Жезқазғанда «өрмекші адам»: Терезеден түспек болған ер адамды полиция әрең құтқарды

cover Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Жезқазғанда көпқабатты үйдің терезесінен түспек болған ер адамның әрекеті қайғылы жағдайға ұласуға шақ қалды, деп хабарлайды Orda.kz.

Оқиға 6 сәуір күні сағат 22:27 шамасында болған. Кезекші бөлімге Росков көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде ер адамның екінші және үшінші қабаттың арасында ілініп тұрғаны туралы хабарлама түскен. Оның кез келген сәтте құлап кету қаупі болған.

42 жастағы қала тұрғыны қиын жағдайға тап болған, төменге секіру – тым қауіпті, ал жоғарыға қайта көтерілуге шамасы жетпеген. Уақыт өткен сайын оның күш-қуаты да сарқыла бастаған.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері жағдайдың күрделілігін бірден бағалап, шұғыл әрекет етті. Үшінші қабаттағы пәтердің есігін ешкім ашпаған соң, олар төменгі қабаттағы көршілер арқылы көмек көрсетуді шешті.

Полицейлердің бірі тәуекелге барып, екінші қабаттың терезесінен еңкейіп, ілініп тұрған азаматты аяғынан ұстап қалған. Ал оның әріптесі полицейдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, белінен мықтап ұстап тұрған. Үйлесімді әрі жедел әрекет нәтижесінде бірнеше секунд ішінде ер адам құтқарылды.

Кейін анықталғандай, бұл суицид әрекеті болмаған. Ер адам өз пәтерінде қамалып қалып, сыртқа шығудың амалы ретінде терезеден түспек болған. Алайда ол өз мүмкіндігін дұрыс бағаламаған.

Тәртіп сақшылары азаматтарды сақ болуға шақырады: егер есік жабылып қалса, өз бетінше қауіпке бармай, арнайы мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Себебі асығыс әрі ойланбай жасалған әрекет өмірге қауіп төндіруі мүмкін.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар