Әлемдік университеттерден шақырту алған жігіт құпиясымен бөлісті

cover Фото: жеке мұрағатынан

Шетелде оқу - бұл сапалы білім алу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар  ой-өрісті кеңейтудің, әртүрлі мәдениеттермен танысудың және халықаралық байланыстар орнатудың бірегей мүмкіндігі. Әлемнің жетекші университеттеріне қалай түсуге болады деген сұрақ көпшілікті мазалайды, бірақ неден басталып, қандай қадамдар жасау керектігін бәрі біле бермейді. Байбек Сатылхан Пенсильвания мемлекеттік университетінде (Стейт колледжі, Пенсильвания, АҚШ) оқиды, бірақ Қазақстанда ол әлемнің жетекші алты университетінен оқуға шақыру алғанымен танымал, деп хабарлайды Orda.kz.

Байбек Сатылхан – 23 жасында халықаралық білім саласында елеулі табыстарға қол жеткізе білген жас. Оның шынайы оқиғасы көпшілікті шабыттандырады әрі табандылық қасиеттің адам үшін маңызды екенін көрсетеді. Тілшімізге берген сұхбатында Байбек әлемнің алты беделді университетінен: Массачусетс Амхерст университетінен, Саутгемптон университетінен, Техас A&M университетінен, Пенсильвания штаттық университетінен, Рочестер университетінен және Юта университетінен шақырту алғаны туралы әңгімеледі.

Ол шетелде оқуға дұрыс дайындалудың қыр-сырын ашып, қаржылық мүмкіндіктері шектеулі талапкерлерге болашақта білім ізденісіне қажет құнды  кеңестерімен бөлісті.

Байбек, сіз әлемнің жетекші университеттерінен алты шақырту алуға қалай қол жеткіздіңіз? Сіздің жетістігіңізге шешуші рөл атқарған не болды? 

– Магистратураны шетелде оқуға деген ұмтылыс менің бойымда бакалавриат кезінде-ақ қалыптасты. Алайда, алғашында бұл жолдың қандай қиындықтарға толы болатынын толық түсінбеген едім. Дегенмен, басты қағиданы ерте ұғындым: алға қойған мақсатқа жету үшін жоспарлы түрде әрекет ету керек. Шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін ең алдымен оқу тілін меңгеру қажет, және бұл дағдыңызды халықаралық сертификаттармен дәлелдеуіңіз керек. Осыны түсінгеннен кейін мен ағылшын тілін жетілдіруге ерекше ден қойдым. Бакалавриаттың соңғы екі жылында IELTS емтиханын алты рет тапсырдым. Әр жолы нәтижем көңілімнен шықпағанда, сәтсіздікке мойымай, сол күні-ақ келесі тестке қайта тіркелетінмін. Әрбір сынақ мен үшін жаңа белес, жаңа мүмкіндік болатын. Бұл тұрғыда бойымдағы табандылығым мені алға жетелеп, шешуші рөлді атқарды деп ойлаймын.

Шетелде оқуды армандап жүрген, бірақ қайдан бастарын білмейтіндерге қандай негізгі қадамдарды ұсынар едіңіз?

– Шетелдік оқу орнына түсу алғашында өте қиын әрі бұлыңғыр болып көрінуі мүмкін. Алайда, жүйелі түрде әрекет етіп, дұрыс қадамдарды жасасаңыз, ол мақсат шындыққа айналады. Егер неден бастарыңызды білмесеңіз, алдымен жол көрсетер тәжірибелі менторды іздеңіз. Себебі өзіңіз білмейтін соқпақпен жүру қиындық туғызса, ал ол жолдан өтіп көрген жанның ақыл-кеңесі уақыт пен күшіңізді үнемдейді. Бұл қадам сізді “қай жерден бастаймын?” деген тұманды сауалдан арылтып, нақты іс-әрекеттер жоспарын жасауға көмектеседі. Менің жағдайда бүкіл процесті бағыттап отырған Mentor Me компаниясы шетелдік оқу орнына түсу сапарымның басынан аяғына дейін менімен бірге жүріп өтті.

Қазақстандық талапкерлердің қаржылық мүмкіндіктері шектеулі болса да, беделді университеттерге түсуіне көмектесетін бағдарламалар немесе стипендиялар бар ма?

– Қаржылық мүмкіндіктері шектеулі қазақстандық талапкерлер үшін шетелдік беделді университеттерге жол ашатын көптеген стипендиялық бағдарламалар бар. Олардың ішінде «Болашақ», Fulbright, Chevening, DAAD, Erasmus+, Stipendium Hungaricum және басқа да халықаралық гранттар ерекше орын алады.

Әр стипендиялық бағдарламаның өз талаптары мен шарттары бар, сондықтан ең тиімдісін таңдау үшін оларды мұқият зерттеп, жеке мақсаттарыңызға сай келетінін анықтау маңызды. Әлдекім Fulbright арқылы АҚШ-та білім алуды қаласа, енді бірі Chevening бағдарламасымен Ұлыбританияда оқуды жөн санайды.

Көпшілік танымал университеттерге түсу үшін үлкен қаражат қажет деп ойлайды. Бұл қаншалықты шындық? Не маңыздырақ: ақша ма әлде академиялық үлгерім бе?

– Әлемнің жетекші университеттерінде білім алу көпшіліктің ойындағыдай қомақты қаражатты талап етпеуі мүмкін. Көптеген беделді оқу орындары академиялық жетістіктерге сүйене отырып, талапкерлерге стипендиялар ұсынады. Мен АҚШ-тың 5 үздік университеті мен Ұлыбританиядағы бір университеті қоса алғанда жалпы $50,000 көлемінде стипендия ұсынды. Бұл – жоғары академиялық үлгерімнің, мықты резюме мен ерекше мотивациялық хаттың нәтижесі. Демек, басты фактор – ақша емес, сіздің біліміңіз бен жетістіктеріңіз. Егер сіз өз салаңызда үздік болуға ұмтылсаңыз, университеттің өзі сізге қаржылық қолдау көрсетуге дайын!

Университеттер студенттерді іріктеу кезінде қандай негізгі факторларға назар аударады? Басқа үміткерлерден ерекшелену үшін не істеу керек?

– Университеттер студенттерді іріктеу кезінде академиялық үлгерімге, тілдік дағдыларға, мотивациялық хатқа, резюме мен ұсыныс хаттарға, сондай-ақ зерттеу және қоғамдық белсенділікке мән береді. Басқа үміткерлерден ерекшелену үшін стандартты емес ойлау, ерекше жетістіктер, көшбасшылық қабілет және қоғамға қосқан үлес маңызды рөл атқарады. Яғни жай ғана жоғары бағалар емес, университетке қандай құндылық әкеле алатыныңыз шешуші фактор болмақ.

Ақылы оқуға мүмкіндігі жоқ, бірақ шетелде оқуды қалайтын студенттерге қандай кеңес бересіз? Тегін бағдарламаларға түсуге мүмкіндік бар ма?

– Қаржыңыз шектеулі болса да, шетелде тегін оқуға мүмкіндік бар. "Болашақ", Fulbright, Chevening, DAAD, Erasmus+, Stipendium Hungaricum секілді гранттық бағдарламалар оқу, тұру және басқа да шығындарды толығымен жабады. Тегін білім алғыңыз келсе, жоғары академиялық үлгерім, жақсы IELTS нәтижесі, мықты резюме, күшті мотивациялық және ұсыныс хаттар маңызды рөл атқарады. Мүмкіндік көп, тек соны пайдалану білу керек.

Шетелдік университеттерге түсу үшін шет тілін білу қаншалықты маңызды, және идеалды деңгейде білмей-ақ түсу мүмкін бе?

– Шетелдік университетке түсу үшін шет тілін білу – басты талаптардың бірі. Көптеген оқу орындары IELTS, TOEFL секілді сертификаттарды талап етеді. Бірақ егер тілдік деңгейіңіз жеткіліксіз болса, кейбір университеттер тілдік дайындық бағдарламаларын ұсынуы мүмкін. Идеалды деңгейде білмей-ақ оқуға түсуге болады, бірақ тілді неғұрлым жақсы меңгерсеңіз, шетелдегі оқу процесі соғұрлым жеңіл бола түседі.

Сіздің ойыңызша, шетелде оқу тәжірибесі тек академиялық біліммен ғана шектелмей, болашақ мансапқа да әсер ете ме? Неліктен?

– Әрине, шетелде оқу тек академиялық біліммен шектелмейді. Ол жаңа орта, жаңа байланыстар, жаңа көзқарас алып келеді. Жаңа орта сіздің ой-өрісіңізді кеңейтіп, сіздің бейімделу қабілетіңізді арттырып, кәсіби мүмкіндіктеріңізді кеңейтеді. Шетелде алған білім ғана емес, сол ортада қалыптасқан дағдылар мен байланыстар болашақ мансабыңызда шешуші рөл атқарады.

Қазақстанда білім алумен салыстырғанда, шетелде оқудың қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар деп ойлайсыз?

– Шетелде оқи отыра жаңа халықаралық орта, сан алуан мәдениет және әлемдік деңгейдегі оқытушылардан білім алу мүмкіндігіне ие боласыз. Әр елден келген студенттермен бірге топтық жобалар атқарып, мәселені шешудің түрлі техникасын меңгересіз, үздік жабдықталған зертханалар мен кітапханаларда ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытасыз. Мәселен, маған қазір дәріс беретін профессорлардың еңбектері жылына 500-ден аса рет дәйексөзге ие (чьи работы цитируются более 500 раз в год). Бұдан бөлек, шетелдік беделді университеттердің ірі халықаралық компаниялармен байланысы студенттерге құнды тағылымдамалардан өтуге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе бүкіләлемдік кәсіби байланыстар қалыптастырып, болашақ мансапта баға жетпес артықшылықтар береді.

Шетелде білім алған қазақстандық студенттердің елге оралып, Қазақстанда жұмыс істеуі қаншалықты маңызды? Бұл бағытта қандай перспективаларды көріп отырсыз?

– Шетелде оқыған қазақстандық студенттердің елге оралуы – Отанымыздың ғылыми әлеуеті мен экономикалық қуатын арттыратын маңызды қадам. Олар шетелдегі озық технологиялар мен идеяларды елге әкеліп, түрлі жобаларды дамытады, жаңа жұмыс орындарын құрады, жаһандық байланыстар орнатады. Бұл – Қазақстанды халықаралық аренада бәсекеге қабілетті елге айналдыруға септігін тигізетін перспективалы бағыт. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар