Қазақстанда үйді оңай сатып алуға бола ма?

cover

Қазақстанда 43% адам пәтер жалдап тұрады. Соңғы бір жылда олардың саны 36%-ға өскен. Не себепті халық үйсіз-күйсіз жүр?

Orda.kz редакциясы пайдалы ақпаратпен бөліседі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы мамырда баспана бағасы өскен. Бір айда сәуір-мамыр аралығында жаңа тұрғын үйді сату бағасы – 2,6 пайызға, жайлы үйлерді қайта сату – 0,9 пайызға қымбаттаған. Ал пәтер жалдау ақысы 0,7 пайызға артқан.

Осылайша, мамырда пәтердің бір шаршы метрінің орташа бағасы 335 539 теңгеге жетті.

Бағаның бірден 30 пайызға өсуіне жеңілдікті ипотекалық бағдарламалардың тоқтауы әсер етеді деп болжанған. Алайда, тұрғын үйдің қымбаттауына құрылыс материалдары бағасының 2 есе өсуі себеп болды.

Orda.kz редакциясы баспанасыз жүрген, бірақ болашақта мүлік сатып алуға ниетті халыққа қажетті ақпаратпен бөлісті.

Қазіргі таңда Қазақстанда 8 мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бар:

Нұрлы жер

Кімдерге арналған?

  • көпбалалы отбасыларға
  • толық емес отбасыларға
  • мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға
  • әкімдікте кезекте тұрғандарға
  • мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін адамдарға.

Бағдарлама арқылы әкімдікте кезекте тұрып, дайын пәтер мен жеке үй сатып алуға болады.

Жылдық мөлшерлеме 5% (қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2%), бастапқы жарна 20%. Несие мерзімі – 25 жыл.

Нысандар туралы baspana.kz-тен білуге болады.

5-10-20

Кімдерге арналған?

Әр отбасы мүшесі 126 917 теңге (соңғы алты айда 3,7 күнкөріс шегінен аспауы керек) жалақы алатындар бағдарламаға өтініш бере алады.

Жылдық мөлшерлеме 5%, алғашқы жарна 10%. Несие мерзімі – 20 жыл.

Бағдарлама бойынша кез келген жаңа баспана алуға болады.

  • Қарыздың Алматы және Нұр-Сұлтан қаласы бойынша шекті сомасы – 18 млн теңге;
  • Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысы үшін шекті сома – 15 млн теңге;
  • Басқа өңірлер үшін – 12 млн теңге.

Әкімдік ұсынатын бір шаршы метр үшін баға параметрі:

  • Алматыда – 240 мың теңге;
  • Нұр-Сұлтан және елорда маңында –  220 мың теңге;
  • Шымкент және Алматы қаласының маңында – 200 мың теңге;
  • Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды облыстарында – 180 мың теңге;
  • басқа аймақтарда – 160 мың теңге.

Алматы жастары

Кімдерге арналған?

Мемлекеттік қызметте істейтін 35 жасқа дейінгі жастарға (дәрігерлер, медбикелер, педагогтер, тәрбиешілер, әртістер, мәдениет саласындағы қызметкерлер, жазушылар, бапкерлер, спортшылар, ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері).

Жылдық мөлшерлеме 18%, бастапқы жарна 10%. Қарыздың ең жоғарғы сомасы – 18 млн теңге.

Бағдарлама аясында ескі және жаңа баспана алуға болады.

«Орда» ипотекасы

Кімдерге арналған?

21 жасқа толған ай сайын зейнетақы қорына төлем жасап, табыс көзін растаған азаматтарға.

Ипотека бойынша 1-65 млн теңге аралығында 20 жылға қарыз алуға болады. Бастапқы жарна табыс көзін толық растағандарға 30%, ал ішінара растаушыларға 50%. Сондай-ақ, бастапқы жарнаны жылжымайтын мүлік түріндегі қосымша кепілмен алмастыруға болады.

Бағдарлама бойынша сыйақы мөлшерлемесі:

Табыс көзін толық растағандарға – 12%, ал ішінара растаушыларға – 14%.

«Ұмай» әйелдер ипотекасы

Кімдерге арналған?

320 мың айлық жалақысы бар әйелдерге.

Жылдық мөлшерлеме 12% (қарыз сомасының 50%-і жиналғаннан кейін ол 3,5%-ке дейін төмендейді). Несие мерзімі – 25 жыл.

«Бақытты отбасы»

Кімдерге арналған?

Көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің айлық жалақысы 106 336 теңгеден аспауы керек.

Жылдық мөлшерлеме 2%, алғашқы жарна 10%. Несие мерзімі – 20 жыл.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау үшін берілетін қарыздың шекті мөлшері – 15 млн теңге, басқа аймақтар үшін – 10 млн теңге.

Пәтерді тек кезекте тіркелген аймақтан ғана алуға болады.

Жас отбасы

Кімдерге арналған?

«Отбасы банкінде» депозит ашқан кезде некеге тұру уақыты үш жылдан аспауы керек.

Жылдық мөлшерлеме – 6%, қарыздың шекті сомасы 90 млн теңге, кепілдікке сатып алынып жатқан мүлік қойылады. Несие мерзімі – 6-9 жыл.

Сондай-ақ, бағалау көрсеткіші бес пайыздан төмен болмауы керек.

Бағалау көрсеткіші – қаржылық тәртіптің белгісі. Ол неғұрлым жоғары болса, үй бағасының жарты сомасын жинап алған тұрғын үй заемының мөлшерлемесі соғұрлым төмен болады. Бағалау көрсеткіші тұрақты ақша салғанда өседі.

Әскери қызметкерлерге арналған ипотека

Кімдерге арналған?

Әскери қызметкер мен арнайы мемлекеттік орган қызметкерлеріне.

Жылдық мөлшерлемесі 8% (кейін 3,5% төмендейді), бастапқы жарна 15-50%. Несие мерзімі – 25 жыл.

7-20-25

Кімдерге арналған?

18 жасқа толған, мемлекеттік қызметте істейтін, тұрақты табыс көзі бар азаматтарға.

Жылдық мөлшерлеме 7%, бастапқы жарна 20%. Несие мерзімі – 25 жыл.

Баспана хит

Бағдарлама бойынша салынғанына 50 жылдан аспаған 35 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй алуға болады. Жылдық мөлшерлеме – 10,75%, бастапқы жарна 20%. Несие мерзімі – 15 жыл.

7-20-25 және Баспана хит бағдарламалары 2021 жылдың соңына дейін жұмыс істейді.

Еске салсақ, Қазақстан тұрғын үйге қол жетімділік рейтингісінде 109 елдің ішінде 35 орында.

Сондай-ақ, кейбір азаматтар зейнетақы қорындағы қаражатты мерзімінен бұрын шешіп, тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.

Тұрғын үй аларда нені ескеру керек?

  • Сатып алынатын үйдің шаршы метрінің құнын
  • Ауданын
  • Орналасқан жерін
  • Экологиялық жағдайын
  • Инфрақұрылым деңгейін

4 қабатқа дейінгі пәтерлер орташа есеппен 5%-ға арзан келеді. Бірақ арзанның дәмі татымайтынын ескерген жөн!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар