26 тамыз күні Алматы облысы Талғар ауданында Хасан Қасымбаев пен серіктеріне қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін де жәбірленуші Арман Әлиев жауап берді. Ал адвокат Ерлан Меңдешов судья Айнагүл Түкібаеваға наразылық танытты.
Orda.kz тілшісі сот залынан тікелей ақпарат таратты.
«Сот залына журналистер кіргізілсін»
Сот басталған кезде Хасан Қасымбаевтың қорғаушы адвокаты Ерлан Меңдешов сөз алып БАҚ өкілдерін кіргізуді сұрады.
Ал судья адвокатқа БАҚ өкілдері бойынша барлығы түсіндірілгенін алға тартты. Мұны Меңдешов тағы да шеттету фактісі деп мәлімдеді. Айнагүл Түкібаеваның орнына судья Айдар Әбдіқұлов шеттету фактісін тексеруге қатысты. Ол судья Түкібаеваның тарапынан болды деген «шеттету фактісі» растамады.
Сондай-ақ, сот залында айыпталушылардың Арман Әлімовті қалай соққыға жыққаны түскен бейнематериалдар қаралып жатыр.
Сотқа онлайн қатысқан екінші жәбірленуші
Түскі үзілістен кейін екінші жәбірленуші Әріпжан Тәжібаевтан онлайн жауап алу басталды. Алайда техникалық ақауларға байланысты жауап алу кейінге шегерілді.
Дегенмен ол өз сөзінде Хасанды 2016 жылдан бері танитынын және оның қасындағы серіктестерін мүлде танымайтынын айтып үлгерді.
Судья Айнагүл Түкібаева оны сот залына өз аяғымен келіп, жауап беруін талап етті.
Келесі сот 10 қыркүйек күні сағат 10:00-де жалғасады.
Айта кету керек, 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін бүкіл Қазақстан халқы дүр сілкінді. Талғарға тілшілер барып түрлі репортаждар жасап, бұған дейін болған қылмыстар жайлы анықтады. Ел арасында «хуторлықтар» деген қылмыстық топтың бар екені және сол топтың жұртты үрейде ұстайтыны айтылды. Оның басшысы ретінде Хасан Қасымбаевты атағандар болды. Дегенмен ІІМ қылмыстық топ бар деген ақпаратты түбегейлі жоққа шығарды.
Orda.kz тілшісі сол шу бұрқ ете қалған сәтте-ақ Хасан Қасымбаевты тауып, кездесіп, сұхбат алған болатын. Хасан Қасымбаев: «менің арым таза, заң бұзған жоқпын» деген еді. Алайда 4 қараша күні ол қамауға алынып, оған қатысты тергеу басталды. Тергеу шілде айында аяқталды. 29 шілдеде прокуратура айыптау актісін бекітіп, істі сотқа жіберді.