Астанада қайтыс болған фельдшердің отбасына қандай төлем төленеді?

cover Фото: әлеуметтік желіден

Еңбек министрлігі марқұм фельдшердің отбасына қандай төлем қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды Orda.kz. 

Бірінші вице-министр Асқарбек Ертаевтың сөзінше, қазір бұл мәселемен арнайы комиссия айналысып жатыр. Соған сәйкес жұмыс берушінің жауапкершілігі анықталады. 

«Мен ол фельдшердің отбасы жайлы нақты білмеймін. Егер баласы болса, онда заң бойынша асыраушысынан айырылғаны бойынша жәрдемақы төленеді. Егер жұбайы болса, онда жұбайы мен баласының асыраушысынан айырылу жәрдемақысын алуға құқығы бар. Екіншісі – жерлеуге берілетін жәрдемақы. Егер адамның міндетті аударымдары болса, онда 95 АЕК мөлшерінде жерлеуге арналған төлем беріледі. Осы сияқты төлемдер болады», – деді ол.

Сондай-ақ, сақтандыру шарты болған жағдайда тиісті төлемдер де жасалуы тиіс екені айтылды. 

Еске сала кетейік, қайғылы жағдай 8 қарашада болды. Тәуелсіздік даңғылындағы көпқабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптамасы мен салқындатқыш қондырғысы құлап сол арадағы адамдардың үстіне түсті. Салдарынан үш адам зардап шекті. Олардың арасында шақыртуға келген екі жедел жәрдем фельдшері бар. Солардың бірі — 23 жастағы Ұлдана Мырзуан. 

Айта кетейік, дәрігерлер Ұлдану Қалдарханқызының өмірі үшін 10 күн күресті. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар