Қазақтар не себепті Түркияға көшіп жатыр?

cover

Соңғы жылдары Қазақстаннан Түркияға қоныс аударушылар саны күрт артты. Бұған дейін еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің басқа мемлекетке көшу жағдайын жиі кездестірсек, ал қазір өз қазақтарымыз шекара асуда. Бұл ауқымды, маңызды мәселеге айналғаны сонша, тіпті осыған байланысты Елбасы Н.Назарбаевтың өзі «жастар елден кетпей, өз Отанына қызмет етуі керек» деген сыңайда пікір де білдірді.

Қош, сонымен туған жерін Түркияның топырағына айырбастап жатқандардың басым бөлігі кімдер екен? Ресми мәліметтерге сенсек, 2020 жылы Қазақстаннан кеткендердің 4471-і жоғары білімді техник, экономист, педагог, дәрігер, заңгер, ауылшаруашылық мамандары мен инженер-архитекторлар екен.

Елден кетушілер басқа емес, неге Түркияны таңдауда? Өткен жылы күзде Аланияға қоныстанған Бәкір Тұңғышбай бұл сұраққа өз пікірін былай білдірді:

Бұған дейін қаншама рет көшеміз деп оқталып жүрсек те, нақты шешім қабылдай алмаған едік. Алайда 2020 жылғы пандемия жағдайы Қазақстанның нақты келбетін ашып көрсетті. Қазақстан әлдебір төтенше жағдайға еш дайын емес екен. Естеріңізде болса, 2020 жылғы шілде айында халық коронавирустан қынадай қырылды. Сол тұста біздің билік не істеді? Ештеңе! Керісінше, осыған дейінгі дәріханада толып тұрған парацетомол, аспирин секілді дәрілерге қолдан тапшылық жасады. Бір жұтым ауаға зар болып, жаны қысылып жатқан науқастарға тиісті дәрігерлік көмек көрсетуге медицинамыздың соншалықты қауқарсыз екенін де сол кезде көрдік.

2020 жылғы шілдеде арыстай азаматым, ұлымнан және бірнеше жақындарымнан айрылдым. Сол кезде қалған ұрпағымның Қазақстанда өмір сүруін қаламаймын деген шешімге келдім. Медицинамыз әлгіндей кісі аярлық халде екен. Ал білім саласы тіпті, былыққа белшеден батқанын сол пандемия дәлелдеп берді. Онлайн білім беру деп жалаулатқанымен, мүлде интернеті жоқ ауыл балалары сабақ оқудан шет қалды. Қиын-қыстау шақта кез келген отандасына көмек созуға тиіс үкімет пен партия пандемияға бөлінген ақшаларды асаудан әріге бара алмады. Сондай қиын күндерде парамен ұсталғандар саны ковидтен көз жұмғандар санынан асып кетті емес пе? Бұл сөзімнің ең басты дәлелі деп – бұрынғы Денсаулық сақтау министрлігінің үстінен қозғалып жатқан істі айтар едім. Міне, осыларды ойлай келе, өз елімде арам қатқанша, өзге елде адам сияқты өлейін деп мемлекетімнен кеттім, - дейді Бәкір Тұңғышбай

Расында да, қазақстандықтарды пандемия басқаша ойлауға, сүріп жатқан өмірі мен қоршаған қоғамына басқаша қарауға мейлінше мүмкіндік бергендей. Түркияның Анталия тарапынан пәтер сатып алған Тұрсынай Сауранбайқызы бұл жақта өмір сүрудің аса қолайлы екенін алға тартады.

Тұрсынай Сауранбайқызы

Қазақстанда үй аламын деп  ақша жинағанмын. Өкінішке орай, менің ақшама Алматыдан дені дұрыс пәтер алу мүмкін болмады. Ал дәл сол ақшаға Түркияның курортты қаласынан инфрақұрылымы дамыған, керекті нәрсемен пәтер іші түгелдей жабдықталған баспана алуыма мүмкіндік бар екен. Әрине, мен Түркияны таңдадым. Тілі, менталитеті бізге қатты ұқсайтын бұл елде мені ең бірінші қызықтырған нәрсе адам құқығының қорғалуы болды. Өз елімізде милиция көрсек, қандай күйге түсетініміз бәріңізге белгілі. Ал бұл жақта полицей сенің қорғаның. Сонымен қатар заңның орындалу жағы бізбен салыстырғанда, өте мықты. Халық билік өкілдеріне сенеді және тәртіпке бағынады. Мысалы, Денсаулық министрі Фахретдин Қожа «кешке үйден шықпаңдар» дей ме, жұрт шықпайды. Ал бізде қалай? Халық пен биліктің арасындағы сенім көпірі әлдеқашан қираған», - деген Тұрсынай 23 мың АҚШ долларына бүкіл жағдайы жасалған біздіңше 2 бөлмелі пәтер сатып алғанын айтады.

Елден көшкен қазақтардың басым бөлігі Түркияның Алания, Анталия аймақтарын таңдапты. Себеп не? Себеп сол, бұл жердегі баспана бағасы біздің елдегіден арзан болмаса, қымбат емес көрінеді. Соңғы 8 жыл бойы үй сату, жалға беру жұмыстарымен айналысып жүрген аланиялық Emerald Group Real агенттігіне арнайы хабарласып көрдік.

Иә, 2020 жылғы пандемиядан кейін шекара ашылысымен баспана сұрап Қазақстаннан хабарласқандар саны күрт артты. Былтырғы қыркүйек айынан биылғы ақпан айына дейінгі уақытта біздің компания 96 қазақстандық азаматқа пәтер сатыпты. Бұған дейін мұндай көрсеткіш мүлде болмаған, - дейді агенттік өкілі. 

Ал анталиялық медицина қызметкері Рамазан Юксел Чорбаноғлу бұл мәселеге басқа қырынан пікір білдірді.

Анталиялық медицина қызметкері Рамазан Юксел Чорбаноғлу

Меніңше, қазақтардың бұл жаққа көшуінің басты себебі, ең алдымен күнкөріске қолайлығы. Екіншіден, біздегі медицинаның сапалылығы. Мысалы, біз медицина бойынша алмандарды басып озуды көздейміз. Алмандар түрік медицинасын өздерінен 10 жылға артта қалған дейді. Ал Қазақстанның медицинасы Түркияның медицинасынан 20 жыл артта екенін бәрі біледі. Кез келген азамат ең алдымен денсаулығын маңызды санайды. Егер медицинаң артта қалса, ондай мемлекеттің де саулығы дұрыс болмағаны. Мұны айтып отырған себебім, біздің агенттік арқылы баспана алған қазақстандықтар Түркияға әсіресе озық медицинасы үшін көшкендерін айтады.

Анталиялық риелтор Осман Емре:

Анталиялық риелтор Осман Емре

Пәтер бағасына келер болсақ, бізде бағасы тиімді 20 мың доллардан байшыкештер таңдайтын 100 мың доллардан жоғары тұратын үйлер бар. 25 мың долларға ас үйі, жуынатын бөлмесі толық жабдықталған, сантехникасы жап-жаңа 1+1, яғни бір бөлмелі су жаңа пәтер алуға болады. Бұл пәтер шамамен  45-50 шаршы метр болады. Ал сіздердің өлшеммен 2 бөлмелі пәтер бағасы 30 мың доллардан басталады, - деп, сатылымдағы бірнеше пәтердің суреттерін жолдауды да ұмытпады.

Түрік риелторларының сөзін анықтамақ мақсатында Нұр-Сұлтандағы пәтер мен Анталия, Аланиядағы пәтер бағасын салыстырып көрдік. Мысалы, астанамызда бір бөлмелі 30-35 шаршы метрлік баспананы 14-15 млн теңгеге алсақ, ал дәл осындай пәтерді Алания, Анталияда 11-12 млн теңгеге сатып алуға болады екен. Астанадан 60 шаршы метрлік пәтерді 29-30 млн теңгеге, ал Анталияда 65-69 шаршы метр пәтерді 15-20 млн теңгеге табады екенсіз. Демек, қазақтардың Түркияға көптеп көшуінің бір себебі пәтер бағасында. Әлеуметтік желілердегі «Түркия қазақтары» атты топ мүшелерінің пікіріне сенсек, бұл жаққа өмір сүру қолайлылығына байланысты көшкендер де көп екен.

Қысы-жазы жеміс-жидек, көкөністі арзан бағаға аламыз. Сүт өнімдері тіпті керемет. Бағалары да қалтаға салмақ салмайды. Мысалы, Алматыда ай сайын 3 адамға 80-100 мың теңгеге азық-түлік алатынбыз. Алған тамақтарымыздың басым бөлігі табиғи емес өнімдер болатын. Дәл осы ақшаға Аланияда дәруменге бай тағамдар аламыз қазір. Оның үстіне теңіздің ауасы да жанға шипа береді екен, - дейді Аруна Қабылбекова.

Аруна айтқандай, денсаулық мәселесіне байланысты қоныс аударғандар да жетерлік көрінеді. Интернеттегі форумдар мен топтарды оқып отырып осыған көз жеткізуге болады. Сонымен Түркияны тұрғылықты мекені еткендердің қалай және не үшін кеткенінен біраз ақпарат алдық дейік. Ал енді жат мекенде күнкөріс мәселесін қалай шешіп жатыр екен отандастарымыз? Бізбен тілдескендердің кейбірі қашықтықтан жұмыс істеп отырғанын, яғни жалақыны Қазақстаннан алатынын айтады.

Бұл жаққа көшіп келгелі бір жылдан асты. Мемлекеттік қызметке тұру жағы қиын. Ол үшін тіл білуден бастап, дипломың да талапқа сай болуы тиіс. Ұлым дәрігер мамандығымен ауруханаға орналасты. Қызым сұлулық салонында. Әйелім екеуміз үйдеміз. Әзірге өзімізге лайық жұмыс таппадық, - дейді зейнет жасындағы Бауыржан есімді отандасымыз. 

Алмаз Бақытбек

Компьютер бағдарламасын орнатумен айналысатын болғандықтан, жұмысты оңай таптым. Бұл жақта техникалық мамандықтар мен ағылшын тілін білетіндерге сұраныс жоғары екен. Сонымен қатар мұғалім, дәрігерлер де үлкен сұраныста. Туризм және құрылыс саласы бойынша дипломы барлардың көбі сондай, біздегі заңгер, экономистер сияқты өте көп, - деп күледі Алмаз Бақытбек.

Басында баспанасы, ай сайынғы кірісі бар адамға енді керегі не? Бөтен елде құқығының заңды қорғалуы. Ол үшін әрине, азаматтық мәселесін шешуі керек. Бұл тұрғыдан да Түркия елі мейлінше жеңілдіктер жасапты. Баспана сатып алған адамға бірден уақытша азаматтық мәртебесі беріледі. Ал 5 жылдан кейін Түркия азаматтығын алуға болады. Ал егер 250 мың доллардан қымбат үй сатып алсаңыз, азаматтық бірден беріледі екен.

Әлеуметтік желі тобындағы Түркияға көшкендердің жазған төмендегі пікірлері мақаламыздың тұздығына айналғандай.  

Ai Jan: «Қарапайым ғана мына дүниеге назар салыңызшы. Түріктердің қариялар, балалар мен жануарларға қатысты ниеті, құрметі мен Қазақстандағы жағдайды салыстырып қараңызшы. Қазақстанда күн сайын жаңалықтардан ит, мысықты қалай қорлап өлтіргені немесе қарияларды қалай тонап кеткені, балаларға қандай зорлық көрсетілгенін көруге болады. Бұл жақта да ондай жағдайлар кездеседі, әрине. Алайда өте сирек кездеседі. Осының өзінен-ақ екі елдегі өмір айырмашылығын көрсетпей ме?»

Алуа Конарова: «Өйткені бұл елде заң шығарылып қана қоймайды, орындалады да. Карантин шараларына байланысты Қазақстан мен Түркиядағы жағдайды алып қараңызшы. Қазақстанда көптеп жиналмаңдар десе, жасырынып той өткізуде. Көшеге шықпа десе, жұрттың бәрі маскасыз көшеде жүр. Түркияның тағы бір ерекшелігі халқының қарапайым және мейірімділігі дер едім. Көшеде әлдебір жағдайға тап болсаң, кез келген түрік көмек қолын созып жетіп келеді жаныңа. Қарапайым адами қасиеттерді бұл елде көптеп кездестіресіз».

Қорыта айтқанда, «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бардың» кері сияқты. Өз елінде заңы мықты, билігі халықтан алыстамаған, ал халқы адами құндылықты ұмытпаған болса, өз үйі мен өмір сүруіне жеткілікті айлығы бар тұрақты жұмысы болса, ондай елді тастап ешкім де шекара аспас, сірә. Десек те, білікті мамандар мен жастардың елден кетуі жақсы құбылыс емесі анық.

Меруерт ХУСАИНОВА

Шымкент

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар