Жастарды жемқорлыққа қалай тартады?

cover Коллаж: Orda.kz

Біз өткен мақаламызда Алматыда 1 адам қаза болып, 16 адам медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған 26 маусымдағы жол апатына себепкер жас ананың қамау изоляторында жатқанын, ал туыстарының нәрестені сол жерге әкеліп жүргенін жаздық.

Бұл мақала жарияланған соң, іс аппеляциялық сотта қаралып, Анель Сартаева қазір нәрестесінің қасына үйқамаққа шығарылды. Сондай-ақ, мақалада жүргізушілер арасында сауалнама жүргізген болатынбыз. Белгілі психоаналитик маман Анна Құдиярова осы оқиғаларды саралап берген болатын. Осы жолы мақаламызда жол ережесін бұзуға алып келетін «жемқорлық» тақырыбын қозғағалы отырмыз.

«Балық басынан шіриді»

«Балық басынан шіриді, су басынан бұзылады»

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымының 2023 жылғы баяндамасын ресми сайттардан таппадық. Orda.kz тілшілері 2022 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамаға зер салып, сондағы маңызды фактілерді назарларыңызға ұсынып отыр. Бұл баяндама 2023 жылы 14 шілдеде жарияланды. 

Ал 2022 жылға қатысты баяндамаға зер салсақ, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жариялаған есепте Қазақстанда жалпы 725 адам жемқорлық үшін сотталды. Олардың 73-і лауазымды тұлға екені анықталды.

Сотталған 725 адамның ішінде ішкі істер органдарының қызметкерлері бар:

  • Ішкі істер органдарынан – 187;
  • Әкімдіктерден – 143;
  • Әкімдерден – 7;
  • Қаржы министрлігінен – 40;
  • Ауыл шаруашылығы министрлігінен – 18;
  • Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен – 14;
  •  Денсаулық сақтау министрлігінен – 5;
  • Төтенше жағдайлар министрлігінен – 5;
  • Экономикалық тергеу қызметінен – 5;
  •  Прокуратурадан – ​​5;
  • судьялар – 2  және басқа да тұлғалар.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлерден 5 адам ұсталды. 

Еске сала кетейік, 2023 жылы Шымкентте «сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар» деген күдікпен білім бөлімінің маманы ұсталды. Маман өз кінәсін мойындаған болатын. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин өзінің Facebook парақшасында жариялады. Сондай-ақ, биыл Алматы қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік «75 млн теңге көлеміндегі пара алды» деген күдікпен «Алматы Су» компаниясының басшысы Максат Жолдыбаев ұсталған болатын. Бұл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың автомектептердегі және басқа орындардағы жемқорлықпен күрес жүргізіп жатқанын көрсетеді. Дәл солай жемқорлықтың сондай ресми орындарда болып жатқанын да көрсетеді.

«Жастарды жемқорлыққа тарту»

Жақында кәсіпкер Арсен Оспанов әлеуметтік желіде қызына автомектеп пара ұсынғанын баяндаған бейнежазба жариялаған болатын. Orda.kz редакциясы істің мән-жайын сұрап кәсіпкердің өзіне хабарласты. Ол бейнежазбасын «Қазақстан жастарын сыбайлас жемқорлыққа қалай тартады?» деген сұрақ қойып бастайды. 

Кәсіпкер әзірге ол автомектептің атын атамай тұра тұруды жөн көріп отыр. Қызы ақша беруден бас тартқанын айтқан кәсіпкер енді 2 рет емтихан тапсыруға мүмкіндік бар екенін айтып отыр. Бірінші емтиханнан сүрінген қызға автомектеп тағы да «ақша бере салуды» ұсыныпты. Алайда қалған емтиханды қыз өз күшімен тапсыруға дайындалып жатыр.

 «Әрине, қызым бұл заңсыз жүйеден үзілді-кесілді бас тартты. Емтихандарды өз білімімен адал түрде тапсыруға шешім қабылдады. Менің ойымша, ақша беріп, жүргізуші куәлігін сатып алу – тікелей апатқа алып келеді. Еш дайындықсыз және емтихансыз лицензия алған адамдардың көлік жүргізгенге білімі де, дағдысы да жетпейді. Бұл жолға шыққан бар адамның өміріне қауіп төндіреді. Сыбайлас жемқорлық жүйесін өзгерту мемлекеттің де, қоғам мен бизнестің де жұмыла бірлескен күшін қажет етеді. Қатаң заңдарды енгізіп қана қоймай, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін мәдениетті қалыптастыру өте маңызды», – деді кәсіпкер.

Сауалнама алып жүргенде жеңіл көлік жүргізушісі де жүргізуші куәлігінің парамен алынатынын және олар ережені көп бұзатынын айтты. 

«Жол полиция қызметкерлері жол ережесі бұзылғанда көп жағдайда жеке басының пайдасына шешіп жататынын естіп жатамыз. Егер заң бәріне бірдей болып, ешқандай жемқорлық болмаса, жеке куәлікті сатып алған, жол ережесін білмейтін жүргізушілер азаятын еді. Мүмкін сонда жол апаты да тыйылатын еді. Қазақстанда жалпы 18-ден асқан кез келген азамат жүргізуші көлігін ала алады. Ол үшін емтихан тапсырғанда көлікті орнынан қозғай алса болды. Осыны қадағалайтын сыбайлас жерқорлыққа қарсы органдар неге бұны тыя алмай отыр? Себебі, бұл сауда сияқты айналымы жақсы, пайдасы мол іске айналып кеткен деп ойлаймын», – деді көлік жүргізушісі.

Кім кінәлі?

Orda.kz тілшілері сауалнама алып жүргенде автобус және жеңіл көлік жүргізушілері бірін-бірі кінәлайтынын байқады. Автобус жүргізушілері жеңіл көліктер жолын қиятынын, тоқтап тұрып алатынын айтып, полиция қызметкерлерінің осы ереже көп бұзылатын жерлерді қадағалауын сұрайды. Ал жеңіл көлік жүргізушілері апатты жағдайда тоқтайтындарын айтып, бұрылатын кезде автобус жүргізушілері әдейі жол бермей қоятынына шағымданды.

Мәселенің мән жайын білген соң, Алматы қаласының полиция басқармасына хабарласып, осы жол жүру ережесін бұзатындарға қатысты сауалымызды қойдық.

«Көбіне жол ережесін жеңіл көлік жүргізушілері бұзады. Автобус жолағына көлігін қойып жатса, әкімшілік кодекстің 597 бабы 1 нормалары бойынша хаттама толтырылады. Ал егер қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүретін болса, 601 баптың 1-тармағы бойынша шара қолданады. Осындай жол жүру ережесін бұзуды анықтау үшін рейдтік шаралар жүргізіліп тұрады», – деді Алматы қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Біз автобус жүргізушісімен бірге жолдағы жеңіл көліктердің 30-ға жуық ереже бұзғанына куәгер болдық. Жол бойы автобус жүргізушісі қандай ережелер үнемі бұзылатынын және жұмыста қандай қиындықтар болатынын айтып берді.

Фото: Orda.kz
«Мысалы, алдыңғы апаттағы көлік сияқты алдымыздан біреуі атып шықса, бірден тежегішті баса алмаймыз. Бассақ жолаушылардың бәрі жығылып мертігіп қалуы мүмкін. Адам құлап майып болғанша, көлікті соққан арзан болады. Әйтпесе бұл автобустардың тежегіштері жақсы ғой.
 Ал кептеліс кезінде ешкім ережеге қарамайды десек болады. Автобус жолағына түсіп алады да жүре береді. Мысалы, Төле би көшесіндегі Тастақ маңындағы гүл сататын жерлердегі автобус аялдамасынан бастап көліктер өте көп ереже бұзады. Бұл жерге арызды қайта-қайта беріп жатыр. Бірақ жол полициясының шамасы келмей жатқан сияқты ғой. Сосын тұрақтарға көліктерін дұрыс қоймайды. Автобус қозғалысына кедергі болмайтындай тігінен қоятын жерлерге қиғашынан қойып кетеді», – деді автобус жүргізушісі.

Сондай-ақ, «EcoBus» жеке автопаркінің жүргізушілері де жеңіл көліктердің автобус жолына түсіп, тұрып алатынын айтып шағымданды.

«Жеңіл көлік жүргізушілері автобус жолымен жүреді де, апатты белгісін жағып көлігін қойып қояды. Мен жолаушылар күтіп тұрған соң, амалсын басқа жолақты басып айналып өтуге мәжбүр боламын. Бұл үшін айыппұл төлеймін. Біз 1 күн істеп 2 күн демаламыз. Таңертең 4-тен тұрып түнгі 23:00-ге дейін жүреміз. Жұмыс оңай емес. Күн ыстық. Бір жағы ұйқы қанбайды. Қоғамдық көлікке жол бермейтін, ереже білмейтін жеңіл көлік жүргізушілері бар. Содан ерегіс туып жатады. Автобустың жолына көлігін қойып қойған соң, амалсыз айналып өтейін десең, басқа жолақтағы көлік жүргізушілері оны түсінбей, жол бермей жатады. Кешкі уақытта Алтын ордадан бері Райымбек даңғылының бойында және Қаскелең жаққа кететін жолдарда жаяу жүргіншілердің өздері автобус жолына тұрып алады. Оларға тоқтаған таксилер де автобус жолын бөгейді. Сондықтан автобус жолына жақын жерлерде полияция көліктері тұрса, олар ережені бұзбайтын еді», – деді «EcoBus» автобус жүргізушісі.

Ал сауалнамамызға жауап берген жеңіл көлік жүргізушілері автобустың бұрылуға жол бермей, дөрекілік танытатынына шағымданды.

«Менің көлік жүргізіп жүргеніме 9 жыл болыпты.Ұсақ ережелерді бұзып айыппұл төлеген кезім болды. Бірақ қазір барынша ереже сақтаймын. Автобус жолағы тек қоғамдық көлікке арналғанын білемін. Бұрылып үйге кіру үшін және бағдаршамсыз бұрылатын көшеде сол жолақты кесіп өтетін кездер болады. Шама бар тез өтіп, автобусқа кедергі болмауға тырысамыз. Мысалы, Райымбек даңғылымен шығыс бағытқа, Яссауи көшесіне бұрылатын кезде. Сосын кейбір автобус жүргізушілері Алтын орда мен Барахолка базарына бұрылатын кезде бұрылу белгісін жақсақ, сигнал беріп, ерегісіп, өтіп кетуге мүмкіндік бермей қояды. Өзім автобус жолағына түсіп жүруге, тоқтауға тыйым салынғанын біле тұра әдейі тұрмаймын. Көлігім рас бұзылып қалған жағдайда ғана амалсыз тоқтауға тура келеді», – деді жеңіл көлік жүргізушісі.

Әрине, бір тарапты кінәлап қою дұрыс емес. Бұл — әрбір адамның мойнындағы жауапкершілік. Осы оқиғалардың ортасында жүрген соң, тілшілеріміз тікелей қызмет бабымен жүрген жоль-патрульдік полиция қызметкерлеріне сауалын қойған болатын.

«Мұндай ережені бұзғандардың үстінен шағымданып, күніге шақырту келіп жатады. Негізінен 601 баптың 1-тармағы бойынша хаттама толтырамыз. 5538 теңге айыппұл төленеді. Екінші рет қайталанып жатса, 17 000 теңгеге дейін айыппұл бағасы көтеріледі. Ал негізінен ережені автобус жүргізушілері көбірек бұзағанын байқаймыз. Оларды тоқтатсақ, халық шулап жатады. Соның өзін қарсы бағытқа шығып кетіп жататын автобустар болады. Оларға тиісінше жаза қолданамыз. Ал «бұзылды» деп белгі жағып қойып, автобус жолын бөгейтіндерге де жаза қолданамыз. Түрлі жағдай болуы мүмкін. Беталбаты барып айыппұл сала бермейміз. Ескертуді тыңдамай, ережені тағы да бұзып жатса хаттамасын толтырып береміз», – деді жол-патрульдік полиция қызметкері.

Үнемі апат болатын қиылыс

 Біз осы мақаланы дайындап жүргенде 28 маусым күні түнгі сағат он екі жарым шамасында Бұқар жырау Манас қиылысында болған көлік апатының куәгері болдық. Біз сол маңайда тұратын тұрғындардың шағымын тыңдадық. Осы қиылыста үнемі апат болатынын естідік. Жол апатына себеп болып отырған осы көшедегі қиылысқан екі жолдың аралығы.

«Манас жоғары көтерілетін бір бағыттағы жол. Екі бағытта жүретін Бұқар жыраумен қиылысады. Манас көшесінде жасыл жанып, Бұқар жырау көшесінде сары жанған кезде, сарыға өтіп немесе керісінше жанғанда асығып өтіп кетемін дегенде қақтығысып жатады», – деді сол көшенің тұрғыны.

Қара Hyundai көлігіне Бұқар жырау бульварымен келе жатқанда Манас көшесінен шыққан Chevrolet көлігі келіп соғылды. Нәтижесінде, қара көлік шыр айналып, тратуардың үстіне шығып кетті. Ал ақ көліктің алды түгел майырылып қалды. Ауыр зардап шеккендер болмады. Оқиға орнына дереу полиция қызметкерілері мен жедел жәрдем келді. 

Оқиға орнында түсірілген сурет

 Соңғы уақытта болған жол апаттары тағы да жол ережесін сақтау мен жүргізушілердің жай күйіне мән беру керегін көрсетті. Сондай-ақ, автобус жүргізушілерінің айлықтан айлыққа күн көруі, күнделікті түсетін стресі, жол ережесін бұзатын жеңіл көліктер т.б. қоғамдық көлік жүргізушілерінің де, жолаушыларының да өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан, бұл баса назар аударатын дүние. Бірінші мақаламызда психоаналитик олардың жай-күйін саралап берді. Бұл мәселелер қоғам болып жұдырықтай жұмылып, мән беретін дүние. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар