Алматының алмасы ұлттық брендімізге айналуы керек – Тоқаев

cover

Мемлекет басшысы Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, Алматы облысы жұртшылығымен кездесті.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы шаһарындағы маңызды мәселе туралы айтты.

– Алматы облысы – халқының саны ең көп аймақтардың қатарында. Мұнда медицина мекемелерін салу – басты міндеттің бірі. Қазіргі ауруханалар мен емханаларды заман талабына сай жаңғырту қажет. Бұл жұмыс азаматтарымыздың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Бүгінде облыста 396 денсаулық сақтау мекемесі бар. Менің тапсырмам бойынша ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында осы өңірде үш жылдың ішінде 38 емдеу орны салынады. Алайда, мұның өзі жеткіліксіз. Қазір облыс тұрғындары дәрігерге қаралу үшін көбіне Алматыға барады. Сондықтан, денсаулық сақтау мекемелерінің тапшылығы қатты сезілмей отыр. Бірақ, қаланың мүмкіндігі шексіз емес. Шаһардың медицина инфрақұрылымы шамадан тыс жұмыс істеп жатқаны белгілі. Облыс әкімдігі қай жерге қанша емдеу мекемесі қажет екенін мұқият зерделеуі керек. Содан соң Үкімет нақты шараларды қабылдайды, – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ президент алматының алмасын ұлттық брендке айналдыруды тапсырды.

– Алматының алмасы әлемге танымал ұлттық брендімізге айналуы керек. Бұл өңір алмадан басқа да түрлі жеміс-жидек өсіретін бау-бақшасымен танымал. Оны дұрыстап дамытса, облыс елімізді жеміс-жидекпен қамтамасыз етумен қатар, оны экспорттай алатыны сөзсіз. Алматы қаласының іргелес тұруы да – қолайлы фактордың бірі. Қазір менің тапсырмам бойынша шаһардың азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама жүзеге асса, облыстың ауыл шаруашылығы тың қарқынмен дамиды, – деді Тоқаев.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар