Алматыдағы атышулы жол апаты нәрестені тағдыр тауқыметіне ұшыратты

cover Коллаж: Orda.kz

Қарбалас кептеліс пен абыр-сабыр қала тірлігінде асықпайтын адам жоқ шығар. Қалалық полиция басқармасының дерегіне сүйенсек, еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыда тек осы жылы 2127 жол апаты болып, 24 адам көз жұмып, 2323 адам дене жарақаттарын алды. 

Orda.kz тілшісі осы мәселеге қатысты автобус пен жеңіл көлік жүргізушілері арасында сауалнама жүргізді. Ең әуелі бір адам қаза тауып, 16 адам медицина көмегіне жүгінуге мәжбүр болған 26 маусымдағы қайғылы оқиғаға тоқтала кетсек. Мақатаев пен Сейфуллин көшесінің қиылысында болған автобус пен жеңіл көлік соғылған апатта жеңіл көлік жүргізушісі Анель Сартаева кінәлі болып отыр. Қазір Сартаева сотқа дейінгі уақытша қамау изоляторына қамалды. Оның жас ана екені, 4 айлық нәрестесі бар екені анықталып отыр. Емшектегі баланың жасанды сүтке аллергиясы болған соң, жақындары оны уақытша қамау изоляторындағы анасына әкеліп жүр. 

4 айлық нәресте

Полиция басқармасы дереу жеңіл көлік иесі Анельді уақытша қамау изоляторына қамады. 4 айлық нәрестенің жасанды сүт түрлеріне аллергиясы болған соң,  ана үшін де, нәресте үшін де өте қиын жағдай туды. Оның үстіне мұндай 1 жасқа толмаған бала жиі емеді. Қазір баланың психологиясына ауыр соққы болып, ұйқысы бұзылып жатқаны айтпаса да түсінікті жағдай. Бұл жайлы тілшіміз белгілі адвокат Жанна Оразбақоваға сұрақ қойғанда ол уақытша қамайтын жерлерде жағдай жоқ екенін және жас баласы бар әйелді қамау дұрыс емес екенін айтты.

«Уақытша қамау изоляторында да, тергеу изоляторында да ана мен балаға, соның ішінде бала емізетін анаға ешқандай жағдай жоқ. Ол жерге ер адамның өзі әрең төзеді. Қыста суық, жазда ыстық. Ауа жоқ. Баланы киіндіріп, шомылдыратын жағдай жоқ. Сондықтан бала емізетін адамға ол жерде өте қиын болады. Ал әйелді қамауға болмайды. Ол қасақана қылмыс істемеді. Ешқайда қашпайды. Бұрын сотталмаған. Оны қамауға алғаны дұрыс емес», – деді Жанна Оразбақова.

Анельдің адвокаты Қанат Әлсейітов  үйқамаққа жіберу туралы ұсынысын өз парақшасында жариялаған болатын.

 

Алайда, 29 маусымда сот Анельді  жаза тағайындалғанша 2 айға изоляторда ұстай тұру жайлы шешім қабылдады.

«Өкінішке қарай, баланың анасын 2 айға қамаққа жіберетін болды. Баланы уақытша қамау изоляторына әкелді. Баланың ұйқысы нашар болып жүр, аллергиясы бар», – деді Қанат Әлсейітов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуірде әйелдер мен балалар құқығын қорғау туралы заңға қол қойды. Халық бөркін аспанға атып, адам құқығы жайлы заң қабылданғанына қуанды. Тіпті, БҰҰ Қазақстанның қабылдаған заңын қолдап, ризалығын білдірді. Алайда түрмедегі әйелдердің, соның ішінде жас аналардың бала емізуіне изоляторларымызда жағдай жоқ екенін адвокат Жанна Оразбақова айта кетті.

БҰҰ заңнамаларына қарасақ, қылмыс істеген ересектер үшін нәресте жапа шекпеуі керек. Жалпы моральдық тұрғыда баланы азап шектіріп қою дұрыс емес. Қазіргі уақытта баланың аллергиясы болған соң, оның қарны ашқан сәтте анасының қасында бола алмай, қандай азап шегіп жатқанын елестете беріңіз.

«Миға сыймайтын сот шешімдері» 

Ал адам құқықтарын қорғап жүрген «НеМолчиKZ» ұйымының басшысы заң талаптарына емес, қоғамдық пікірге қарайтын сот шешімдеріне күйінді.

«Соңғы кездері қоғамда болған резонансқа билік мән беретін болды. Бұл жағдайда да резонансты болған соң, билік халықты сабасына түсіру үшін, адамды ештеңеге қарамай қамап тастағаны айдан анық. Жол жүру ережесін әдейі бұзылмады. Оның үстіне қолымызда нақты оның кінәлі екенін дәлелдейтін экспертиза жоқ. Мен неге бұлай деп тұрмын? Себебі бұған дейін қолымызда балаларды қағып өлтірген жағдайдың материалдары болып еді. Бірақ оларды қамамақ түгілі жауапқа тарта алмаған кездеріміз болған», – деді Дина Смайылова.
«Егер ол жас ана болса, біз бала мен ананың құқығын таптадық. Себебі, изоляторға қамайтындай ол қасақана қылмыс істемеген қоғамға қауіпті қылмыскер емес. Бұл бүкіл Қазақстан халқының есін жиғызатын жағдай болып тұр. Жас ананы үйқамаққа қамауға болатын еді. Біздің елде қасақана түрде әйелге зорлық көрсеткен, қорлаған, адам өлтірмек болған кейбір қылмыскерлер үйқамақта отырады екен де, ал қасақана жол ережесін бұзбаған жас ана неліктен үйқамақта отыра алмайды?», – деп наразылығын білдірді Дина Смайылова.

Сондай-ақ, ол Лиза Пылаеваның ісін ашық сотта қарап жатқанын, ал бірнеше күдікті бостандықта жүргенін айтты. Бостандықта жүргендердің ішінде адам өлтірді деген күдікті мен 5 жыл бойы осы қылмысты жасырғандар бар. Дина Смаилова биліктің мына жағдайда ана мен баланы азапқа салып қойып, ал Лиза Пылаеваның өліміне күдікті адамды бостандыққа қоя беруі миға сыймайтынын айтты. 

«Сондықтан бұл жерде баланың құқығы сөзсіз тапталып отыр және олардың әйелді қамауға мүлде құқығы болмады. Әйелдің құқығы да бұзылды. Қоғам шулаған соң, жауап ретінде қамай салды. Міне, біздің сотымыздың түрі осы. Олар заң бойынша емес, қоғамдық резонансқа қарай шешім қабылдайды. Ал қоғамдық резонансқа келетін болсақ, билік адам құқығын қорғауда осыған қарай үлкен қателік жіберіп отыр. Себебі, біз Тоқаевқа жүгінген бейнежазбаларды күнде көреміз. Күніне әртүрлі қылмыстық фактіге қарай шығып жатады. Егер байқасаңыз оның көбі зорлық көргендерге қатысты. Тіпті қылмыскерлер бостандықта жүрген жағдайлар бар. Ал қасақана қылмыс істемеген жас ананы қамап қою қате», – деді Дина Смайылова.

Сондай-ақ, Дина Смайылова бізге жазадан құтылған екі азамат жайлы бұрын айтылмаған оқиғаны  баяндады. Жақында жол апатынан қаза болған ерлі-зайыптылар 7 жыл бұрын 6-7 жасар баланы мас күйі көлігімен қағып өлтірді. Алайда сот болғанымен ешкім қамауға алынбады. Сау болса баланы қағып кетпес еді. Ал ішіп алып көлік айдаған азамат қасақана өлтірді деуге келеді. Дина Смайылова осы оқиғаларды салыстырып соттың екібеткейлігін айтты.

Кектенетін қоғам емес едік

Бұл мәселеде тағы бір назар аударатын дүние — әлеуметтік желі қолданушыларының арасында дау. Бірі кепіл беру арқылы анасын үй қамаққа жіберіп баласымен қауыштыруды қолдаса, бірі «заң ешкімді аямауы керек» деп жазды.

Сондай-ақ, Сейфиуллин мен Мақатаев көшелерінің бағыттары дұрыс орналаспағанын айтып, шенеуніктердің кесірінен жол апаты болып жатыр дегендер де табылды.

  

Бұл мәселе бәрінен бұрын нәрестенің өміріне қатысты болған соң, алдағы уақытта да ақпарат беріп  отырамыз. Әрине, қайтыс болған жігіттің жас өмірден озуы орны толмас өкініш болды. Алайда, тағы бір өкінішке айналуы мүмкін жайт — шырқырап жатқан нәрестенің жағдайы.

Заңды орындар қоғам шулаған соң, сәбидің жағдайын ескермей отыр. Жас бала қайта-қайта емеді. Оны ары-бері тасып жүру, оның үстіне бас бостандығынан айыратын жерге әкелу оңай болып жатқан жоқ. Әйел адамға түбі сот әділ шешім қабылдайды. Ал егер сәбидің жағдайы нашарласа, қолында бар құзыреті бола тұра, әрекет қылмаса, заң орындары және нәрестенің жағдайына пысқырып та қарамаған қоғам бұл баланың алдында кінәлі болады. Біз әсте «қанға қан» деп кектенетін қоғам емес едік.

Бейсанадағы өлімге құштарлық

Психологияда мұны сәбилік депривация дейді. Анасының жылуын сезбей, байланыстың үзіліп қалуы балаға кері әсерін тигізеді. Оның дамуына, өзге адамдармен қарым-қатынасына, адам болып қалыптасуына тікелей қатысты дүние. Бұл жағдай жайлы сауал қойып Orda.kz тілшісі белгілі психоаналитик, Орта Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдияроваға хабарласты. Қолда бар ақпаратқа қарап, ол бірінші кезекте жас баласы болған соң, әйелде жүктіліктен кейінгі депрессия болуы мүмкін деп болжады. Сондай-ақ, психоаналитик жол апатының тағы бір себебі адамдадың бейсанағы өлімге құштарлық екенін айтты.

Кейде жол ережесін қасақана бұзбайсың. Өзінен-өзі аңдамастан бір жағдайға ұрынып жатасың. Психоаналитик бұл адамның бейсаналы түрде өлімге деген құштарлығынан дейді. Ал оған түрлі себептер әсер етеді. Адам қандай жағдайда морт сынып, қандай әрекетке бара алатынын білмейді. Суицид жасайтын адамдардың ойындағы жалғыз шешім өлім болса, бейсаналы түрде өлімге құштар адам өз әрекетін түсінбейді.

«Әрбір адамның бейсанасында өмір мен өлімге деген құштарлық бар. Өлімге деген құштарлық — жиі ауыратындарда, үнемі ұнжырғасы түсіп жүретіндерде, ешкіммен араласпайтындарда және жол апатына ұшырайтын адамдарда болады. Олар әйтеу бір жағдай жасап мына өмірмен қоштасу үшін бейсаналы әрекеттер жасайды. Ал суицид деген — саналы түрде адамның өзіне-өзі қол салуы. Бұған екінің бірі бата алмайды. Сондықтан жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де осы бейсаналы екі құштарлықты білсе саналы түрде өмірге деген құштарлықты қолға алып өмірін өзгертер еді. Соның арқасында жол апаты да азаятын еді», — дейді Анна Құдиярова. 

Әрине, жол ережесін бұзған әйел әділ жазасын алуы керек. Бірақ, 4 айлық нәрестенің жағдайын ұмытып кетпеуі керек. Ол енді ғана жарық дүние есігін ашқан, күнәсіз бала. Айналада не болып жатқанын ол түсінбегенімен анасының алыста екенін нақ ұғады. Психоаналитик баланы анасынан алғашқы 15 айдай мүлде айырмау керек дейді. Негізінен 3 жылдай, тіпті 5 жылдай ана мен баланы айырмау дұрыс екенін айтты. Екеуін ажыратып жіберу едәуір терең психоэмоционалды жарақат болады. Баласын түрмеге әкелу бірінші кезекте ананың көңілін күйрететіні анық. Оның эмоциялық күйі балаға да әсер етеді. Ал ешқандай жағдай жасалмаған түрмеде бала емізу тағы бір соққы болып отыр.

Нәрестеге анасынан айырылу қалай әсер етеді? 

Бұл балаға қалай әсер етеді деген сұрағымызға психоаналитик бейсанаға осы жағдай тікелей әсер ететінін айтты.  

«Біз психикада сана мен бейсана бар деп санаймыз. Саналы әрекет — ересектердің бәрінің білетіні, есінде сақтағаны, айтатыны. Одан бөлек әрбіріміздің психикамызда үлкен бейсана бар. Бұл ңөң (айсберг) секілді басы ғана көрініп, түбі терең тұңғиыққа жетелейтін сана бөлігі. Баланың санасында «мен жаман шығармын және сол үшін анам мені тастады» деген ой қалады. «Менен жағымсыз иіс шығатын шығар», «мен нәжіс шығармын», «әйтпесе, анам мені жақсы көріп, өзімен алып кетер еді» т.б. түрлі ойлар болуы мүмкін. Кейде мұндайда бала «анам мені сатып кетті» деп ойлайды. Яғни, қалай болса да баланың бұл әлемге сенімсіздігі қалыптасады. Міне, осыдан ертең агрессия, әлімжеттік, томаға тұйықтық, өшпенділік, күдікшілдік пайда болады», – деді Анна Құдиярова.

Психоаналитик баласы анасының оны «тастап кетпегенін» сезінуі керек екенін айтып отыр. Баланың психикасына ондай жарақат түспеуі үшін, анасының оны іздейтінін, жанындай жақсы көретінін білуі тиіс. Мұнда дүниеге жаңадан келген сәбидің өмірі тұр. Бұл қатыгездікке салып, анасы қандай жерге түссе, сол жерде емізе берсін деп өзі кінәліге салып қоятын жағдай емес.

Жолаушылар: «Жол жүру мәдениеті өте төмен»

Сондай-ақ, осы жолы болған жол апатында автобус болған соң, Orda.kz тілшілері белгілі психоаналитик Анна Құдияровамен жалпы рөлдегі жүргізушілер жайлы біраз кеңесті. Оның айтуынша психоанализ орталығына жүгінетіндердің көбі рөлде отыратындар. Анна Құдиярова қаралуға келгендердің көбі жол апатына кінәлілер мен балағаттап, ерегісетіндер туралы баяндап жатып, өздері де үнемі ережені бұзатындарын айтты.

Сауалнама жүргізгенде бірінші кезекте жолаушылардың пікірін алдық. Жолаушылар автобус жүргізушісі болса да, жеңіл көлік жүргізушісі болса да, жол ережесін сақтауға міндетті екенін баса айтты. Сауалнамамызды жол апаты болған 18 нөмірлі автобустың жолаушыларынан алып бастадық.

«18-автобуспен көп жүремін. Басқа жүргізушілерден артық, болмаса кем ештеңесі жоқ. Дәл осы бағыттағы автобус жүргізушілерінен дөрекілікті байқамадым. Ал жеңіл көлік жүргізетіндердің көбінің жүргізуші куәлігін қайдан алғаны белгісіз. Жалпы жүргізушілердің көлік айдау деңгейі көңіл толарлықтай емес. Өзара сыйластық, жол беру сияқты қарым-қатынас жоқ. Жол жүру мәдениеті төмен», – деді 18 автобустағы жолаушы.

Сондай-ақ, тағы бір жолаушы автобус жүргізушілері жылдамдықты кейде асырып жіберетінін айтты.

«Автобустар жылдамдықты кейде асырып жібереді. Тез жүреді. Ал кейбір автобус жүргізушілері өте жақсы. Алдында арбада отырған әйелді өзі автобусқа мінгізіп, өзі түсіріп тастаған жүргізушіні көрдік», – деп ризалығын білдірді бір жолаушы.
«Мен зейнеркермін. Автобустарды бақылап отырамын. Кейде оқыс тоқтап қалады да, жолаушылар құлап жатады. Алайда бес саусақ бірдей емес. Жақсы жүргізушілер де бар. Бұл апатты жағдайларға себеп болғандар жүргізуші көлігін сатып алғандар деп ойлаймын. Ақша береді де, праваны сатып алады. Көп жүргізушілерге қарасаң, өрімдей жас балалар. Әке-шешесі көлік сыйлайды. Болмаса өздері алады. Көлік жүргізгенде олар ештеңеге қарамайды. Кісімсіп, мастанып айдайды да, бәлеге ұрынады. Самокат мәселесі де маңызды. Екі баланың қыршын кеткеніне куәгер болдым. Көлік астына кіріп кетіп, жас өміріне балта шабылып жатқанын көріп жаның ауырады», –деді зейнеткер жолаушы.

Автобус жүргізушілері психолог көмегіне жүгіне ме?

Тар көшелер, ережені сақтамайтын жеңіл көліктер және кептеліс, ерегіс, жалақыдан жалақыға күн көру сынды қиындықтардың бәрі автобус жүргізушілерінің жүйкесін жұқартатыны, олардың психикалық жай-күйіне әсер ететіні анық. 

Анна Құдиярова «Еліміздегі жүргізушілерде психологтың көмегіне жүгіну мәдениеті қаншалықты қалыптасты?» деген сұраққа тоқталады. Ол жүргізушілердің көбі ер адам болған соң, мамандардың көмегіне жүгіне бермейтінін айтты. Психоаналитик айтқанындай, біз сауалнама алған автобус жүргізушілері мүлде психолог көмегіне жүгінбегенін баяндады. 

«Мен автобус жүргізгенде 2-3 мәрте жол апаты болды. Бірақ уақытында тоқтап үлгерген соң, ешкім зиян шекпеді. Автотұрақта психологтар, дәрігерлер бар. Жүрекке дейін тегін тексереді. Психологқа қаралып көрмеппін. Табиғатымнан сабырлы адаммын. Өзім кінәлі болмаған соң, психологтың көмегі қажет деп ойламадым», – деді автобус жүргізушісі.
«Бұған дейін өмірімде жол апаты менің қателігімнен де, жеңіл көлік жүргізушілерінің қателерінен де болып отырды. Сот шешімі арқылы бір рет айыппұл төлеген кезім болды. Жолаушылар зардап шеккен жоқ. Тек жеңіл көлікті сырып кеттім. Автобуста да сызат қалды. Апаттан соң, психологқа жүгініп көрмедім», – деді тағы бір автобус жүргізушісі.

Эмоциялық күйреу

«Халықаралық дәрігерлер қоғамдық көлік және жеңіл көлік пен жүк көлік жүргізушілерінің кәсіби тұрғыдан жұмыстан шаршап, эмоциялық жағынан өз-өзінен таусылып, талуы жайлы зерттеулер жасап жатыр. Яғни, бұл кәсіби күйреу. Ондай зерттеу орындарының біздің мемлекетте бар-жоғын білмедім. Мүмкін бар шығар. Бұл еңбек медицинасы деп аталады. Ондай мамандар әрбір қызметкерге көңіл бөлуі керек. Бұл, әрине, үлкен стресске түсіретін жұмыс. Иә, «кез келген жұмысты стресске түсіреді, өмірдің өзі стресс» деп айта аламыз. Бірақ өміріне қауіп төнетін тауға шығатын, болмаса жер астында жүретін шахтердің қызметі сынды қатерлі жұмыстар бар. Оған осы көлік жүргізушілерінің қызметі де жатады. Бәрінен бұрын техникамен, көлікпен жұмыс істеу қиын. Жүргізушілер күні бойы мотор дауысын естіп, жол қозғалысынан ығыр болады. Ал көліктің де қиындықтары бар. Атқа міну секілді көлік пен жүргізуші де «тіл табысып» кетуі керек», — деді психоаналитик.

Сондай-ақ, ол жүргізушілердің отбасында болған кикілжіңнен бастап, жүрек қағысын, қан қысымын т.б. тексеріуі керек екенін айтты. Жүргізушілер сауалнама алғанда таңертең осы тексерулердің бәрінен өтетінін айтты. Басты мәселе олардың физикалық жай-күйін емдетіп, ал жан жарасына үңілмеуінде болып отыр. Сауалнама жүргізгенде көңілді жүргізушілерді де кездестірдік. Бірақ көбінің қажыған күйін көріп, «психологқа қаралдыңыз ба?» деп сұрадық. Кейбірі сұрағымызға «өзім психологпын ғой», «мен өте сабырлы адаммын» деп жауап берді. 

«Еркек»

«Сырқат — тән жарасы, Қайғы — жан жарасы»

Анна Құдиярова оның үстіне қоғам болып, «еркексің» деген контесктпен қысым көрсететінімізді айта кетті. «Еркек» болғаннан соң, психологқа жүгінуді сын көретіндер бар. Алайда «ауруын жасырған өледі» деген мақалдың тегін айтылмағанын ескеру керек. Дер кезінде емделіп, үнемі мамандарға жүгініп тұру керісінше кәсібилікті көрсетеді. Ал «еркексің» деп жан ауруы бар адамға қысым түсіретін көзқарасты түбегейлі өзгерту керек.

«Орталыққа келгенде бірінші кезекте қаралушылар өздерін ашушаң қылып жіберген жағдайларды баяндайды. Біреудің жол көлік ережесін бұзғаны жайлы айтып қана қоймай, оны өзі де бұзып жататын қаралушыларымыз бар. Бір қыз осындай жолдағы ерегісте біреудің мәшинесін теуіп, бетіне түкіріп, айқайлағанын айтқан болатын. Бұл тек стресс кезі ғана емес, қауіпті жағдай. Себебі рөлде көбіне еркектер отырады. Олардың физикалық күші едәуір көп қой. Ол қыздың қауіпсіздігі үшін менің де күресуіме тура келді. Көп қаралушылар ем алғаннан кейін бұған дейін қалай өмірін қауіпке тіккендерін айтып күледі. Олар асықпай жүруді, денсаулығын күтуді үйренді», – деді психоаналитик Анна Құдиярова.

Кәсіби маман болсын, қарапайым адам болсын психологқа жүгіну ұят емес. Дәрігерге қаралып ауыруды емдеткенмен, адам санасында психолог маманның көмегімен емдейтін жаралар болады. Психоаналитиканың негізін қалаушы Зигмунд Фрейд 1893 жылы өз еңбегінде «бейсана» терминін қолданған еді. Санамыздың түбінде біз біліп-біле бермейтін дүние көп. Осы заманға дейін жеткен бұл зерттеулер әзір біраз жетістіктерге жетіп отыр. Түрлі шығармалар мен қоғамда болып жатқан оқиғаларды зерттегенде мамандар осы психоанализге жүгінеді. Жол апатына себеп болатын адамның бейсанасындағы өлімге деген құштарлықты да психоанализ анықтап отыр.

Мемлекеттік автопарктың жалақысы неге аз?

Жүргізушілердің көбі сөйлесуден қашқалақтады. Бірнеше жүргізуші мемлекеттік автотұрақтарда айлықтың аздау екенін айтты. 

«2 күн істеп, 2 күн демаламыз. Отбасым, балаларым бар. Қазіргі таңда бәрі қымбат болған соң, жалақым жетеді деп айта алмаймын», – деді өкінішін білдіріп мемлекеттік автотұрақтың жүргізушісі.
«Жалақы жағын айтар болсам, айлықтан айлыққа дейін күн көреміз. Кредитімізді жабамыз. Үкіметке, банктерге тәуелдіміз. Автотұрақтарға субсидия бөлінеді. Бірақ жеке автопарктер біздің мемлекеттік автопаркке қарағанда көбірек береді. Жалақыны көбейтеміз дегендеріне 3-4 ай болды. Неге мемлекеттік автотұрақ қызметкерлеріне ақша аз береді? Астанада автобус жүргізушілеріне 1 миллиондай төленеді. Онымен салыстырғанда біздің қалада жолаушылар әлдеқайда көп. Жаздыгүні жүргізушілер азайып кетеді. 2 күн істеп, 2 күн демаламыз. Болмаса 3 күн істеп 1 күн демалуға болады. Біз бір күнде 700-800 адам тасимыз. Мұндай ауыр жұмысқа жастар шыдамайды», – деді мемлекеттік автотұрақ жүргізушісі.

Бұл мәселенің жай-күйін білу үшін Orda.kz редакциясы Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасына мемлекеттік автотұрақтардағы жалақыға байланысты сұрағымызды жолдадық.

«Қазіргі таңда жүргізуші еңбек ақысы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылы 13 қазандағы №614 бұйрығы сәйкес белгіленіп отыр. Ол 454 688 теңгені құрайды. Алайда, жалақының нақты төленуі жұмыс істеген уақытына байланысты, сондықтан Алматыдағы қоғамдық көлік жүргізушілерінің орташа жалақысы 500 000 теңгеден асады», – деп жауап берді Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасының баспасөз қызметі.

Бұл жалақы өз үйі бар адамдарға жеткілікті шығар. Бірақ пәтер ақысын есептегенде және жүргізушінің несиесі болған жағдайда, оның үстіне бала-шағасы болса жетуі неғайбыл.

Сондай-ақ, Orda.kz 26 маусымда болған апаттағы 18 автобустың жүргізушісінің жағдайын сұрап, автопарктың диспечеріне хабарласқан болатынбыз. Әзірге жауап келген жоқ. 

Қаншама тағдырды қиып, адам өміріне қауіп төндірген жол апаты жайлы зерттеуіміз мұнымен біткен жоқ. Алдағы уақытта Orda.kz жол апатына әкелетін тағы бір себеп — жемқорлық туралы сөз қозғаймыз. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар