Қазақстан: 16 мың шетел азаматы жұмыс барысымен ресми тіркелді

cover

Қазақстан аумағында 2020 жылғы 1 қарашадағы көрсеткіші бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 15 832 шетел азаматтары жұмыс істеп жүр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламада:

«Шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттың ішінде мынадай санаттар бар: бірінші санат – 658 (басшылар және олардың орынбасарлары), екінші санат – 3 430 (құрылымдық бөлімшелердің басшысы). Олардың негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше 7 302 адам және 1 058 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмысқа – 1 728 адам, ал корпоративтік ауыстыру шеңберінде – 1 656 адам тартылды».

Мәліметке сүйенсек, қазір Қазақстанда 1 770 жұмыс беруші шетелдіктерді жұмыспен қамтуда. Бұл жұмыс орындарында, сонымен қатар, 455 мың Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Ол жалпы жұмысшы санының 96 пайызын құрайды.

Еңбекші мигранттар келетін негізгі елдер келесідей:

  • Қытай – 3 459 адам,
  • Өзбекстан – 1 693 адам,
  • Түркия – 1 621 адам,
  • Үндістан – 1 145 адам,
  • Ұлыбритания – 1 038 адам

Айта кетсек, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді. 2020 жылы квота мөлшері жұмыс күшіне шаққанда 0,32% немесе 29,3 мың бірлікті құрады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар