1999 жылы төңкеріс салдарынан ШҚО-да «Орыс Алтайы» пайда болу мүмкін еді

cover

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ҰҚК төрағасы генерал-лейтенант Кәрім Мәсімов «Отандық арнайы қызметтің хроникасы. Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы әңгімелер» және  «Мемлекеттік шекара» атты екі кітап шығарады. Кітаптарда біздің мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігі мен шекараларын қорғауға лайықты үлес қосқан жедел қызметкерлер мен шекарашылардың қызметі туралы баяндалады.

Orda.kz кітаптың үзіндісін жариялайды.

Өткен ғасырдың соңында Өскеменде тұрақтылық болмады. Жалақы, зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақы бойынша аймақтағы қарыздар мыңдаған наразы адамдарды алаңға алып шықты. Әрине, арасында азаматтық қарама-қайшылыққа ұшырауға сәл қалған аймақты өздерінің саяси дивиденттерінің табыс көзі қылғысы келгендер де табылды. Бұл оқиғалар қазіргі Қазақстан тарихында «Пугачев бүлігі» ретінде есте қалды. 

Пугачев гастрольдері

Пугачевтің өзі Шығыс Қазақстанның тумасы емес және тіпті Қазақстанда да тұрмаған. Ол аласапыран 1990-шы жылдары пайда болған әдеттегі авантюристердің бірі және «сәттілік солдаты» болған.

Казимирчук Виктор Владимирович, 1947 туған. Лақап аттары - «Пугачев» және «Емельян». Ұлты поляк, Мәскеуде туып-өскен, РФ азаматы. 1965 жылы 3 жылға, 1970 жылы 10 жылға сотталған, 1987 жылы аса қомақты көлемдегі валюталық алыпсатарлықпен айналысқан. Жақын араласатын адамдары арасында «өте үлкен құпия» түрде 1993-1994 жылдары Югославия аумағында соғысқа қатысқанын, ал оған дейін Бас барлау басқармасының подполковнигі шенінде әскери қызмет атқарғанын, бірқатар батыс еуропалық мемлекеттердің резиденті болғанын айтады. Ресейдің заманауи саяси элитасы арасында көптеген таныстары бар, көбінесе ұлттық-патриоттық секторда көрінеді. Көптеген Мемлекеттік Дума депутаттарымен және елдегі ірі кәсіпкерлермен жеке таныстығы бар.

1990-шы жылдардың аяғында Мәскеуде өзі ұйымдастырған, бірақ әділет органдарында тіркелмеген «Русь» қоғамдық-патриоттық ұйымын (бұдан әрі – ҚПҰ) басқарған. Шамамен 1997 жылы «Алтай құрылысшысы» облыстық газетінің бұрынғы бас редакторы В. Чернышовпен тағдыр жолықтырады. 1998 жылдың жазында Пугачев немесе Казимирчук бірінші рет Шығыс Қазақстанға келеді. Казактардың радикалды қанатымен байланысқан облыстың және қаланың саяси өмірінің атақты радикалдары облыстық мәслихаттың депутаты Н.Иванов және А. Дашков деген адамдарға ол Чернышовтан екі кепілдемелік хат алып келеді.

1999 жылдың жазында Пугачев және Чернышов бірлесе отырып Шығыс Қазақстанға келеді. Ведомствоның орталық аппаратының үйлестіруімен ҰҚК ШҚО бойынша департаментінің қызметкерлері кейінірек анықтағандай, сол кезде-ақ «Русь» ұйымының көшбасшысы облысты Қазақстаннан бөліп алу жоспарын ойластырып жүрген. Бірақ ол оны қалай жүзеге асыру керектігін білмеген болатын.

«Русь» ұйымы Казимирчук пен Чернышовтың Өскеменге келетін кезінде РФ Мемлекеттік Думасына, Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығына үндеу дайындады, бұл үндеуде ШҚО-да қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайлардың негативті жағын тілге тиек етеді. Сонымен қатар бұл үндеу арқылы көмек те сұрайды... Ал Шығыс Қазақстан облысының билігін қарулы күшпен басып алу туралы ойы, өзінің айтуы бойынша, Казимирчук Мәскеуге келгеннен кейін пайда болған, сол үшін топ ұйымдастырады.

Топтың негізгі бөлігі Ресей азаматтарынан және бір Молдова азаматынан құралды. Өскеменде бұған Чернышовтың бірнеше әріптестері қосылды. Қару-жарақты Омбы қаласынан сатып алады: калибрі 5,45 мм болатын 270 патрон, Ф-1 гранатасы және Калашников автоматының 4 оқтамасы – бұл мәліметтер істің материалдарында сақталған.

Пугачев сол жерде «Омское время» газеті тілшілерінің төрт жалған куәлігін жасаған. Осы куәліктердің көмегімен ұйым мүшелері облыс және қала әкімшіліктерінің, құқық қорғау органдары департаменттерінің және басқармаларының орналасу мекенжайларын, әскери бөлімдердің орналасқан орындарын, олардың жұмыс кестесі мен қарулануы бойынша нақты ақпараттар жинағаны, халықтан сауалнама жүргізгені жедел іс-шара барысында белгілі болады.

Жаулап алу жоспары

Сол уақыттағы облыстағы жағдай шынымен де тұрақтылық ауылынан алыс еді. Ірі және орта кәсіптің, облыстағы ұйымдардың төлем бойынша қарызы өте жоғары болатын. Сонымен қатар орыстілді халықтың көптеп көшіп жатқан уақыты еді. Адамдардың өмірі мен тағдыры арасында өрттің шығуына тек шырпының жетпей тұрғанын ойлаған Пугачев, сол сіріңкені жағуға дайын болды.

Сол уақытта Пугачев тобы Өскеменге дейін жетті. Осы мезгілде көшбасшы өз командасының алдына нақты міндеттер белгіледі: Шығыс Қазақстан облысының билігін қарулы күш қолдану жолымен басып алып, сол жерде «Русский Алтай» автономиясын құру. Өз мақсатына жету үшін Пугачев жан-жақты дайындалды. Топты басқаруда әскери элементтерді енгізді – баянат, бұйрық беру тәртібі, ұйым ішіндегі рөлдерді бөліп берді, өзін командир етіп тағайындап, орынбасарын штаб бастығы етіп белгіледі.

Ұсталғаннан кейін ұйым штабында тінту жүргізген ҰҚК қызметкерлері төңкерістің идеологиялық және теориялық тұрғыдан дайындығына таң қалады. Алынған заттар арасында – анархизм жөніндегі тарихи және практикалық кітаптар, «Декларационные положения ОПО «Русь», «Русский национализм и национальный вопрос в России», «Декларация Национального блока» және т.б. тақырыптағы саяси оппозициялық зерттеушілердің жұмыстары табылады.

Пугачев штабының негізгі жұмысы қаланың стратегиялық объектілері, арнаулы қызмет жұмысы, қаланың және облыстың басшылары жөнінде ақпарат жинауға бағытталды. Ол үшін топ мүшелері әскери бөлімшелерде бақылау жүргізген, Қарулы Күштер және ІІМ офицерлерімен кездесу жолдарын тынымсыз қарастырады, олардың көңіл-күйлері жөнінде барлау жұмыстарын жүргізеді, қару сатып алу немесе ұрлап алу мүмкіншілігін іздестіреді. Абырой болғанда, әскери қызметшілердің ешқайсысы Казимирчук және оның көтерілісшілерінің ұсыныстарына қызығушылық танытпағанын атап өту керек.

Бірақ Пугачев ешқашан үмітін үзбеді және әрқашан жаңа бірлестіктерді іздеді, әрі Өскемен аумағынан тысқары жерлерден де сыбайлас табуға тырысты. Төңкеріске деген халықтың пікірін анықтау үшін «Союз офицеров» қоғамдық ұйымының және «Омское время» газетінің журналистері ретінде топ мүшелері Семей мен Аякөзге де барады. Сапар барысында ҰҚК ШҚО бойынша департаментінің ғимаратына шабуыл жасауды Риддер бекетінің атаманына ұсынады.

Казимирчук жергілікті казачествоның қолдауына үлкен үміт артты. 1999 жылдың қазан айының ортасында Н.Иванов арқылы Жоғары Ертіс орыс казачество қауымдастығының мүшесі Ю. Бессмертныхпен хабарласады, бірақ ол сенімділік тудырмайды. Сол күні кешке Бесмертных жорық атаманы С. Чулковпен хабарласып, Пугачев деген біреудің түсініксіз мәселе бойынша келгендігін хабарлайды. Осы уақытта Сібірлік казачествоның әскери атаманы Кононенко арандатушы келгенін Чулковқа айтып үлгереді. Топтың мақсаты – ШҚО билігін басып алып, казачествоның беделін түсіру еді.

Жоғары Ертіс орыс казачествосы қауымдастығының басшылары кейінірек ресми түрде мәлімдеме жариялайды: «Пугачев және оның сыбайластарының казактармен ешқандай байланысы жоқтығын мәлімдейміз. Біз қандай да бір террорлық көріністерді айыптаймыз. Біздің қоғамдағы ұлтаралық келісімді және бейбітшілікті ешқандай арандатулар мен Пугачев сияқты арандатқыштар бұза алмайды... Терроршыларды іздеу жөніндегі жұмысты Жоғары Ертіс орыс казачество қауымдастығы басшыларының өздері бастады. Бірақ та оларды ҚР ҰҚК ұстады. Сол үшін біздің тарапымыздан аталған ведомствоның қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз...».

«Орыс Алтайы» туралы армандар

Казачество бас тартқаннан кейін Пугачев бизнесмендер, депутаттар және қоғамдық белсенділер арасындағы одақтастарын ұйымдастыруға тырысты. Қолдау көрсеткендерге болашақта құрылатын автономиядан қызметтер ұсынды. Бұл бағытта оның нақты болжамдары болды.

Казимирчук-Пугачевтің жоспары бойынша «Орыс Алтайы» автономиясы екі аумақтан «құралуы» керек еді – ҚР Шығыс Қазақстан облысы және РФ Таулы Алтай автономды республикасы. Автономия басшылығын Мемлекеттік Кеңес атқарады. Негізгі портфельдер де үлестірілген болатын: Иванов – төраға, Казимирчук – қауіпсіздік, Атяшев – экономика салаларына жауап береді.

Болашақ автономия басшыларының қолында ең бірінші кезекте сотталатын немесе жойылатын адамдардың тізімі болды. 28 адам терроршылардың құрбаны болу керек еді: облыстың жоғары басшылары, ШҚО және Өскемен қаласының құқық қорғау органдарының барлық басшылары, ірі бизнесмендер мен кәсіпкерлер, ұйымдасқан қылмыстық топ көшбасшылары.

Пугачевтің жоспары бойынша төңкеріс түнде, құқық қорғау құрылымдарына шабуыл жасаудан басталуы керек еді.

Терроршылардың есебі бойынша таңертең келген офицерлер ғимаратта тойтарыс бере бастағанда, Казимирчук тобы атысты бастайды. Әрі қарай алаңға қала тұрғындары шығады. Оларға қарай жөнсіз атыс немесе от шашуды тастау тобыр арасында жаппай тәртіпсіздікті арандатқан болар еді. Шартарапқа ақпараттық агенттіктерден хабарламаның таралуы: Өскеменде атыс-шабыс болып жатыр… Сараптамашылардың ойынша, мұндай жағдайды басуға тұрақты армияның да күші жетпей қалар еді.

Бірақ Казимирчук-Пугачев штабында ең басты нәрсе ескерілмей қалған еді: Өскеменге келгеннен бастап олар ҰҚК назарында жүрген болатын. Сондықтан болашақ төңкерістің тарихи жолы мүлде басқаша аяқталды.

1999 жылғы 19 қарашаның түнінде, Казимирчук жоспарлаған оқиғаның басталуына бірнеше сағат қалғанда, жергілікті уақыт бойынша 22 сағат 53 минутта топ штабының Алматы көшесіндегі 52-24-үйінде орналасқан мекенжайына Комитет қызметкерлері баса-көктеп кірді.

Ұйымның жолы бола қалған жағдайда жариялауға дайындап отырған жоспарларын, басқа да құжаттарын жедел қызметкерлер тәркіледі. Оның ішінде «Қазақстанның орталық билігі тағайындаған басшылардың барлық билік өкілеттігін ШҚО аумағындағы мекендейтін халық өкілдігіне беру туралы актісі», «ШҚО аумағында менің қарамағымдағы шұғыл қызметтегі әскери қызметшілер және мерзімінен тыс әскери қызметкерлерді міндетті қызметтен босату және запастағы офицерлерді босату туралы бұйрықтары» алынды.

«Орыс Алтайының» басшылығы өздерін жоғары саяси деңгейде көрсетуді де жоспарлады, бұл туралы «Декларацияда» (Халыққа арналған үндеу) жақсы айтылады, «Қазақстан Республикасының құрамындағы өзін-өзі басқаратын автономды Орыс Алтайы аумағының мәртебесі туралы «Орыс Алтайы Мемлекеттік Кеңесінің №1 Жарлығының» жобалары, «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының басшылығы сегіз жыл бұрын қолданған…» деген сөздерден басталатын декларация, «ҚР шекарасында ШҚО аумағындағы автономды мәртебе берілген Орыс Алтайы мемлекетін құру туралы» декларацияның жобасы, «Орыс Алтайы» мемлекеттік құрылымының бірінші кезектегі жарлықтарының тізімі және басқа құжаттар оқыған адамға ой салары анық.

Экстремистік әрекеттегі Казимирчуктың қарулы тобына айып тағу үшін барлық жиналған материал жеткілікті болды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі В.Л. Метте арнайы операцияның нәтижесі жарияланғаннан кейін мәлімдеме жасады: «Облыс орталығында бірқатар экстремистік іс-әрекеттерді жүзеге асыруды жоспарлаған адамдар тобын ҰҚК анықтап, өз уақытында ауыздықтады. Оның жетекшісі Ресей азаматы. «Русь» ұйымы – Ресей Федерациясының мемлекеттік құрылымына ешқандай қатысы жоқ және тіркелмеген қоғамдық-саяси бірлестік болып табылады... Болған жайт халықтың және менің қатты ашуыма тиді. Шығыс Қазақстан тұрғындарының саяси экстремистік араңдатушылыққа түсіп қалмауына даналығы жететініне және бәрімізге ортақ үйіміздің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтайтынына сенімдімін».

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев өткізілген арнайы операция үшін алғыс айтып: «Бұл мәселені қылмыстық іс ретінде қарастыруды құптаймын, себебі саяси астарын көріп тұрған жоқпын. Қазіргі уақытта ресейлік және қазақстандық арнаулы қызметтері инцидент бойынша тексерулер жүргізіп жатыр. Бұл сұрақтың анық-қанығын айтатынына сенімдімін», – деп мәлімдеді.

ХХ ғасырдың соңында ресейлік және қазақстандық арнаулы қызметтердің көмегімен «Орыс Алтайы» деген тақырып мүлдем жабылды.

Тағы бір арандатушылық

Бірақ ХХІ ғасырда жағдайды қайта жаңғырту әрекеттері, ұлтаралық шиеліністі арандату және екі елді, екі халықты араздастыру пиғылы тоқтамады.

Бәлеқор ресей жазушысы, ұлтшыл, РФ-да тыйым салынған «Ұлттық-большевиктер партиясының» көшбасшысы Эдуард Лимоновтың да (нағыз тегі – Савенко) Казимирчук сияқты, Шығыс Қазақстанға көзі түсті. 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысы аумағына қарулы қақтығыс жолымен күштеп кіруді ұйымдастыру және «Екінші Ресейді» орнату ойын жетілдіре түсті. Осы мақсатпен РФ Алтай Республикасының Усть-Коксовский ауданындағы Банный селосының аумағында өз «партиясын» қолдайтын қарулы топты жаттықтыратын база құрады (Шығыс Қазақстан облысының шекарасы маңайында).

Бұл жерде жауынгерлік және тактикалық дайындық сабақтарын ұйымдастырады, оның ішінде ҚР аумағында жауынгерлерінің туристер кейпіндегі «барлау жорығын» өткізеді.

Ресейлік және қазақстандық арнаулы қызметтің бірлескен іс-шараларының арқасында Лимоновтың деструктивті ойы дер кезінде ашылып, жолы кесілді. Ол тұтқындалып, кейінірек қаруды заңсыз сақтағаны үшін және терроризм бойынша айыпталып, сотталды.

2003 жылы босап шыққаннан кейін, Лимонов бірнеше рет арандатушылық мәлімдемелер жасап жүргенімен, нақты қадамдарға бармады.

Ол 2020 жылы қайтыс болғанша ультрарадикалды шовинистік позицияда қала берді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар