Атқа мінді, доп тепті. Партиялар үгіт-насихат науқанында не істеп жүр?

cover

Қазақстанда 10 қаңтарда кезекті мәжіліс және мәслихат сайлауы өтетіні белгілі. Осыған орай, Орталық сайлау комиссиясы бір ай бұрын, яғни 10 желтоқсанда сайлау алды үгіт-насихат науқанының басталғанын жариялады. Сайлауға қатысқалы жатқан бес партия осы науқанды қалай өткізіп жатыр? Сайлаушыларына қандай уәде беріп, олардың қай проблемаларына назар аударып жатыр? ORDA. тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

АТҚА ҚОНҒАН АУЫЛДЫҚТАР

Парламент сайлауына қатысқалы жатқан «Ауыл» партиясы үгіт-насихат науқанын Түркістан облысынан бастады. Партия сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, 11 желтоқсанда партия төрағасы Әли Бектаев бастаған бір топ ауылдықтар Түркістан облысына қарасты Қазығұрт тауының етегіндегі «Кеме қалған» алаңында «Ауылдықтар атқа қонды, қолдайық!» атты акциясы өткізген. Партия мүшелері атқа мініп, ту көтерген.

Атқа мініп, ту көтеріп тұрған "Ауыл" партиясының мүшелері. Фото партия сайтынан алынды.

«Атқа қону» ұғымы халқымздың мүдделерін қорғау үшін күш жұмылдыруды білдіреді. Атқа қонғандар жақсылықтың жаршысы, партияның жоспарлары мен ұсыныстарының хабаршысы болады. Сондықтан барлық кандидаттардың бірінші кезектегі міндеті партияның сайлауалды бағдарламасын әрбір ауылға, әрбір қазақстандыққа жеткізу», - деді Бектаев Түркістан облысында өткен партия акциясында.

Партия сайтында жарияланған баспасөз хабарламаларына қарағанда, ауылдықтар көбіне зауыттарды, фабрикаларды, өндіріс орындары мен шаруа қожалықтарын аралап жүр. Сонымен қатар партия мүшелері зиялы қауым өкілдерімен, әдебиетшілермен және қолөнер шеберлерімен де кездескен.

Бұдан бөлек, партия науқан аясында «Ауылдан ауылға» деген республикалық акция бастаған. Партия сайтының жазуынша, аталған акция аясында партия мүшелірі, партия атынан депутаттыққа кандидаттар елдегі барлық ауылды, елдімекенді аралауды көздеп отыр.

Ауыл партиясы Жамбыл облыстық филиалының мүшелері "Ауылдан ауылға" деген акция аясында ауылда жүр. Фото партия сайтынан алынды.

СПОРТ ПЕН САЙЛАУДЫ ҰШТАСТЫРҒАН ҚХП

Жуырда атауындағы «коммунистік» деген сөзді алып тастап, Қазақстанның халық партиясы (ҚХП) атанған саяси ұйым сайлау алды үгіт-насихат науқанын 11 желтоқсанда бастап, БАҚ өкілдеріне өздерінің сайлау алды жоспарын айтты.

Сол жиында ҚХП «елдің саясатын әлеуметтік бағытқа бұрып, қарапайым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жалғастырамыз» деп мәлімдеді. Партия өзіне «Халық, жер, әділдік» деген сөздерді ұран етіп алған.

Партияның ресми сайтында жарияланған ақпараттық хабарламаларға қарағанда, сайлау алды үгіт-насихатты ҚХП орталық комитеті емес, облыстық және қалалық филиалдары белсенді жүргізіп жатыр. Партияның орталық комитеті 10 желтоқсаннан бері небары үш-ақ жиын өткізген. Оның бірі – баспасөз мәслихаты, бірі – акция, енді бірі – бифида ауруымен ауыратын балалардың ата –аналарымен кездесу.

ҚХП-ның облыстық филиалдары өткізіп жатқан іс-шаралардың ішіндегі ерекшесі - футбол матчы. 12 желтоқсанда Қарағандыда "ҚХП" футбол командасы "Жеңіс" деген командамен жолдастық кездесу өткізген. Партия сайтының жазуынша, жолдастық кездесу – ҚХП жүргізіп отырған сайлауалды үгіт-насихат науқаны жұмысының бір бөлігі.

Қарғандыда футболдан жолдастық кездесу өткізген "ҚХП" мен "Жеңіс" командасы. Фото партияның ресми сайтынан алынды.

ПАРТИЯ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАУШЫЛАРЫМЕН ЖҮЗДЕСПЕЙТІН «НҰР ОТАН»

Биліктегі «Нұр Отан» партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқанын 10 желтоқсанда бастады. Сол күні Нұр-Сұлтанда партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің төрағалығымен партияның республикалық сайлауалды штабының бірінші отырысы өтті. Оған партия төрағасы, Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеген Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жоқ.

Сол жиында Байбек «Біз көп адам жинайтын ауқымды іс-шаралар емес, шағын жиындарға көшеміз. Нақты әлеуметтік топтар – зейнеткерлер, жұмысшылар, дихандар, мұғалімдер және дәрігерлермен кездесеміз. Оларды толғандырған мәселелерді жан-жақты талқылап, сайлауалды бағдарламада көрсетілген мәселелердің нақты шешімін әрбір сайлаушыға қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу қажет. Шалғай ауылдарға дейін бару керек» деп мәлімдеді.

Байбек айтқандай, Нұр Отанның республикалық сайлауалды штабы облыстарды аралып жүр. Осы уақытқа дейін билеуші партия Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола облыстарында және Шымкент қаласында кездесу жиынын өткізді. Бірақ бұл кездесулердің бірде-біреуінде партия төрағасы Назарбаев бой көрсеткен жоқ.

"Нұр Отан" партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен «Jas Otan» жастар қанатының V съезі. Фото партияның ресми сайтынан алынды.

Ол сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталғалы бір-ақ рет ел алдына шықты. Оның өзінде 11 желтоқсан күні өткен "Нұр Отан" партиясы "Жас Отан" жастар қанатының V съезіне қатысып, партияның жастарымен жүздесті. Ол жиында сайлау туралы сөз қозғаған жоқ.

Есесіне «Нұр Отанның» сайлау штабында әнші, актер, спортшы, блогерлер көп жүр. Бұны партияның қалыптасқан дәстүрі десе болады. Өйткені бұрыннан «Нұр Отан» ұйымдастырған түрлі акция, іс-шара, жиын бәрі де өнер адамдарының қатысуымен өтіп келеді.

ӘБЛЯЗОВ ҚОЛДАҒАН «АҚ ЖОЛДЫҢ» САЙЛАУАЛДЫ ЖОЛЫ

Өздерін парламенттегі «оппозиция» атайтын «Ақ жол» партиясы да сайлауалды үгіт-насихат науқанын 10 желтоқсанда бастады. Партия төрағасы Азат Перуашев бастаған ақжолдықтар сол күні Ақмола вагон жөндеу зауытына барып, зауыт қызметкерлерін партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды.

Ақмола вагон жөндеу зауытының жұмысшыларымен кездесіп тұрған ақжолдықтар. Фото партияның ресми сайтынан алынды.

Зауыт жұмысшылары алдында сөз сөйлеген Перуашев оларға бірнеше уәде берді.

«Партия үгіт-насихат жүргізу науқаны аясында еркін экономикалық аймақтардағы кәсіпорындарды салық төлеуден 10 жылға босатуды, салықтық рақымшылық жүргізуді, яғни шағын және орта бизнесті ҚҚС, КТС және мүлік салығын төлеуден төлем қабілеті толық қалпына келгенше босатуды ұсынады», - деді партия төрағасы.

Перуашев бастаған ақжолдықтар тағы бірнеше қаладағы өндіріс орындарында, зауыттар мен фабрикаларда дәл осындай жиын өткізді.

«Ақ жол» да өзге партиялар сияқты жастардың флэшмобын өткізіп, үгіт-насихат материалдарын таратып жүр.

Қуғындағы бұрынғы банкир, өзін қазіргі Қазақстан билігінің «нөмірі бірінші жауымын» деп атайтын Мұхтар Әблязов жақтастарын «Ақ жол» партиясын қолдауға шақырғаннан кейін әлеуметтік желіде бұл партияға дауыс беруге шақырып жатқандар көбейді. Олардың арасында белгілі қоғам белсенділері де бар.

АДАЛ ПАРТИЯСЫ ДА ТӨРАҒАСЫЗ ЖҮР

Бағдарламасында «адамдарға әділдік таныту, биліктің есеп беруі және бизнестің бәсекеге қабілеттілігі қағидаттарына негізделіп, қоғамның барлық салаларына ауқымды түрде жаңарту жүргізілгенін  қолдаймыз» дейтін Адал партиясы да үгіт-насихат науқаны басталғалы бері елдегі облыстарды, аудандар мен ауылдарды аралап жүр.

Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, саяси ұйым үгіт-насихат науқаны аяқталғанша елдегі барлық облыс орталығы мен шалғайдағы елді мекендерді араламақ.

Бұған қоса, бұл партияның өкілдері пандемияға байланысты көптеген кездесуін онлайн өткізіп жүр.

Партия мүшелеренің айтуынша, кей облыстарда «Адал» партиясына орталықта жиын өткізуге рұқсат берілмеген.

Бір айта кетерлігі «Адал» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали да «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев тәрізді үгіт-насихат науқаны басталғалы бері әлі бір жиын өткізген жоқ.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар