Мектеп оқушысының суициді: Білім министрлігі пікір білдірді

cover

Әлеуметтік желіде Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушысының өліміне қатысты түрлі ақпарат тарап жатыр.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда сегізінші сынып оқушысының көпқабатты үйдің 11-қабатындағы терезеден секіріп кеткені белгілі болған.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысының қайғылы қазаға ұшырауына байланысты ата-анасы мен жақындарына көңіл айтты.

«Қазір әлеуметтік желілерде оқушының өлімі туралы қарама-қайшы ақпарат жарияланып жатыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері қайтыс болған оқушының ата-анасымен байланыста» деп хабарлады министрлік.

Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. Тергеу мүддесі мен ата-ананың сезімін құрметтеу үшін қайғылы оқиғаның мән-жайы айтылмады.

«Барлығымыз тергеудің ресми қорытындысын күтуіміз керек. Нәтижесінде қажетті шаралар қабылданатын болады. Біз ата-аналарды, мұғалімдерді және мектеп басшыларын балаларға сақ болуға шақырамыз. Балалардың өмірі мен денсаулығы – біздің қоғамның басты құндылығы» деп атап өтті министрлікте.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар