Адвокаттар тартысы: Дархан Әскентайды жәбірленуші деп тану керек пе?

cover Фото: Orda.kz

Orda.kz тілшісі Талдықорғанда өтіп жатқан 16 жасар Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысының түскі үзілісінде екі тараптың адвокаттарынан пікір алды. Айыпталушы Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Әскентай қорғауындағы адамды жәбірленуші деп тану керегін айтты. Ал адвокат Мейірман Шекеев бұл көзқарасқа қарсы болды, деп хабарлайды Orda.kz.

Еске сала кетсек, прокурор Дана Сәрсенбайды айыпталушылардың адвокаттары бір ауыздан ауыстыруды сұраған еді. Сот талаптан бас тартты.

Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Ержанов әуелі жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың Дархан соққы алғанда жедел жәрдем шақырмағанын алға тартты.

«Қаржаубай Нұрымов Дархан Әскентайдан ешқандай кешірім сұрамаған. 103-ке хабарласпаған. Одан бөлек сотта жауап беріп отыр ғой: «Ақшасын ұсындым, сырасын бердім, ем көрсетейін дедім» деп. Ондай ұсыныс мүлде болмаған жәбірленуші жақтан», — деді Мәулен Ержанов.

Сондай-ақ Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Ержанов оның көзінің астынғы сүйегі сынғанын алға тартып, оны жәбірленуші деп тану қажет екенін айтты. Оның сөзінше Дархан Әскентай ешқандай төбелеске қатыспаған жай ғана куәгер. 

«Төбелес Дархан Әскентайдың кесірінен болмаған. Дархан Әскентайдың істе ешқандай рөлі жоқ. Ол жәбірленуші болуы мүмкін немесе істе куәгер болуы керек. Не себепті сотталушы статусында отырғаны маған белгісіз. Себебі Дархан Әскентай ешқандай төбелеске қатыспаған, ешкімді ұрып, дене жарақатын келтірмеген. Не Нұрғанатқа, не Шерзатқа, не болмаса басқа біреуге... Төбелеске қатыспаған. Одан бөлек Дархан Әскентайдың сотта қалай жауап бергенін көрдіңіздер ғой. Ешқандай да қылмыстық құқық бұзушылық құрам жоқ бұл жерде. Сол себепті тағылған айып, ҚР 293-бөлігімен сараланып, айыпталғанына біз келіспейміз», — деді Мәулен Ержанов. 

Мәулен кастет бойынша тергеу кезінде айтылмағанын мойындады. Бірақ неге айтылмағанын білмейтінін айтты.

«Кастет бойынша тергеу кезінде айтылмады. Себебі 28 күн бойы Дархан Әскентайға ешқандай ем көрсетілмеген. Дархан Әскентайдың сол соққыдан бас сүйегі, көзінің астындағы сүйегі сынып кетіп отыр. Енді ондай денсаулық жағдайын ескермеген тергеушілер одан қайталап жауап ала берген. Ол қандай жауап бергенін мүлде оқымай қолын қоя берген. Сол себепті не үшін кастет жайлы айтпағаны маған белгісіз», — деді Мәулен Ержанов. 

Мәулен Ержанов тергеушілердің Дархан Әскентайға моральдық қысым келтіргенін айтты. Сонымен қатар айыпталушының сөзін қайталап, мылтықты Нұрғанат әкелгенін, ұстап атқанын еске салды. 

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев прокурор Дана Сәрсенбайды ауыстыру жайлы айыпталушылардың адвокаттарының өтініші еш негізсіз екенін баса айта кетті.

«Негізі прокурорға қарсылық білдіру ҚК 88-бабында көрсетілген. Сол 88-бапта 87-бапқа сілтеме жасалады. Ол жерде қандай жағдайда прокурорға қарсылық білдіруге болатыны көрсетілген. Қазір енді айыпталушылар өкілдерінің беріп отырған негіздері сол талаптарға сәйкес емес. Яғни, эмоциялық жағдай дегендері және басқа талаптары бұл аталып отырған бапта негіз болып саналмайды. Сондықтан сот бұл қарсылықты қанағаттандырусыз қалдырады деп ойлаймыз», — деді Мейірман Шекеев.

Ал мылтық жайлы әзірге нақты айту ертерек екені де айтылды. Бұл жайлы ол Дархан Әскентайға сауал қоятын кезек келгенде сұрақтарына жауап алуға тырысатынын айтты.

«Қазірше бізге сұрақ қою мүмкіндігі берілген жоқ. Сұралып жатқан Дархан Әскентайдың өзі қаруды дүкеннің ішінен алып шықты деп айтып жатыр. Біз сұрақ қоямыз. Өздеріңіз көрген шығарсыздар, ішкі істер министрлігі таратқан бейнежазбасында ешқандай қару болмаған. Дархан Әскентай бүгінгі соттағы жауабында ғана емес, тергеу барысында берген 10 жауабын да әртүрлі айтқан. Оны мен сіздерге айта алмаймын. Мен сұрақ ретінде дайындап отырмын», — деді Мейірман Шекеев. 

Мейірман Шекеев кастет туралы прокурор дұрыс ескерту жасап отырғанын айтады.

«Бұған дейін кастет туралы айтылмаған. Қазіргі сотта тергеу барысында анықталған жағдайлар қаралады. Бүгінгі сотта келіп кастет туралы айтып тұр. Әрине, ол заңды сұрақ. Біз үшін де заңды сұрақ. 10 рет тергелгенде айтпайды да, сотқа келгенде айтады. Сот оған назар аударады деп ойламаймын. Олардың өздерінің жіберіп алған процессуалдық қателіктері. Біз қазірдің өзінде оны жалған сөйлеп отыр деп ойлаймыз. Өйткені тергеу барысында ешбір жерде кастет анықталмаған. Басқа айыпталушылар да кастет жайлы айтпаған», — деді Мейірман Шекеев. 

Мейірман Шекеев Дархан Әскентайдың жәбірленуші ретінде танылуына келіспейтіндерін айтты.

«Дархан Әскентай қалай жәбірленуші болады? Сол топтың арасында жүрсе? Қазір сотта неге екенін айтамын. Дүкеннің алдында төбелес болды. Неге кетіп қалмады? Ол кетіп қалса жәбірленуші болатын еді. Ол топпен барды ғой. Не үшін бара жатқанын білді ғой. Анасы айғайлап жатты. Сондықтан Дархан Әскентайды жәбірленуші деуге келіспейміз», — деді Мейірман Шекеев. 
[media=https://www.youtube.com/watch?v=HDZmiJhq-O0]

Еске сала кетсек, бұған дейін айыпталушы тараптың адвокаттары бір ауыздан прокурор Дана Сәрсенбайды ауыстыру жайлы өтініштерін сотқа айтқан еді.

Бұған дейінгі сотта тілшілеріміз үзіліс кезінде адвокаттардан хуторлықтар мен Чика деген лақап аты бар азамат жайлы сұраған еді. «Делайте» деп бұйрық берген Чика деген лақап аты бар адам сотта куәгер болып жауап берді. 

Бұған дейінгі сот отырысында басты куәгер әрі жәбірленуші, марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов куәлік берді. Ол «хуторлық» жігіттерден жұрт сескенетінін, бұрындары көршілерін өлтіріп кеткенін баяндады.

Еске сала кетсек, 28 сәуір күні өткен сот отырысында Нұрбекова оқиға кезінде телефонға түсіріп тұрған әйелдің марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова екенін мәлімдеген болатын. Оның сөздері бір-біріне қайшы болған соң, жәбірленуші тараптың адвокаттары оның дәрежесі куәгерден күдіктіге ауысуы мүмкін екенін айтты.

Өткен сот отырысында әжесі Жұмабике жұмыстан келгенде топ болып жабылып жатқан адамдарды көргенін, Шерзатқа ұмтылған анасын екі ер адам ұстап тұрғанын байқағанын айтты. Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева да тура сол жағдайды баяндады. Сонымен қатар осы істе куә болған екі қыздың өзіне тас атқанын және бұзақылардың бірінің қолынан мылтық көргенін баяндап берді.

Еске сала кетсек, Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрғанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат қаза болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі марқұм Шерзаттың зиратының қасынан табылды.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты оқиғаның егжей-тегжейін мына репортаждан оқи аласыз.

Еске сала кетсек, ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен прокурор Берік Адамов және тергеу ісін қолға алған  Самат Айысов 15 қазан брифинг өткізген. Олардың артынан ұсталғаны мәлім болды. Ұсталғандардың кім екенін сол брифингте белгілі болды.

Олар «хуторлықтар» деген қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарды.

Шерзаттың үйі өртенген түні болған оқиғаны мына сілтемеден оқыңыз. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар