Айтбек Амангелді қанша қаражат алды?: Qantar қоры Шерзат ісі төңірегіндегі сұрақтарға жауап қатты

cover Коллаж: Orda.kz

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі аяқталғаннан кейін қоғам назары «Qantar құқықтық қолдау орталығы» қорына ауа бастады. Қоғамдық ұйым өз миссиясын Қаңтар оқиғасында қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жақындарына құқықтық көмек көрсету деп жариялаған еді. Алайда, Шерзаттың ісіне бұл қордың қандай қатысы бар?

Шерзат ісі бойынша көптеген шығындарды қалтамнан төлеп жатырмын деген Айтбек Амангелді шын мәнінде Qantar қорынан қаржылай қолдау алған ба? Qantar шын мәнінде кімдердің бастамасымен құрылды және қаражат қайдан келді?

Қоғамда осы сұрақтар жиілеп, күдік пен түрлі пікірлер көбейген соң, Orda.kz тілшісі қоғамдық қордың өкілдеріне тікелей хабарласып, мән-жайды анықтауға тырысты.

«Qantar құқықтық қолдау орталығы» қоғамдық қоры қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылы 18 қаңтардан бастап жұмыс істейді. Қордың негізгі мақсаты — Қаңтар оқиғасында зардап шеккен азаматтарға құқықтық көмек көрсету. Алайда, Шерзат Полаттың соты біткен соң, Айтбек Амангелді мен заңгер Мейірман Шекеев журналист Назымгүл Күміспаеваға сұхбат бергеннен кейін ғана елдің бар назары осы қорға ауды. Қордың құрылтайшылары кімдер және неге соңғы кезде бағыттарын өзгерткенін Qantar қоры директорының орынбасары Мұхамедхан Омаровтан сұрадық.   

«Qantar құқықтық қолдау орталығы» аты айтып тұрғандай Қаңтар оқиғасында зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында құрылған. Біз Қаңтарға қатысты көптеген резонанс болған соттарда жәбірленуші азаматтарға адвокат жалдап құқықтық әрі психологиялық көмек көрсеттік», —  деді Мұхамедхан Омаровтан. 
Қаңтар оқиғасы бойынша Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей, Тараз қалаларында 55 іс болды. Соның ішінде оққа ұшып қайтыс болғандар бойынша 22 іс, ал азаптау фактісі бойынша 21 іс қаралса, 16 адамға тағылған айыптардың бәрі алынып тасталды.

 «Qantar құқықтық қолдау орталығы» көмек көрсеткен резонанс тудырған істерге тоқталайық: Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда алаңға ту көтеріп шыққан, кейін басына оқ тиіп, ауыр жарақат алған белсенді Берік Әбішевтің ісі. Қаңтар кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің ісінде де «Qantar» қоры отбасыларға құқықтық көмек көрсеткен. 

Сонымен қатар, 37 жастағы  Ермек Әбдірешов Қаңтар оқиғасы кезінде көзіне резеңке оқ тиіп, жанарынан айырылған еді. Кейін оны ауруханадан алып кетіп, тергеу изоляторына қамаған. Әбдірешовтің айтуынша, тергеу кезінде орган қызметкерлері оны азаптаған. Оған қарсы қылмыстық іс қозғалғанымен, «Qantar» қорының көмегімен бұл іс тоқтатылды.

Сондай-ақ, Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың ескерткішін құлатты деген күдікке ілініп, орган қызметкерлері үтік басып азаптаған Азамат Батырбаевтың ісі мен 8 қаңтарда Талдықорғанда көлігімен кетіп бара жатқан Сейітқұловтар отбасына оқ ату дерегі бойынша да «Qantar» қоры құқықтық қолдау көрсеткен.

– Алайда, Қаңтарға қатысты істердің барлығы аяқталған соң, біздің алдымызда: «Ары қарай жұмыс істейміз бе? Әлде жабыламыз ба?» деген сұрақ тұрды. Қордың құрылтайшыларымен ақылдаса келе, «жұмысымызды ары қарай жалғастырамыз» деп шештік. Сол 2024 жылдың күзінде елде резонанс тудырған, Талғардағы Шерзат Полат пен Қызылордадағы секс-құлдық оқиғасы қатар жүріп жатыр еді. Біз осы екі іске де көмек қолын созуды дұрыс көрдік. Яғни, құқықтық көмектің бағытын ары қарай осындай істерде көмекке мұқтаж жандарға беруді жөн деп шештік. Қызылордадағы оқиғаға қатысты біз істің басы-қасында болып, жасөспірімге психологиялық көмек пен адвокат жалдап, құқықтық көмек көрсеттік. 

– Qantar қорының құрылтайшылары кімдер, негізгі қаражат қай жақтан келеді?

Қордың директоры Марат Құрмалиев, аты Qantar болғанымен бұл қоғамдық қор болған соң біздің мақсат алдағы уақытта жұмысты жалғастырып осындай құқықтық көмекке зәру жандарға адвокат жалдауға әрі олардың істеріне көмектесуге ниеттіміз. Қор құрамында 5-6 құрылтайшы мен қордың жұмысының ашықтығы мен тиімділігін қадағалап, бағыт-бағдар беріп отыратын 10-ға жуық қамқоршылар кеңесі бар. Ал қаржылай көмекті негізі құрылтайшы мен қамқоршылар береді. Сонымен қатар, сырт жақтан келіп жеке өздері көмек қолын созатын азаматтар да бар. Оған қоса алдағы уақытта қорға кез келген адам көмектесу үшін каспий қосымшасы арқылы ақша төлемін жасаймыз ба деген де жоспар бар. Сонымен қатар, Қаңтар оқиғасы бойынша қандай істерде көмек көрсеткеніміз жайлы барлық есепті Instagram әлеуметтік желісінде салып отырдық.

–  Айтыңызшы, көпшіліктің көкейіндегі бір сұрақ бар. Ол Шерзат Полаттың ісі бойынша Айтбек Амангелдіге сіздер бірінші болып: «көмектесейік» деп шықтыңыздар ма? Әлде Айтбек Амангелді өзі сіздерге хабарласты ма?

– Бізге Айтбек Амангелді қоңырау шалып, осы іс бойынша көмек көрсетуімізді сұрады. Сосын біз кездестік, жағдайдың мән-жайын айтқан соң көмектесуге бел шештік. Бастапқыда ол адвокаттар жалдау мен басқа да жұмыстарды өзім атқарамын деді. Біз тек оларға келісімшарт бойынша қызметтеріне қаражат төлеп отырдық. Былайша айтқанда, біз бұл іске әу баста-ақ кірістік. Айтбек Амангелдіннің тобындағы Саида Тәуекелова, Карина Көшербаева және Марал Жайлаубаевамен қор арасында олардың қызметтерінің ақысын төлеу туралы келісім болды. Мен сіздерге келісімшартқа қатысты нақты қаражаттың қанша екенін айта алмаймын. Оған қоса біз, олардың тергеу барысында Талғарға барып-келуі үшін автокөлік жалдауға қаражат бердік, Шерзаттың отбасына психологиялық көмек көрсеткен маманның қызмет ақысын төледік.

«Qantar құқықтық қолдау орталығы» тарапынан  осыншама  қаржылай көмек болса, әрі қор істің басында әу баста-ақ болса, неге Айтбек Амангелді ешбір жерде қор көмегі туралы жақ ашып айтпады деген заңды сұрақ туындайды. Мүмкін қор басшылығы өздерін құпия ұстағысы келді ме? Айтбек Амангелді әріптесіміз Назымгүл Күміспаева берген 3 сағаттық сұхбатында Qantar қоры туралы бір ауыз сөз айтпады. Керісінше барлық шығынға өз қалтамнан ақша төледім деп айтты.  Сонымен қатар, Айтбек Амангелді Шерзаттың ісіне байланысты әлеуметтік желіде талай тікелей эфир ашып, жазба жазды. Бірде бір рет Qantar қоры туралы айтпады. Оның неліктен осынша құпияда ұстағаны көпшілікті толғандырып қойды. Осы сұрақты қор басшылығына қойдық.

– Айтбек Амангелді Шерзат ісінде жеке қызметі үшін ақы алды ма? Араларыңызда қандай да бір келісімшарт болды ма? Оған қоса, сіздер жасырын емес ашық қор болсаңыздар, Айтбек Амангелді Qantar қоры туралы неге айтпағанын өзінен осыны сұрастырдыңыздар ма? 

— Иә, Айтбекпен жеке келісімшарт болды. Яғни, осы істе ұйымдастыру бойынша қызметі үшін ол қаражат алды. Әрине, нақты қанша екенін айта алмаймын. Шерзат ісіне байланысты жасаған қызметіне қатысты деп біз қаржы төледік. Біз ешқандай да жабық, не жасырын қор емеспіз. Айтбекке «біз туралы еш жерде айтпа», деген сынды әңгімелерді де айтпадық. Оның неге бізді осыншама құпияда ұстап, қордан қызметтері үшін ақша ала отырып, еш жерде бізді айтпағанын өзіміз де түсінбейміз.

Еске салайық, бұған дейін журналист Назымгүл Күміспаеваның Мейірман Шекеевпен болған сұхбатында Qantar қоры Айтбек Амангелді жалдаған үш адвокатқа қызметтері үшін ақы төленгені айтылған болатын. Ал бұл жолы Айтбек Амангелдіге де жеке қызметі үшін келісімшарт негізінде қаражат төленгені белгілі болды.

Мен оның адвокаттарымен бірге берген үш сағаттық сұхбатын көрдім. Сол жерде де ол істен нақты қандай себеппен кеткенін де айтпады. Айналып-толғанып көп сөз сөйледі. Бірақ өз басым нақты ештеңе естімедім. Себебі олар сотқа аз уақыт қалғанда «істен бас тартып жатыр» деген сөзді естіп біз де таңқалдық. (ред. Қаржаубай Нұрымов Айтбек Амангелдімен жұмыс істеуден бас тартады. Артынан Нұрымов іске заңгер Мейірман Шекеевті қосқысы келеді. Сол кезде Амангелдінің адвокаттар тобы еш байланысқа шықпаған соң, Шерзаттың әкесіне ол адвокаттарға қатысты сенімхатты қайтарып алуға тура келеді. Себебі сотқа небары 10 күндей уақыт қалған). Айтбек сұхбат барысында Қаржаубаймен сөзге келіп қалдық дегендей әңгіме айтты, ал адвокаттар ше? Тіпті Қаржайбаймен ортақ тілге келе алмаса да, бас тартып, шығып кететіндей бұл баланың ойыны емес ғой. Бұл іске бүкіл халық қарап отырған резонанс тудырған іс емес пе? Ол жағын шыны керек, біз де түсінбедік.

–Ал  Қаржаубай Нұрымовтар сіздердің істе қаржылай көмек көрсетіп жатқандарыңызды басында білді ме? 

— Әлеуметтік желіге Қаржаубайдың қарындасы Перизат Нұрымова шығып Айтбекпен араларында түсінбеушілік болды деп айтып жатты. Сосын Перизатты тауып алып сөйлестім. Артынан Шерзаттың үйіне барып Қаржаубайдың анасымен сөйлестім. Олардың айтқаны: «Айтбек біздің айтқан пікірімізбен санаспай жатыр» деді. Одан бөлек басқа да түсініспеушілікітер болған, енді оны қазбалап айтқым келмейді. Содан Айтбектен, не жағдай болып жатыр деп сұрағанымда  ол маған «бәрі дұрыс» деп ғана қысқа қайырды. Сосын мен Қаржаубаймен кездескенде ол маған Айтбек бұлардан нақты кімнің қаржылай көмектесіп жатқанын айтпағанын жеткізді. Себебі Қаржаубай бастапқыда Айтбектен сұраған: «Маған айт, кімдер көмектесіп жатқанын, тым болмағанда аты-жөнін біліп жүрейін. Қолда қаражатым болмаса да, жігіттік алғысымды айтармын», деген де ол барынша қашқақтап: «мен өзім бәрін шешіп жатырмын» деп қор жайл ештеңке айтпаған. Әрине ол жерде қордан бөлек Шерзаттың отбасына көмектескен басқа да меценаттар болған шығар.  Бірақ, бізді сонша жасыратындай бізден не жамандық көрді?!

— Qantar қорының көмегі жайлы неге бір ауыз сөз айтылмады? Бәріне «бәрін өзім шештім» деп айтуының артында не жатыр деп ойлайсыз?

— Иә, Айтбек пен оның адвокаттарының еңбегін ешкім жоққа шығарайын деп отырған жоқ. Бірақ, осы істің басы-қасында жарты жыл болып, соттан кейін де сұхбат беріп жүріп, қордан көмек болғанын бір ауыз айта салу оған еш қиындық туғызбас еді деп ойлаймын. Мысалы, Шекеевке де біз көмектестік. Бірақ біз оларға тек жол ақысын ғана төлеп отырдық. Ол кісілер әу баста сот басталғанда: «иә, біздің жол шығындарды Qantar қоры төлеп жатыр» деп ашық айтты. Біз берген көмекті міндетсінуден аулақпыз. Бізге не мадақ, не атақ керек емес, бір ауыз айта салудың орына барлық жерде: «бәрін өзім шешіп жатырмын әрі жеке қалтамнан да ақша шықты», деуін шыны керек түсінбедік. Иә, ол жерде басқа да көмектескен меценаттар да бар. Тіпті керек болса өзінің қалтасынан да қаражат шыққан шығар, оны ешкім жоққа шығармайды.

Алда біз қор құрылтайшыларымен бірге Айтбек Амангелдімен кездесуіміз керек. Себебі олар әлі біздің тараптан төленген қаражаттарға қатысты толық есеп беруі керек. Сол кезде толғандырған сұрақтарымызды қоятын боламыз. 

— Сұхбатыңызға рахмет!

Еске сала кетсек, Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубай Нұрымов, ұлы Шерзат Полат және ағасы Нұрқанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат Полат қаза болды. Бұл оқиға жұрттың назарын аударып, үлкен резонанс болды. Шерзаттың сотына Orda.kz тілшісі қатысып, тікелей ақпарат таратып отырды.

Сот аяқталғаннан кейін Orda.kz Қазақстан сотындағы ашықтық пен әділеттілік принциптері қаншалықты сақталғаны жайлы жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің пікірін сұрады. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар