Ақтаудағы жарылыс: дәрігерлер зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді

cover Фото: Азамат Сарсенбаев

Ақтаудағы жарылыстан қаза тапқандар бар деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Желіде 7 қарашада Ақтауда болған жарылыс салдарынан 14 адам қаза тауып, 25-і жансақтау бөлімінде жатқаны туралы ақпарат пайда болды.

Маңғыстау облыстық ауруханасының бас дәрігері Жәнібек Әжмұханов бұл «деректерді» жоққа шығарды.

Ол 7 қараша күні сағат 23:45-тегі жағдай бойынша облыстық аурухананың қабылдау бөліміне жарылысқа қатысты қоңырау тіркелмегенін айтты. Әжмұханов тек төрт жедел жәрдем бригадасы жарылыс орнында кезекшілік етіп жатқанын жеткізді.

«Жарылыс болған «Аянат» дәмханасының иесі Абай Әміреевтің айтуынша, оқиға кезінде ғимаратта қызметкерлер мен қонақтар болмаған» деді Маңғыстау облысы әкімдігінің жанындағы Қоғамдық коммуникациялар орталығы.

Облыстағы төтенше жағдай қызметі жарылыс кезінде ғимарат жанында 11 көлік болғанын нақтылады. Жарылыс салдарынан біраз көлік қирады. Олардың барлығы жақын маңдағы тұрғындарға тиесілі.

«Жол полициясы қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен үш көлікті эвакуациялады. Одан әрі эвакуацияланатын қалған сегіз көліктің иелерін анықтау жұмыстары жүргізілуде» деді Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар