Елордада Алматыдан келген есірткі сатушылары ұсталды

cover

Нұр-Сұлтан тұрғыны кокаинның синтетикалық түрін сату барысында құрықталғаны туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі хабарлады.

«Министрліктің Әскери тергеу департаменті қызметкерлеріне аймақ тұрғындарының есірткі және психотропты заттарды сатуы туралы жедел ақпарат түскен. Бас әскери прокуратураның келісімімен, жедел іздестіру шаралары мен тінту кезінде күдіктілердің үйінен психотроптық зат, кокаиннің синтетикалық түрі тәркіленді.

Тергеу барысында 32 жастағы елордалық Алматыдан психотроптық заттарды жеткізуді және оларды интернет мүмкіндіктерін қолдана отырып, Нұр-Сұлтанда сатуды ұйымдастырғаны анықталды», - деді брифингте Ораз Нұрділда.

Қазіргі уақытта төрт күдікті, оның ішінде 25 жастағы бойжеткен ұсталды. Күдіктілер екі қалада да уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту, не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Аталған қылмыс үшін азаматтың мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар