Аяжан Еділованың ісі: айыпталушы алқабилер сотынан бас тартты

cover

Аяжан Еділованы зорлап, айуандықпен өлтірді деп айыпталған азамат алқабилер сотынан бас тартты. Басты сот отырысының күні белгіленді.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Аяжан Еділованың өліміне қатысты алдын ала тыңдау аяқталды. Негізгі сот отырысы 9 қарашаға белгіленген. Сот отырысы жабық өтеді.

– Алдын ала сот отырысында сотталушы алқабилер сотына қатысу құқығынан бас тартты. Заң талабына сәйкес істі бір судья қарайтын болады, – деді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.

Еске салсақ, 2021 жылы наурызда Алматыда 19 жастағы Аяжан Еділова жоғалып кетті. Үш күннен кейін оның мәйіті табылған.

22 наурызда 19 жастағы Аяжан Еділованы өлтірді деген күдікті ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Кейін «НеМолчи» қоғамдық қоры кісі өлтіру ісінің мән-жайын жария етті. Белгілі болғандай, қылмыскер ізін жасыру үшін денені бөлшектеп тастаған.

Марқұмның туыстары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан істі бақылауға алуды сұрады. Сондай-ақ олар полицияның «Аяжанның күдіктімен кездесуге өз еркімен барды» деген нұсқасына сенбейтінін айтты.

Марқұм қыздың ағасының айтуынша, күдікті болашақ дәрігер, сыйлы отбасынан шыққан. Көршілері күдіктіні «тәрбиелі, мәдениетті» адам ретінде сипаттады.

Полицейлер күдіктіні ұстаған сәтте ол өзін бауыздамақшы болған. Оны жедел жәрдем көлігімен алып кетіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар