Альмира Тұрсын неге ақбөкенмен суретке түскенін айтты

cover

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, актриса Альмира Тұрсын және фотожобаның авторы жаңа туылған ақбөкенмен фотосессияға қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Сурет қазақстандықтардың ашуын тудырды.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Ақбөкенге алаңдаушылық танытқандар жаңа туған баласын ұстағаннан кейін, анасы оны қабылдамауы мүмкін деп қорқады. Сондай-ақ, фотосессия кезінде кішкентай бөкен стресс алды деген ойда.

Министрліктің баспасөз хатшысы Самал Ибраеваның айтуынша, фотоэкспедицияны ресми рұқсатпен кәсіби фотограф Оспан Али жүргізген.

– Біз кездесу күні мен уақытын бекітіп, рұқсат бердік. Жануардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін шараны инспекторларымыз жүргізді. Барлығы бақылауда болды. Бірде-бір бөкенге зиян келтірілмеді, - деді Самал Ибраева Facebook-те.

Экология министрлігі инспекторлардың бақылауымен және рұқсатымен жүзеге асырылатын мұндай жобаларға қарсы емес екендіктерін айтты. Сонымен қатар, олар барлығына бірдей рұқсат берілмейтіндігін баса айтты.

Ал модель Альмира Тұрсын фотосессия «көңіл көтеру мақсатында» болмағанын айтты.

– Біз жабайы табиғатқа ешқандай зиян тигізбеу үшін өз жұмысымызды мүмкіндігінше тез және мұқият жүргіздік, - деді актриса.

Фотосуреттер #MQDQ «Men QAZAQ даласының QYZYMYN» («Мен қазақ даласының қызымын») жобасы аясында түсірілген және халықаралық фотокөрмеде көрсетіледі.

Еске салсақ, Альмира Тұрсын Ақан Сатаевтың сақ патшайымы Томиристің рөлін сомдаумен танымал болды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар