Қазаққа жат болса да, қоғамда бар дүние

cover

Әрбір алтыншы жұп бедеу. 91% қазақстандықта жыныстық сауаттылық қалыптаспаған. Жыныстық сауаттылықтың бедеулікке қандай қатысы барын ORDA түсіндіреді.

Жақында Сенатор Ақмарал Әлназарова жастардың денсаулығын сақтау бойынша туындаған проблемаларды тізіп шықты. Сенатордың айтуынша, қазақстандық жастарда жыныстық сауаттылық жоқ. Жастардың жыныстық қатынасқа 15 жасынан бастап түсетіндігіне қарамастан, оның 91%-ы жыныстық инфекциялардан қорғану қажеттілігі туралы білмейді.

Жыныстық сауаттылықты қалай арттыруға болады?

Валеология – адам денсаулығы туралы ғылым.

2012-2015 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысында колледждің бірінші курс студенттеріне валеология пәні енгізілді, бірақ елдегі жыныстық тәрбиенің тарихы осымен аяқталды.

Көбісі жыныстық тәрбие сабақтары балаларға жыныстық қатынасқа түсуге үйретеді деп санайды. Қазақстандық сексуалды және репродуктивті денсаулық қауымдастығының атқарушы директоры Галина Гребенникованың пікірінше, бұл – қате түсінік. Ол жыныстық тәрбие жасөспірімдердің денсаулығына деген құрмет пен өз әрекеттері үшін жауапкершілікті қалыптастыратындығына сенімді.

Жасөспірім өзін қызықтырған сұрақтарға жауапты не мектеп қабырғасында, не үйінде біле алмайды. Осының салдарынан мәселенің шешімін өзінен үлкен таныстарынан немесе интернеттен  іздей бастайды. Көбіне мұндай ақпарат сенімсіз болып келеді, осылайша жас бала өзін-өзі емдеумен айналысуы мүмкін. Мұндай мінез-құлық көбіне жастар ішіндегі бедеулікке әкеледі. Соңғы мәліметке сүйенсек, жастардың 62,6%-ы өзін-өзі емдеумен айналысады, яғни, бұл жақын арада бедеуліктің күрт өсуіне әкелуі мүмкін.

Өзін-өзі емдеу бедеулікке әкеледі

Жаңа шаңырақ көтерген жас отбасылардың 15%-ы бедеулік мәселесімен жолығады. Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының мәліметтері бойынша, 2020 жылы 9 467 әйел бедеулікпен тіркелген. Көрсеткіш тек болжамды түрде, оны есепке алатын бірыңғай жүйе жоқ. Жоспар бойынша Қазақстандағы бедеулікке шалдыққан азаматтардың бірыңғай тізілімі 2021 жылы қолға алынуы керек.

Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев (2020 жыл қыркүйек)

Осы орайда, ORDA қазақстандық жас отбасында кездесетін бедеулік мәселесін алғаш көтерген режиссер Ардақ Төлеубаймен байланысқа шықты.

Оның «Бір сен үшін» дебюттік фильмі 8 жыл бойы бала сүюді армандаған отбасының өмірін баяндайды.

– Меценаттар құрған «Аналар үйімен» байланысып, қоғамдағы осы мәселеге үңіліп, зерттеп жүргенімде бір оқиғаны естідім. Осы оқиға бізді фильм түсіруге итермеледі. Біз өмірден алған оқиғаны аздап көркемдік жағынан өңдеп экранға шығардық.

Шындығында, 8 жыл бала сүюді армандаған отбасы 25 жастағы қызға ақша беріп, суррогат ана болуға көндіреді. Бірақ бойжеткен босанбай тұрып, бойына біткен балаға деген аналық сезімі оянып, ойынан айнып қалады. Менің ойымша, әр әйел ана бақытын сезінуі керек.

Соңғы кездері жастардың бедеулік мәселесінің куәгері болып келемін. Сондықтан, шарасыз, бірақ жағдайы жетіп тұрса, жас отбасыларға Құдайдың берген сыйынан бас тартпау керек. Себебі, экстракорпоральды ұрықтандыру (бұдан әрі – ЭКҰ) жасатуды барлығының қалтасы көтермейді, деді Ардақ Төлеубай.

Ақшаға сатып алынатын бақыт

Қазір ЭКҰ жасату құны 350 мың теңгеден басталып, 3 млн-ға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан, 2010 жылдан бастап ЭКҰ бағдарламасына 100 квота бөлінді. 2020 жылы оның саны 30 пайызға өсіп, шамамен 1200-ге жетті. Енді 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасының аясында 7000 мың квота берілу жоспарлануда.

Алайда, барлық бедеу жұптар ЭКҰ-ға жүгіне алмайды. Квота жылына бір рет беріледі. Оған репродуктивті жастағы (15-49 жас аралығы) және аналық безі жақсы сақталған науқастар тіркеле алады. Өздігінен бала көтеруге мүмкіндігі жоқ ауыр сырқаттары барларға квота берілмейді.

Бүгінде елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Оның 21-і жекеменшік. Қазіргі уақытта осы әдіспен 22 мыңнан астам бала дүниеге келді.

Неге ЭКҰ жасырын болып қалуда?

– 30 жасымда тұрмыс құрдым. Жолдасым өзімнен 12 жас үлкен. Оның 21 жастағы ұлы бар. Мен бала сүймегенмін. Екі жыл бала сүйе алмадық. Болмады. Кейін енемнің ұсынысымен ЭКҰ бардық, екеумізде тексерілдік. Жұбайымның ұрығы жарамсыз болып шықты. Кейін отбасымызбен ақылдасып, қайын інімнің ұрығын алдық. Үш рет тырыстық, үшінші ретінде екі бірдей ханшайым дүниеге келді, деді ЭКҰ жасатқан Мейрамгүл Ерболова (кейіпкердің аты өзгертілген).

ORDA кейіпкерлермен жұмыс барысында, ЭКҰ қоғамға үйреншікті болып келе жатқанына қарамастан, емделуші науқастардың өздерін ашық жариялаудан қысылатындықтары байқалады. Осы сауалды ЭКОМед адам ұрпағын өрбіту емханасының қызметкерлеріне қойғанда:

– Біздің адамдар ұялмайтын жерде ұялады. ЭКҰ-ға барып емделдік десе, бірден біреудің ұрығын салдырып алды деген сөгіс естиміз деп ойлайды. Сондықтан, көбісі балаларының ЭКҰ арқылы дүниеге келгендерін жария етпейді, деп жауап берді.

Шынымен, ЭКҰ арқылы алғаш 1996 жылы дүниеге келген бойжеткен жайлы еш жерде ашық жарияланбады. Тек оның жағдайы мен денсаулығы әрдайым дәрігерлердің бақылауында болғаны белгілі.

– Біз оны көрсете алмаймыз, себебі бұл отбасының қалауы, деді алғашқы «түтікшедегі нәрестенің» авторы Салтанат Байқошқарова.

Алайда, әлемдегі алғаш жасанды жолмен дүниеге келген 43 жастағы Луиза Браун өзін жасырмайды.

Кішкентай ақаулық – үлкен мәселенің бастауы. Жастардың жыныстық сауатсыздығы Қазақстандағы демографиялық дағдарысқа әкелуі мүмкін.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар