Жетісуда 5 жастағы баланы қаққан мас жүргізушіні судья үй қамаққа жіберді

cover Фото: Orda.kz

Жол апаты 16 мамыр күні Алакөл ауданының маңында болған. ҚТЖ-ның 45 жастағы жұмысшысы Мақсат Жақсылықов мас күйінде рөлге отырып, жол жиегінде кетіп бара жатқан әйел мен оның 2 баласын қағып кеткен болатын. Салдарынан 5 жасар қыз қайтыс болды, деп хабарлайды Orda.kz.

Куәгерлердің айтуынша, әйел адам арбадағы баланы итеріп үлгергенімен, кішкентай 5 жасар Сезім Рүстемқызын құтқарып үлгермей қалған. Қызды көліктің астынан шығарып жатқан кезде, жүргізуші көлікті тастап, жаяу қашып кеткен. Алайда келесі күні таңертең полицияға өз аяғымен келіп, кінәсін мойындаған.

Іс ҚР ҚК 325-1-бабының 2-бөлігі бойынша Алакөл аудандық сотында қаралып жатыр. Жақсылықовтың сөзінше, ол оқиға кезінде «топырлаған» адамнан қорқып, ізін суытқан. Сол күні (17 мамыр) оны аудандық бөлімнің ҚАЖ-на қамады, бірақ 18 мамырда үйқамаққа босатты.

Судья Эльмира Асубаева қылмысты жеңілдетті. Өйткені Жақсылықовтың тұратын тұрғылықты жері, жұмысы жоқ,  оның үстіне бес баласын асырауы керек. Басында қыздың ата-анасы сот туралы немесе қылмыскерді жазалау туралы мүлде ойламаған. Ойларында тек баланы құтқару болды. Қыздың ата-анасы дәрі іздеп, туысқандарына хабарласып, барлық отбасы болып қан тапсырды. Алғашында Достықтағы ауруханада жатқан Сезімді кейін Алакөл ауданының орталық ауруханасына жеткізді. Бірақ 26 мамыр күні қыз тіл тартпастан қайтыс болды.

Ал марқұмның әкесіне Жақсылықов барлық отбасымен көшіп кеткені туралы хабар берген. Рүстем Омаров полиция шақырып, әкімдікке хабарласқан. Күдіктінің мекенжайына келген қызметкерлер оның пәтерде ұшты-күйлі жоқ екенін анықтаған.

«Қызымның өліміне кінәлі адам, әлгі жүргізуші тіпті үйқамақта да болмаған екен. Ол сот шешімінде көрсетілген мекенжай бойынша тұрмаған. Жақсылықовтың отбасы апаттан кейін бірден Үшаралға көшіп кеткенін көршілері айтты. Полиция шақырудан басқа амалым қалмады және ауыл әкіміне хабарластым», – деді қыздың әкесі.

Мекенжайға келген әкімдік қызметкерлері мен полицейлер Жақсылықовтың пәтері жабық екені және оның тұрғылықты жері бойынша жоқ екені туралы акт жасады.

«Сонда осы уақытқа дейін көрсетілген мекенжайда тұрмаған, сот шешімін орындамаған, қашып кеткен болып шығады. Ал оны тексеретіндер ешқандай шара қолданбаған. Керісінше, бұл адамның артын біреу жауып тұрғандай көрінеді».

Ал қазір отбасы қара жамылып қана тұрған жоқ, сондай-ақ қорлық та көрді.

«Демек, бізде заң балаларын жерлегендерге емес, оларды өлтіргендерге жұмыс істейді екен ғой. Ал сот он күн бойы аурухана төсегінің жанында тұрып, қызының өмірі үшін дұға еткен ата-анадан гөрі, мас жүргізушіге көбірек сене ме?», – деді қыздың анасы.

Orda.kz аймақтық полиция департаменті мен прокуратурадан жауап күтеді және бұл істі өз бақылауына алады.





Жаңалықтар

барлық жаңалықтар