Қазақстанда қаржылық мониторинг агенттігі құрылды

cover

Қазақстанда қаржылық мониторинг агенттігі құрылды. Агенттікке Қаржы министрлігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы функциялары берілді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігін құру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда сайты.

«Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) құрылсын, оған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы, сондай-ақ экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша функциялары мен өкілеттіктері берілсін», - делінген жарлықта.

Агенттік берілген функциялар мен өкілеттіктер шеңберінде Қаржы министрлігінің құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мұрагері ретінде анықталады.

Президенттің жарлығымен Жанат Еліманов агенттіктің төрағасы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар