Аида Балаева «Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа «Дарын» сыйлығын табыстады

cover Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматыда ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қайрат» футбол клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын табыстады, деп хабарлайды Orda.kz.      

Танымал қазақстандық спортшы 2025 жылғы сыйлықтың «Спорт» номинациясы бойынша лауреаты атанған.

«Сіз бүгін жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, өскелең ұрпаққа үлгі болып жүрсіз. Балаларды спортқа, футболға баулып, салауатты өмір салтын насихаттауда еңбегіңіз зор. Президентіміз айтқандай, кез келген еңбек қадірлі әрі ел игілігіне қызмет етеді. Спорт – салауатты өмірдің негізі, ол адамды биік белестерге жетелеп, ел абыройын асқақтатады. Жетістіктеріңіз жастарға үлгі болып, бұл марапат сізді жаңа белестерге жетелей берсін», – деді Аида Балаева. 

«Қайрат» шабуылшысы Дастан Сәтпаев 2026 жылғы маусымда өнер көрсететін нөмірін таңдады. Енді 17 жастағы шабуылшы  2026 жылғы маусымда  «Қайрат» сапында 10-нөмірмен өнер көрсетіп жүр. Өткен чемпионатта жас форвард арқасына 9-нөмір тағып шыққан болатын.

Футбол жанкүйерлері үшін Сәтпаев өз буынының ең болашағы зор қазақстандық футболшылардың бірі екеніне дау жоқ. Шабуылшы алматылық клуб академиясынан тәрбиеленіп шығып, біртіндеп негізгі құрамға өтті. Енді оның  Қазақстан ұлттық футбол құрамасынан кетіп жатқаны туралы жазғанбыз.

Дастан Алматыда дүниеге келген. Сегіз жасында «Қайрат» академиясына түскен. Ол QJ League-те екі маусымда 28 матчта 26 гол, 10 нәтижелі пас берген. QJ League 2024 жылғы маусымның ең құнды ойыншысы атанған. Бірінші лигада 5 матч ойнап, жеңіс голын соққан. 2024 жылы мамырда 15 жасында Сәтпаев негізгі командада дебют жасап, «Қайрат» тарихындағы ең жас ойыншы атанды.

2025 жылғы Қазақстан чемпионатында Сәтпаев 26 матч өткізіп, 14 гол соғып, 6 нәтижелі пас берді. Бұл көрсеткіштер оны «Қайраттың» шабуыл шебіндегі негізгі ойыншылардың біріне әрі турнирдегі ең нәтижелі жас футболшылардың қатарына қосты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы дарынды жастарға жемісті ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын берілетінін атап өтті.

Бұған дейін Дастан Сәтпаев әлем футболының үздік 50 вундеркинд-жасөспірімінің рейтингіне кірген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылдың жазында Дастан Сәтпаев ресми түрде Лондонның «Челси» командасында ойнай бастайды. 

Тақырыпқа қатысты ұсынамыз:



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар