Ақтөбеде жеке мектептің мұғалімдері 4 айдан бері жалақысыз жүр

cover Фото: Orda.kz

Ақтөбедегі «SMART BILIM» жеке мектебінің мұғалімдері төрт ай бойы еңбекақы алмаған. Олар БАҚ өкілдерінен көмек сұрап, банк алдындағы қарызы көбейіп, «қара тізімге» іліккендерін айтты. Ұстаздар еш жерге шағым түсірмей, үнсіз отыр. 

Orda.kz істің мән-жайын анықтап көрді.

 
 Қалада 8 мыңнан астам оқушы, 500-ге жуық педагог жұмыс істейтін мектеп жағдайы жыларман күйде. Ұстаздардың айтуынша, тамыз айынан бері бірде-бір рет жалақы төленбеген. Көбі несиесін төлей алмай, қиын жағдайға тап болған. 100-ден аса мұғалім жұмыстан шығып кеткені айтылды.

«4 ай болды, тамыз айынан бері жалақы алмадық. Барлық мұғалімнің несиесі, бала-шағасы бар. Өте қиын жағдайдамыз. Төрт айдан бері несие төленбей, «қара тізімге» еніп кетіп жатырмыз. Банк бізге кешірмейді. Бережақ та көп. Өте қиын жағдайдамыз. 1 млн теңгеден астам жалақы бережақ», — деді ағылшын тілі мұғалімі Нұргүл Төлеубаева.  

Мұғалімі Гүлмира Жүсіпова 100-150 педагог қиындыққа шыдамай шығып кеткенін айтты. 

Мектеп басшылығы мұғалімдердің жалақысы мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен төленетінін, ал қаржыландыру тетігі биыл өзгергенін алға тартты. Айтуынша, жүйеге өтінімдер толық енгізілген, келісімшарттар жасалған, енді тек орындалған жұмыстар актісіне қол қою мүмкіндігін күтіп отыр.

«Қаржыландырмау мәселесі соңғы үш жылда болып келе жатыр. Басында Ғылым және білім министрлігі, Оқу ағарту министрлігі болды. Қаржыландыруды Қаржы министрлігіне аударып, жаңадан платформа ойлап тапты ма, мен оны түсінбедім. Уақылы айлық төлемеген соң, бізге де айыппұл салды. Мектеп балаларға толығымен ақысыз білім бергендіктен біздің есепшотымызда ондай қаражат жоқ», — деді мектеп директоры Айгүл Арынғазиева.  

Білім ордасына Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының да өкілдері келген. Айтуынша, мектеп қызметкерлері тарапына ресми түрде ешқандай арыз-шағым түспеген.

«Ақтөбе қаласы прокуратурасынан ұсыныс келіп түсті. Сол ұсыныс бойынша заңды тұлғаға заңмен белгіленген мерзімде еңбекақыны төлемегені үшін 300 мың теңгеге айыппұл салынды. Егер қызметкерлер еңбек заңнамасы бұзылды деп департаментке шағым түсірсе, тексеру жүргізіледі. Кешіктірсе әр күнге өсімақы төлеуі тиіс заң бойынша. Айыппұл Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 87-1-бабы бойынша салынды», — деді Ақылбек Зейноллаұлы.  

Ал Ақтөбе облыстық білім басқармасы да жеке мектептердің жалақы қарызына қатысты түсініктеме берді. Өңірде 26 жеке мектеп тіркелген. Олардың ішінде ең ірі білім беру ұйымдары — «BILIM» және «SMART BILIM» гимназия-мектептері. Бұл екі мектепте 8 287 оқушы білім алып, 579 педагог жұмыс істейді. Қарыздар жыл соңына дейін төленетіні айтылды. 

«Бүгінгі күні облыстағы барлық жеке меншік мектептер туралы қажетті мәліметтер жүйеге енгізіліп, өтінімдерді қабылдау толық аяқталды. Мектептер берген өтінімдер негізінде платформа мемлекеттік білім беру тапсырысын автоматты түрде қаржыландыру және орналастыру жұмыстарын жүргізді. 26 жеке меншік мектептің барлығымен келісімшарттар жасалды. Қазіргі уақытта орындалған жұмыстар актілеріне қол қою үшін жүйеге кіру мүмкіндігі беру күтілуде. Облыстағы жеке меншік мектептерге мемлекеттік тапсырысты төлеуге арналған қаражат жергілікті бюджет есебінен жыл соңына дейін толық көлемде қарастырылған», — деді басқарма.

Автор: Ардақ Ерубаева




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар