаралық іздеу жариялаған. Ресей оның алаяқтық пен қаржы жымқыруға қатысы бар деп күдіктенеді. Ал Қазақстанның қандай талап қойып отырғаны белгісіз. Ресми айып осы күнге дейін жарияланған жоқ.
«Интерпол сұрауы бойынша халықаралық іздеу жарияланды. Бұл Балушкиннің (Қазақстаннан қашып кеткен бизнесмен — авт.) өтініші негізінде болды. Кәпенов ұсталды. Кейін босатылды, себебі Қазақстан тарапы жергілікті құқық қорғау органдары сұраған айыпты дәлелдейтін құжаттарды жібермеген», — деді адвокат Жанна Александрова.
Оның айтуынша, Кәпеновқа тағылған айып негізсіз. Адвокаттың сұрауымен жасалған сараптама іс бойынша жәбірленушілерге келтірілген шығынды растамаған.
«Бұл — азаматтық дауларға қатысты мәселе: келісімшарттар, есеп-айырысу. Ал оған алаяқтық бабы қойылған. Мұндай жағдай азаматтық сотта қаралуы керек еді. Кімнің кімге қарыз екені анықталатын сотта. Оның орнына қылмыстық іс қозғалды. Тергеудің сапасы өте төмен. Көп кәсіби қателік бар. Халықаралық деңгейде бұл бірден байқалады. Мысалы, алдымен бапты тағайындап қояды, содан кейін ғана шығынды анықтай бастайды. Барлығы керісінше. Шетелдік орган істің толық еместігін көріп, экстрадициядан бас тартады», — дейді құқық қорғаушы.
Азамат Кәпенов Дубайда бір ай қамауда отырып, кейін босатылған. Өйткені БАӘ оны ұстап отыратын заңды себеп таппаған. Оның үстіне Интерпол арқылы жүретін істер жылдап созылады. Адвокаттың айтуынша, Кәпенов жасырынып жүрген жоқ: онлайн соттарға қатысады, тұрған мекенжайын көрсетеді, бірақ соған қарамастан тергеуші оны іздеуге қайта-қайта өтініш береді.
«Адамның қай жерде екенін біле тұра, оны екі жыл бойы неге іздейді?» — дейді адвокат.
Отбасы мәселелері, балалары және дүние-мүлкі
Азамат Кәпенов көп жылдан бері БАӘ-де тұрады, оның балалары да сонда. 2023 жылы ол Ресей азаматтығынан бас тартып, Қырғызстанның паспортын алған. Әмірліктерде оған тұруға рұқсат берілген.
«Ол ешкімнен жасырынбайды. Балаларымен кездесуге мүмкіндік алу үшін 50-ден аса сот процесіне қатысты. Тіпті балалары ұрлап әкетілді деп арыз да жазған», — деді адвокат.

Orda.kz бұған дейін жазғандай, Кәпенов Мәскеуде үш жыл бойы Мәсімовтің қызы Тамила Кәріммен балалардың қамқорлығы мен мүлікке қатысты соттасқан. Ресей басылымдары оның атына Серебряный бордағы үй, Жуковкадағы особняк және Мәскеу орталығындағы пәтер тіркелуі мүмкін екенін жазған. БАӘ-дегі сот Капеновтың балаларына қатысты кездесу тәртібін бекітті. Балалар екі апта әкесінің, екі апта анасының қасында болады. Бұл Мәсімов отбасының да Дубайда тұрып жатқанын көрсетеді.
Қазақстан көп адамды қайтара алмай жүр
Жалғыз Кәпенов емес, Қазақстан бірнеше жыл бойы экстрадициялай алмай жүрген адамдар бар. Мысалы, Қайрат Қожамжаров. Антикоррупциялық қызметтің бұрынғы басшысы із-түзсіз кетті. Оның қайда екені әлі белгісіз.
Қожамжаровтың бұрынғы серігі Мақсат Дүйсенов жақында Германияда ұсталды, бірақ оны қайтару мәселесі сол күйі тұр. Билік бар күшін салса да, еш нәтиже болмай жатыр.
Сондай-ақ Анатолий Балушкинді еске түсірейік. Ресейдің Бас прокуратурасы оны Қазақстанға беруге тікелей тыйым салған. «Бипэк-Автоның» бұрынғы иесі биыл сәуірде алаяқтық ісі бойынша сырттай тоғыз жылға сотталды.
Ал Қазақстан үшін ең танымал қашқын — Мұхтар Әблязов екені даусыз. Франция Қазақстанның сұрауларына он жылдан бері жауап бермей келеді. Саяси босқын мәртебесі алынғанына және айыппұлдар салынғанына қарамастан, Әблязов Еуропада еркін өмір сүріп, қызметін жалғастырып жүр.
Автор: Динара Бекболаева
Жаңалықтар
- Қазақстанда ресейлік миллиардердің компаниясына 24 млн теңге айыппұл салынды
- БАӘ Мәсімовтің күйеу баласын Қазақстанға қайтарудан бас тартты
- СҚО-да әлі ашылу салтанаты өтпеген Міржақып Дулатұлының мемориалын қасақана қиратып кетті
- «Даттың» бұрынғы бас редакторы Нұртаза Қадырниязовты полиция үйінен ұстап әкетті
- «Бәйтерек» Ұлттық холдиңгінің атауы өзгертілді
- Мас күйі 3 балықшыға оқ жаудырған ер адам 15 жылға сотталды
- Ресей мен АҚШ Украинаға қатысты талаптарын Трамптың бейбіт жоспары ретінде көрсетуге келісті
- Семейде жарыстан қайтқан Азия чемпионы жол апатынан опат болды
- Қазақстанның сыртқы қарыздары тарихи рекордқа жетті
- Ақтөбеде студентті дәретханада зорламақ болған ер адам сотталды
- Лувр мұражайын тонаған күдіктілердің бәрі қолға түсті
- Апелляция Дикий Арманның ісі бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды
- Рудный көшелерін қазақшалауға қарсы шыққан әйел айыппұл арқалады
- Forbes тізімі өзгереді: «Қазақмыс» пен «Қазмырыш» басқа адамдардың қолына өтеді
- Рахат Әлиевтің есімі Джеффри Эпштейннің хаттарында аталды
- Прокурорлар Нығматулинге көмек көрсеткені туралы ақпараттың «көзін жойды»
- Депутат Қызылордада жазасын өтеп жатқан Думан Мұхаммедкәріммен кездесті
- Тоқаев Геннадий Головкинді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады
- Украина дрондары Ресейдегі Каспий құбыр консорциумының әкімшілік кеңсесіне зақым келтірді
- Жетімдерді баспанасыз қалдырған депутат 67 млн пайда көрді