12 адамның өмірін жалмаған Bek Air-дің қазіргі тағдыры қандай?

cover Коллаж Orda.kz

Бір кездері ең арзан жолаушылар тасымалын жүзеге асырған Bek Air лоукостері апатынан бері 5 жыл өтті. Жұрттың қабырғасын қайыстырып кеткен бұл қылмыстық іс әлі күнге дейін сотқа жетпеді. Ал қайғылы оқиғаға қатысты жалғыз айыпталушы сол ұшақта қаза тапты. Orda.kz еліміздегі жолаушылар ұшағына қатысты ең ірі апаттың қалай болғанын және оның себебі мен Bek Air-дің қазіргі тағдырына талдау жасады.

Bek Air негізін қалағандар   

Bek Air компаниясы 1999 жылы «Беркут Эйр» (Berkut Air) атауымен құрылып, алғашында компания тек  VIP-ұшуларды қамтамасыз ететін бизнес-авиация саласында маманданған. Ал 2011 жылы атауын Bek Air деп өзгертіп, Орал әуежайын база ретінде пайдалана отырып, тұрақты түрде ішкі рейстерді орындай бастайды.

Авиакомпанияның негізін қалаушылардың бірі Нұрлан Жұмасұлтановтың басшылығымен компания Қазақстандағы ішкі әуе тасымалы нарығында белгілі бір жетістіктерге жетуге ұмтылды. 2017 жылға дейін компанияның тағы бір негізін қалаушы ретінде Сәкен Жарқымбаев болса, кейінірек компанияның құрылтайшысы Дамир Шәуленбаев болып тіркелді.

Қаржылық көрсеткіштер

2015 жылы Bek Air елімізде ішкі жолаушылар тасымалы бойынша екінші орынға ие болып, 14-тен астам бағытта рейстер орындады. Алайда, компанияның қаржылық көрсеткіштері тұрақсыз болған.2015 жылғы түсімі 5436 миллион теңге болса, операциялық шығындары 849 миллион теңгеге, ал таза шығын 808 миллион теңгеге жеткен. Сонымен қатар, Bek Air ЖШС-нің атында 46 миллион теңге көлемінде орындау өндірісі бойынша қарызы болды.  2023 жылдың қарашасында компания таратылып, банкроттық басқарушысы ретінде қазіргі басшы Дамир Шәуленбаев тағайындалған болатын.

2019 жылғы әуе апаты

2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға (қазіргі Астана) ұшып бара жатқан Fokker 100 ұшағы ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшырады. Бортта 98 адам болған 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі.  

Апат салдарынан 12 адам, соның ішінде экипаж командирі қаза тауып, 66 адам жарақат алды.  

Ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін ұшақ биіктігін жоғалтып, 2 рет ұшақ артқы бөлігімен ұшу-қону жолағыны соғылған. Кейін әуежайдың бетон қоршауын жарып өтіп, Гүлдала ауылындағы екі қабатты үйге соқтығысқан.  

Фото: ТЖМ РҚ
Фото: ТЖМ РҚ

 Билік апаттың негізгі себептерін түсіндірді

  • Ұшақ қанаттарында мұздың жиналуы. Бұл ұшу кезінде асимметриялық көтергіш күштің жоғалуына әкелді.
  • Экипаждың жеткіліксіз дайындығы, яғни ұшып шығуға дейін ұшақ жағдайын дұрыс тексермеген, атап айтқанда ұшақ қанатының алдыңғы жағына қатқан мұзға мән бермеген.
  • Қауіпсіздік басқару жүйесіндегі бұзушылықтар, авиакомпанияда ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған нақты процедуралар мен талаптар болмаған. 

Апаттан кейін Bek Air авиакомпаниясының қызметі тоқтатылды, ал оның сертификаты жойылды. Ел билігі авиация саласындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын күшейтіп, тексеру жүргізіп, талаптарға сай келмейтін бірнеше авиакомпанияның қызметін тоқтататқан болатын.  

Іс әлі күнге дейін сотқа жіберілмеген. Біздің дереккөздеріміздің ақпаратына сәйкес, тергеу жақында аяқталды, қазір зардап шеккендер мен қаза болғандардың туыстары іс материалдарымен танысуда.   

Тергеу басталғанда компанияның шынайы иесі Жамасұлтановты біраз уақыт таба алмай жүрді. 2020 жылы Қазақстанның «Авиациялық әкімшілік» акционерлік қоғамының бас директоры болып қызмет атқарған Питер Гриффитс Bek Air-дің шынайы иесі Нидерландыда екенін айтқан болатын.

Питер Гриффитс, фото gov.kz
Питер Гриффитс, фото gov.kz
«Барлық құқық Голландиядағы компанияға тиесілі. Бірақ Bek Air-ді қазақстандықтар басқарып жатыр деп көрсету үшін олар жергілікті қызметкерлерді пайдаланды. Голландиялық тарап Bek Air-ге ұшақтарды жалға берген. Бірақ мен барлық ақпаратты аша алмаймын», – деген болатын сол кезде Питер Гриффитс.  

Ол сондай-ақ апат тергеуі екі-үш жылға созылады деп болжаған еді. Бірақ, ұшақтың апатқа ұшырау себептерін тергеумен авиациялық апаттарды зерттеу бюросы айналысты. Бұл Fokker ұшақтарының Нидерланд өндірісіне тиесілі екенімен түсіндірілді. Бюро қазақстандық әріптестерінен апатты моделдеу үшін барлық деректерді сұрап алған болатын.

Рұқсат етілмеген рейстер

Апаттан кейін Bek Air-дің Африкаға заңсыз рейстер жүргізгені анықталды, ол үшін өзге елдің туын пайдалану  (компаниялар өз ұшақтарын немесе кемелерін басқа елге тіркеп, сол елдің туын іліп, өз елінің заңдарынан жалтару тәсілі) жүйесін қолданған. Спутниктік суреттер көрсеткендей, 2019 жылдың сәуірінен бастап 3 ай бойы компания ұшақтары Африка елдерінде тиісті рұқсатсыз ұшып келген. 

Фото: Instagram.com/bek_air_official
Фото: Instagram.com/bek_air_official

 Сертификатсыз жұмыс істеді

Компания IOSA (IATA Операциялық қауіпсіздік аудиті) сертификатынсыз жұмыс істеді, бұл сертификат авиакомпанияның ұшу қауіпсіздігі мен операциялық процедураларына қойылатын қатаң талаптарға сәйкестігін растайды. Сертификаттың болуы барлық IATA-ға мүше авиакомпаниялар үшін міндетті және көптеген елдерде сенімділіктің негізгі көрсеткіші ретінде саналады. Яғни, бұл Bek Air компаниясының операциялық және техникалық процедуралары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келуін тексеретін тәуелсіз аудиттен өтпегенін білдіреді.  

Bek Air ұшағының апатынан кейінгі қирандыларды тексеру. Фото: ТЖМ РҚ
Фото: ТЖМ РҚ: Bek Air ұшағы апатынан кейінгі қирандыларды тексеру 

Арнайы сертификат болмады

2016 жылы Bek Air компаниясының төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов өзінің компаниясы Қазақстан ішіндегі әуе рейстері үшін ең арзан баға ұсынатынын айтты. Ал IOSA аудитінен өту компанияға тым қымбатқа түсетінін атап өткен болатын.

«Неліктен шенеуніктер өз міндеттерін бізге жүктейді, әрі біздің есебімізден? IOSA сертификаты көп ақша тұрады, бұл ақылға қонымсыз. Бірақ біз тұрақты рейстерді жалғастыра береміз», – деген еді ол.  

Сол кездегі қоғам белсендісі, қазір мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов авиакомпанияны ашық қолдаған еді. Оның пікірінше, IOSA сертификаты қауіпсіздік кепілі емес. Әбенов сертификаты бар авиакомпанияларда болған әуе апаттары статистикасын келтірді. Оның мәліметі бойынша, 1999 жылдан 2015 жылға дейін 78 әуе апаты болды, олардың 57%-ында авиакомпаниялар аудиттен өткен. 

Азаматтық авиация комитеті Bek Air аудиттен өтреу себебін аудит сынағынан өтпей қаламыз деп қауіптенгенін деп түсіндірді. Ал сертификаттау 2016 жылы 60 мың доллар шамасында болған.

Апаттан кейін бұл сертификаттау туралы қайта еске түсті. Осы жолы бұл мәселені айналып өту мүмкін болмады.

Қазақстан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі IOSA сертификатының ішкі рейстерді жүзеге асыратын авиакомпаниялар үшін міндетті емес екенін айтты. Бірақ бұл стандарттың болмауы Bek Air компаниясының сенімділігіне күмән келтіріп, оның беделіне тағы бір соққы болды.

Осыдан кейін Қазақстан билігі авиация саласын реформалауды бастады, ұшу қауіпсіздігі талаптарын қатаңдату шараларын қолға алды.

Компанияның жабылуы

2019 жылғы 27 желтоқсандағы апаттан кейін Bek Air барлық рейстерін тоқтатты. Ал 2020 жылдың сәуірінде компания барлық операцияларын ресми түрде тоқтатты. Компанияның жабылуының негізгі себептері ұшу қауіпсіздігі саласындағы үлкен бұзушылықтар, қаржылық қиындықтар және жолаушылар мен мемлекеттік органдар тарапынан сенімді жоғалту болды.

Соңында, Bek Air компаниясының қаржылық мәселелері, қауіпсіздік саласындағы бұзушылықтар, жанжалдар мен қорқынышты әуе апаттары  компанияның жаппай жабылуына әкелгені белгілі болды.

Надежда Карнаеваның зерттеу туралы пікірі

Қайғылы оқиға болған күні ұшақта күйеуімен бірге болған Надежда Карнаева тергеу мен сот әділдігіне күмәнданатынын айтады.

«Мен ештеңе күтпеймін, себебі өте көп уақыт өтті. Әділдікке сенемін бе? Жоқ. Қандай да бір төлемдер болады деп те ойламаймын. Іс сотқа дейін барса баратын шығар, бірақ, кінәлі адам ретінде тек ұшқыштар ғана жауап береді деп ойлаймын. Тергеушілердің бұл істі әлі тергеп жатқанын естіп қалдым.  Мұның бәрін әлдеқашан ұмытып, істі жылы жауып қойған шығар деп ойлағам. Тіпті тергеу жүргізіліп жатқанынан да хабарсыз едім. Дегенмен бес жыл бұл өте ұзақ уақыт», — деді Надежда.

Осы уақыт аралығында Надежда бала көтерді, қазір ол сот процесіне барып қатысу туралы шешімді нақты қабылдамапты. 

«Егер өзімді жақсы сезінсем сотқа баратын да шығармын. Бір жағынан сол жаман естеліктерді қайта бастан кешіргім келмейді.  Маған ұшу әлі күнге дейін қиынға соғады. Бұл қорқыныштан құтылу үшін біраз адаммен жұмыс істедім, тек психиатрға бармадым, себебі жүкті болдым. Бірақ босанған соң дәрі-дәрмекке алатынымды білемін. Өйткені менің екі балам, күйеуім бар. Дегенмен әлемді балаларға көрсету керек, ал бұны жаяу жүріп істей алмайсың», – деп бөлісті Надежда.

Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта өзі сенетін бірнеше авиакомпаниямен ғана ұшатынын айтты. Надежда лоукостерлерде ұшпағандықтан саяхаттары қымбатқа түседі екен.

«Ұшақ бортына отыра салысымен  тұла бойымды үрей мен қорқыныш баурап алады. Онымен күресу қиын. Жазда Дубайға ұшқанымызда, әуежайда 6 рет, ұшақта 4 рет үрейден өзімді жайсыз сезіндім. Ең қорқыныштысы осындай үрейлерден мен инсульт алуым мүмкін. Мұның бәрі сол апаттың салдары», – дейді Надежда.

Надежданың күйеуі сол қайғылы оқиға болған күні омыртқасын зақымдап, өкпесіне керосиннен күйік алған.  

«Ол адамдарды ұшақтан шығарып көмектесті, себебі шамамен 40 минуттай ешқандай құтқару қызметі келген жоқ. Адамдарды алып шығуға және үйінділерді тазартуға көмектескен ер адамдардың өкпелері керосинмен уланды. Бірақ аурухана біздің барлық жағдайымызды жасады, мемлекет бұл жағынан жақсы жұмыс істеді. Емдеуге өзіміздің ақшамызды жұмсамадық. Шамамен 1 миллион теңге көлемінде өтемақы алдық», – деп қосты ол.

Сондай-ақ, Надежда апаттың себебі авиация саласындағы салғырттық деп есептейді.  

«Ең ауыр тигені – көп адам қайтыс болды. Біз олардың бәрін көрдік. Мұны жай ғана адами факторға жатқыза алмаймын. Мен мұны директордан бастап қызметкерлердің салғырттығына жатқызамын. Авиакомпания ұжымы толық кінәлі», – деп санайды Карнаева.

«Олар  тіпті кешірім де сұраған жоқ»  

Ерік Бақытовтың анасы Базархан Қарибаева да сол әуе апатында қаза тапты. Бұл қайғылы оқиға отбасының өмірін түбегейлі өзгертті.  

«Менің екінші қызым анама өте жақын еді. Ол бұл қайғыны ұзақ уақыт еңсере алмады. Қазір де түнде оянып, оны іздейтін кездері болады. Біз бұл қасіретті өте ауыр қабылдадық», – дейді Ерік Бақытов.  

Іс материалдарымен танысқан Еріктің айтуынша, ол қаза болған ұшқыштарды кінәлау моральдық тұрғыдан қаншалықты дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі ұшқыштар өздерін сотта қорғап, жауап бере алмайды. Оның пікірінше, авиакомпания басшылығы жауапкершілікті өз мойнына алып, кінәсін мойындауы тиіс еді. Бірақ 5 жыл өтсе де, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстарынан ешкім кешірім сұраған жоқ.  

«Мемлекет бізді қолдады, оған алғысымыз шексіз. Бірақ, Bek Air басшылығы тарапынан ешқандай кешірім сұрау болмады. Әрине, біз оны күттік, себебі ұшақта біздің ет жақын адамдарымыз қаза болды. Мәселе ақшада емес, анамның қазасын ешқандай ақша өтей алмайды. Жұрт алдына шығып немесе теледидар арқылы кешірім сұраса, сол да жеткілікті болар еді. Не дегенімен де, тұтас бір авиакомпания ғой. Басшысы немесе орынбасарлары, департамент директорлары біреуі халыққа шығып, кешірім сұрауы керек еді деп ойлаймын. Бірақ, олар осы 5 жыл бойы үнсіз отыр. Ұшқыштар тірі болмаса да, компания басшылары бұл трагедия үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Өйткені адамдар қаза тапты. Бұл компания тіпті үшінші әлем елдерінде қолданылмаған ұшақтарды сатып алған», – деді Бақытов.  

«Мен жалғыз қалдым»

Бұл қайғылы апатта қазақстандық журналист Дана Круглова да қаза тапты. Оның әкесі бұл қайғыны көтере алмай, артынша көз жұмды. Дананың анасы Жанатгүл Жолмағамбетова қызының қазасын әлі де қабылдай алмай жүр. Сол күні Дана жаңа жылды бірге қарсы алу үшін Астанаға ата-анасына бара жатқан еді.

«Дана менің тірегім, қолдауым еді. Данасыз өмірді қайта жалғастыру маған өте қиын және ауыр. Кінәлілердің жазалануын қатты қалаймын, мұндай жағдайлар қайталанбаса екен, адамдар қаза таппаса екен деймін. Қаншама адам зардап шекті. Әділ соттан үміттенемін», – дейді Жанаткүл Жолмағамбетова.  
Дана Круглованың сурет жеке мұрағатынан
Дана Круглованың суреті/ жеке мұрағатынан 

Жанатгүл Жолмағамбетова іс материалдарымен танысқанымен, құжаттардың көлеміне байланысты оларды толық түсіну қиын болғанын айтты.  

«Мен адвокат іздедім. Таныстар арқылы таптық, бірақ ол 2000 доллар сұрады. Менде ондай ақша жоқ. Тергеу кезінде полиция маған тек басында арыз жазу үшін, кейіннен материалдармен танысу үшін хабарласты. Әрине, тергеу өте ұзаққа созылды. Басқа зардап шеккендермен де байланысқым келеді», – деді Жолмағамбетова.

«Bek Air апаты біздің елде адам өмірінің құны көк тиын тұрмайтынын көрсетті»  

Бұл апатқа қатысты мәселені белсенді түрде көтергендердің бірі мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек. Ол сол кезде жер қатынастары жөніндегі заңгер болып жұмыс істеген. Оның айтуынша, ұшақ соғылған үй санитарлық-қорғау аймағында салынған, бұл жерде мүлдем құрылыс жүргізуге болмайды. Нәтижесінде, жер мәселесіне байланысты қылмыстық іс қозғалып, Талғар ауданының 6 шенеунігі сотталды.  

«Бұл іс бойынша әділдік туралы сұраққа нақты бір жауап айту қиын. Мысалы, менің ойымша, кінәлілер қатарына авиакомпанияға қоса көлік прокуратурасын да қосу керек. Олар көлік қауіпсіздігін бақылап отыруы тиіс еді. Бірақ сол жақтағы лауазымды тұлғалар неге жауапқа тартылмады? Олар тіпті қызметінен босатылған жоқ. Сондай-ақ, МСҚБ (Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау) органы неге жауапқа тартылмады? Алматы және Алматы облысындағы қызметкерлер де жауапсыз қалды. Мұны түсіне алмаймын», – деді Базарбек. 

Сонымен қатар, депутат Алматы әуежайының қызметкерлері де жауапқа тартылмағанына баса назар аударды.

«Есіңізде болса, сол жылдары әуежай Тимур Құлыбаевқа тиесілі компанияның меншігінде болды. Әрине, оның меншікке қатысының болуы бұл оқиғада белгілі бір рөл атқарды. Әуежай қызметкерлері бұл аумақтың әуежайға қатысы жоқ деп жауап берді. Бірақ, авиациялық талаптарға сәйкес, әуежай санитарлық-қорғау аймағына жауапты болуы тиіс. Бұл жолаушылар қауіпсіздігі, егер салынған нысандар қандай да бір қауіп төндірсе, әуежай дабыл қағып, прокуратураға, МСҚБ жүгінуі керек еді, сотқа талап қоюуы тиіс еді. Бірақ әуежай шенеуніктерінің ешқайсысы жауапқа тартылған жоқ», – деп толықтырды ол. 
Бақытжан Базарбек
Бақытжан Базарбек

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек апатқа жауапкершілікті азаматтық авиация саласындағы шенеуніктер де мойындарына алуы керек деп санайды. Себебі олардың бақылау функциялары мен авиакомпаниялардан ережелерді сақтауды талап етуге құқығы бар.  

«Олар сотқа талап қойып, кінәлілерді жауапқа тартуы мүмкін. Шын мәнінде, азаматтық авиацияның уәкілетті органы сол МСҚБ-ке немесе басқа субъектілерге қатысты нұсқама беруге құқылы, бірақ олар мұны жасаған жоқ», – деп атап өтті ол.  

Сонымен қатар, Базарбектің айтуынша, Талғар ауданы әкімдігінің кейбір шенеуніктері әлі күнге дейін жауапқа тартылмады. 

«Сондықтан әділдік туралы қандай әңгіме айтуға болады? Иә, үкім шығарылды, Талғар ауданының шенеуніктері жер мәселесіндегі алаяқтықтары үшін сотталды. Бірақ, бұл адамдардың өмірінің құны ма, егер оларға 3-4 жыл шартты жаза берілсе? Ал нақты мерзім алғандар қазір бостандықта жүр, оларды танимын, олар қазір бизнеспен айналысады. Шынын айтқанда, адамдар олардың кесірінен қаза тапқанын мүлде ойламайды. Ал балалар ата-аналарынан айырылды, жұбайлар екінші жартыларынан айырылды. Немерелер атасы мен әжесінен айырылды. Bek Air апаты біздің елде адам өмірінің құны көк тиын тұрмайтынын көрсетті», – деді Базарбек.

Сондай-ақ, ұшқыштарды кінәлі етіп көрсету олар тірі болмағандықтан оңайға соққанын айтты.

«Бұл – әділет жүйесі «кім тығылып үлгермеді, сол кінәлі» деген принциппен жұмыс істейтін елдерде қолданылатын сүйікті тәсіл. Ал кім тығылмады? Тығылмағандар – ол қайтыс болғандар ғана. Олар өздерін қорғай алмайды, сотта сөз сөйлей алмайды немесе дәлелдер ұсына алмайтыны ақиқат. Оларда тығылуға мүмкіндік болмады», – деп түйіндеді депутат.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар