Қазақстан президенті 1,6 миллиард еуро қарыз алу туралы заңға қол қойды

cover

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жалпы сомасы 1,6 миллиард еуро қарыз алу туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Қарызды COVID-19 күресу және ел экономикасын қалпына келтіру үшін алып отыр.

Қараша айының соңында Қазақстан парламенті мәжілісі инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен қарыз алу туралы заңды мақұлдаған. Еврибор+0,50% үстемақысымен берілетін бұл қарыздың 908,5 миллион еуросын Азия даму банкі, 661,8 миллион еуросын Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі ұсынып отыр. Жалпы сомасы 1 570 396 000 еуро.

Қаржы министрі Ерулан Жамаубаев 2021 жылы республикалық бюджетке кіріс 11,4 триллион теңге, шығыс 14 триллион теңге болады деп жоспарлаған болатын.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылғы 1 шілдеде елдің сыртқы қарызы 159,8 миллиард долларды құраған. Оның 11,8 миллиард доллары мемлекеттік басқару органдарының, 825 миллион доллары орталық банктің (Ұлттық банк), 5,2 миллиард доллары екінші деңгейлі банктердің, 101,2 миллиард доллары фирмааралық қарыздың үлесінде. Қалған 40,6 миллиард доллар – мемлекет кепілдігімен алынған басқа да қарыздар.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар