28 ақпан – Сирек аурулардың халықаралық күні: ДСМ былтыр 175,4 млрд теңге бөлді

cover Фото: Ашық дереккөзден

ҚР денсаулық сақтау министрлігінде Сирек кездесетін аурулардың халықаралық күні – орфандық аурулары бар пациенттердің өмірі мен денсаулығы үшін мемлекет, халықаралық және пациенттік ұйымдар, мамандандырылған қорлар мен барлық жанашыр азаматтардың ортақ жауапкершілігін еске салатын күн екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz. 

Қазақстанда сирек кездесетін аурулармен ауыратын шамамен 73 мың пациент тіркелген, олардың 14 мыңға жуығы – балалар.

«Бүгінде бізде орфандық аурулары бар пациенттерге медициналық көмектің кешенді жүйесі кезең-кезеңімен қалыптастырылып келеді – ерте анықтау мен дәл диагностикалаудан бастап мамандандырылған емдеуге және ұзақ мерзімді бақылауға дейін. Пациенттерді бағыттау жүйесі жетілдірілуде, заманауи клиникалық тәсілдер енгізіліп көмек көрсетудің мультидисциплинарлық моделі дамытылуда. Біздің міндетіміз – адам өз ауруымен жалғыз қалмай, барлық кезеңде жүйелі әрі уақтылы көмек алуы», деп мәлімдеді министрлік. 

Көп жылдардан бері алғаш рет орфандық аурулар тізбесі халықаралық критерийлерге сәйкес, аурулардың таралуы, ауырлығы және клиникалық ағымы ескеріле отырып жаңартылған. Бұл жұмыс қолдауды қысқартуға емес, ресурстарды әділ әрі пациенттердің мүддесіне сай бөлу үшін жүйенің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.

Министрлікте соңғы жылдары қаржыландыру көлемі бірнеше есе артқанын да атап өтті. Егер 2019 жылы орфандық пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 7,5 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл қаражат 175,4 млрд теңгеге жеткен. Бұл – 23 есе өсім.

«Шығындардың басым бөлігі, яғни орфандық аурулары бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің 60%-ы республикалық бюджет есебінен мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Қосымша қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қатысуымен жүзеге асырылады. Сирек кездесетін аурулар жалпы пациенттердің 3%-дан азын құраса да, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шығындарының шамамен жартысын қалыптастырады. Бұл мемлекеттің жауапкершілік ауқымын айқын көрсетеді»,  деп мәлімдеді ҚР ДСМ. 

Сонымен қатар клиникалық тиімділік, қауіпсіздік және фармако-экономикалық орындылықты міндетті түрде талдауды қамтитын орфандық препараттарды бағалаудың үш кезеңді жүйесі енгізіліп жатыр екен. 

«2025 жылы медициналық ақпараттық жүйемен ықпалдастырылған «Орфандық аурулар» ақпараттық-цифрлық модулі іске қосылды. Бұл пациенттердің қажеттіліктерін дәлірек бағалауға және жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді», деп қосты министрлік. 

Еске салсақ, денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті (МФБК) медициналық ұйымдарға жоспарлы тексерулер жүргізуді қайта қолға алды. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылы 118 мемлекеттік және жекеменшік клиника мен ауруханада тексеруден өтеді.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар