Алтын Орда базарындағы сауда жанданып, карантин ұмыт болған

cover

Алдыңғы демалыста Алтын Орда базарында адамдардың жаппай жиналуы желі қолданушыларының наразылығын тудырған болатын. Олардың айтуынша, ата-аналар амалсыздан балаларына жаңа оқу жылына киім іздеп, базар аралауға мәжбүр.

Осы сенбі, жексенбі оқу жылының басталуы алдындағы соңғы демалыс күндер. Orda.kz редакциясы қыркүйекке санаулы күндер қалғанда базардағы жағдай қандай екенін анықтап білді.

Фото: Айнура Дарибаева

Редакция Алтын Орда базарына 14:00 шамасында барды. Райымбек көшесінде ұзын сонар кептеліс. Базарға кіре беріс жерде, авто тұраққа жауапты қызметкерлер орын жоқтығын айтып, есікті жауып, көліктерге басқа жерге баруды сұрады.

Фото: Айнура Дарибаева

Шыныменде, тұрақта орын жоқ. Адамдар амалсыздан көліктерін жолдың бойында тастап кетіп жатыр.

Базарға кіре беріс жерде сатушылар жейделер мен формаларды жерге жайып тастап, төмен бағамен сатуда. Онда жейдені 2500 тг, ал қыздарға арналған көк түсті белдемшелер 1000-1500 теңгеге табуға болады. Аяқ-киімдердің бағасы 3500 теңгеден басталады. Спорттық киімдерді 5000 теңгеге табуға болады. Бір қарағанда, ата-аналар балаларын жетектеп, осы кіре берістен киіндіріп алып кетіп жатты.

Фото: Айнура Дарибаева

«Неге базардың өзінен алмасқа» деген сұрақ туындайды. Себебі, базардың ішіне кіру мүмкін емес. Адамдардың көптігінен бірін бірі итерісіп, ішке емін-еркін кіре алмайды. Әр қайсында бір-бір баладан, тіпті 5-6 баланы жетектеп жүрген қос ата-ананы көруге болады. Бірі кеңсе тауарларын таңдап тұрса, бірі ішке мектеп формасын іздеп, кіруге талпынып жатыр.

Фото: Айнура Дарибаева

Ең қызығы, Алтын Орда базарында мұндай адамдардың жаппай жиналуы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді деуге болады. Бірі жөтеледі, бірі түшкіреді, біреу қақырып әлек. Ешқандай да әлеуметтік арақашықтық сақталмаған.

Фото: Айнура Дарибаева

Екі баласын ертіп келген аналардың бірі Айгүлдің айтуынша, олар базарға амалсыздан келген.

 – Амал жоқ, осында келдік. Жұмыс күндері базар мен дүкен аралап жүретін уақыт жоқ, демалыс күні тек Алтын Орда базары істейді. Басқа жерлерді де ашса болар еді. Екі баламды мектепке киіндіру керек. Шамамен 200 мың теңгеге мектепке дайындай аламын деп үміттенемін.

Фото: Айнура Дарибаева

– Бірақ мұнда түк таңдау жоқ екен. Бағалары да демалыс күндері біраз қымбаттаған. Амал жоқ іздеп жатырмыз. Келгенімізге екі сағат өтті, әлі ештеңе алмадық, - дейді Айгүл балаларымен базар аралап, шаршағанын айтып.

Фото: Айнура Дарибаева

Orda.kz тілшісі сондай-ақ, үш баланың анасы Ұлжанмен де тілдесті.

– Өзіміз соңына дейін киім алмай жүріп қалдық. Таңдау жоқ. Бағасына 2000 теңге қосып сатып жатыр. Балаң үшін амалсыздан аласың, - деді Ұлжан.

Фото: Айнура Дарибаева

Осылайша, базар аралап шаршаған ата-аналар қажетті киімді қымбат болса да алуға дайын екендерін айтты.

Фото: Айнура Дарибаева

Ендеше неге сөрелерде ата-аналар іздеген мектеп формасының жоқтығын сатушылардан сұрап білмек болдық. Бірақ сатушылар түске дейін көп адаммен сауда жасап, милары ашып, артық сөз айтуды құп көрмеді. Барлығы дерлік «сауда қызу жүріп жатыр, жауап бере алмаймыз» деп құтылды.

Бірақ сатушылардың бірі Orda.kz редакциясының сұрақтарына адам азайғаннан кейін жауап беруге келісті.

Фото: Айнура Дарибаева

Оның айтуынша, адамдар базарда қатты көбейіп кеткен.

– Мектеп формасын іздеп жүргендер көп. Қажеттісін тауып бере алмай жатырмыз. Классикалық үлгідегі шалбарлар жетпейді, содан «таңдау жоқ» деп ренжіп жатыр. Не істей аламыз? Біз тауарды Кенжехан базарынан әкелеміз. Онда жоқ болған соң, бізде де жоқ, - деді сатушы Гүлжамал.

Фото: Айнура Дарибаева

Гүлжамал, тауардың жоқтығын фирмалардың мектеп формасын жеткілікті көлемде шығармағаннан дейді.

– Бағасы қымбат емес. Тауардың көтерме бағасы 1000 тг қымбаттаған. Жейдені 4000 тг табуға болады. Үштікті (костюм, жилет, шалбарды) 10 мың тг алуға болады, - дейді сатушы.

Фото: Айнура Дарибаева

Шыныменде мектеп формасын сатып алушылар көбейген. Базарда мектеп формасын сатып тұрған сатушылардың саудасы жанданған. Әшекей бұйым, күнделікті киім, косметика дүкендерінде сауда мүлде жоқ деуге болады.

Фото: Айнура Дарибаева

Осылайша, Orda.kz редакциясы Алтын Орда базарында балаларын жаңа оқу жылына дайындауға әкелген ата-аналар мен адамдардың үлкен толқынынан шаршаған, ашулы адамдардың пандемияны ұмытып, қызу саудаға кірісіп кеткенін көріп қайтты.

Фото: Айнура Дарибаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар