Ақтөбе: Нұр Отан қағаздарын жыртқан адам емханаға жатқызылды

cover

Нұр Отандықтардың плакаттарын жыртқан белсенді Асанәлі Сүйеубаев психдиспансерге жатқызылды. 21 желтоқсан азаматты жедел жәрдем бригадасы мен учаскелік инспектор кеткен. Бұл туралы «Қаһарман» қорының директоры, құқық қорғаушы Дана Жанай хабарлады.

Асанәлі Сүйеубаев 21 желтоқсан Ақтөбенің жүйке аурулары орталығына кешкі алтыларда түсті. Бас дәрігердің орынбасары Есенаман Нысанов «Пациентті жедел жәрдем бригадасы мен полиция қызметкерлері алып келді» деді.

«Мінез-құлқында өзгеріс бар. Бірақ оны өзі мойындамайды. Ойына не келсе соны істеп, көшеге шығып, сайлау плакаттарын жыртқан. Мұны медицинада «аддиктивті мінез-құлық» деп атайды. Сүйеубаев қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет жасаған», - дейді Есенаман Нысанов.

Дәрігердің мәліметіне сүйенсек, 2012 жылы екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан психиатрлар тізіміне енген.

Сүйеубаев өз Facebook парақшасында екі күн бұрын видео жариялаған. Онда белсенді автобуста ілініп тұрған Нұр Отан партиясының плакатын жыртқан. Ал 21 желтоқсан күнгі эфирінде өзін әкетуге келіп тұрған жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін түсірген.

«Оны бұған дейін де психиатрия клиникасына әкетіп, 20 күн бойы мәжбүрлеп ұстаған еді. Жыл басында Асанәліні «Көше партиясының» үнпарақтарын таратқаны үшін әкетті. Бұл жолы да сайлау қарсаңында әдейі қамап отыр. Белсенділер «Нұр Отан» партиясының жалған рейтингін, сайлау кезінде дауыс ұрлайтынын әшкерелемек. Сол үшін Қазақстанда жүздеген белсенді қуғында жүр. Үйқамақта, тергеу изоляторында отырғандар да бар. Сүйеубаев жүйке аурулары диспансеріне қамалды», - дейді «Қаһарман» қорының директоры, құқық қорғаушы Дана Жанай.

Құқық қорғаушылар осы мәселе бойынша кеңестік кезден қалған «өзгеше ойлайтындарды психиатрия клиникасына жіберіп, жазалау» сақталған дейді.  

Ал халықаралық ұйымдар қудалауға іліккен белсенділерді «ар-ұждан тұтқындары» деп таныды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар