Құжат жүзінде 100% дайын дегені 5% екен: ел қыстауға дайын ба?

cover

Биыл Қазақстанда бұрын соңды болмаған қуаңшылық орын алды. Оған себеп – 2 жыл бойы жаңбыр мен қардың аз жауғаны. Малшылар ілініп-салынып, азын аулақ малдарымен қалды. Мал аштан қырылып жатыр. Көзін құртайын десе, алар сатып алушысы жоқ, «тым арық». Қаражатын салып, қыстауды еңсеруден басқа амал жоқ.

Orda.kz редакциясы Қазақстанның қысқа дайындығы туралы сұрастырып білді. Мал қыстан аман шыға ала ма? Дайындық қалай? Мал шаруашылығында қандай өзгерістер бар?

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша республика бойынша барлығы:

Коллаж Orda.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі күздің басында мал қыстатуды дұрыс өткізу үшін облыстарға шырынды және құрама жем мен сабан дайындау жоспарын берген.

Норма бойынша 23,8 млн тонна шөп, 1,6 млн тонна пішендеме, 2,0 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 6,0 млн тонна құнарлы жем дайындау жоспарланған.

8 қыркүйектегі жағдай бойынша:

  • 22,2 мың тонна шөп немесе 93 %;
  • 1,4 мың тонна пішендеме немесе 87%;
  • 0,5 мың тонна сүрлем немесе 24%;
  • 1,7 мың тонна сабан немесе 35% орындалды.

Министрлік фермерлер қыстауға 93 пайыз дайын деп хабарлады.

– Мал азығына тапшылық жоқ. Егер болып жатса, басқа өңірлерде ірі жем-шөп жетіспеген жағдайда солтүстік өңірде сабан дайындау жоспары бар, - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Алайда, «Шопан-ата» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының өкілі Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, үкіметтің 93 пайызға дайынбыз дегені тек қағаз жүзінде екен.

– Қыстау науқаны алдында әкімдер министрлікке есеп береді. Сол есептері бойынша 100 пайыз дайынбыз дегені тек қағаз жүзінде. Оны 2017-2018 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі болған Қайрат Айтуғанов зерттеп, айтқан. Жыл сайын малшылар тек қысқы азықтың 5 пайызын ғана дайындайды. Қалған азық табиғи жайылым есебінен шығатын. Бұрындары жерде шөп өссе, биылғы жағдай бәрімізге таныс. Сонда малдың қысқы азығы қалай болмақ? Оған ешкім нақты жауап бере алмайды. Малдың қыстан аман шығатынына үлкен күмәнім бар. Мен үлкен шаруашылықтарды уайымдап тұрғам жоқ, зардапты азын аулақ малы бар орта шаруа өкілдері тартады. Қыстық жайылым жоқ. Жазда жем-шөп жинай алған жоқпыз. Арпа, бидайдың құны өте қымбат. Одан ары қымбаттайды да, - деп түсіндірді Алмасбек Садырбаев.

Шаруалардың жайы қалай?

Фото: мойбизнес

Биылғы қуаңшылықтан ең қатты зардап шеккен Маңғыстау облысында қысқа мал азығын дайындау жұмысы әлі де қызу жүріп жатыр.

Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұловтың айтуынша, былтырғы азық біткен, енді облыс қазан айында жиналатын азықты күтіп отыр.

– 5 ауданда дайындық шаралары жүріп жатыр. Биылғы қуаңшылық салдарынан басқа аймақтан жем-шөп әкелу жоспары бар. 150 млн-ға шөп тасып жатырмыз. Жақында 15 вагон арпа келген. Үкімет қыстауға дайындыққа 5,3 млрд теңге бөлді. Оның 1,9 млрд шөпке, 3,4 млрд жемге жұмсалады. Желтоқсан, қаңтар, ақпан, наурыз айларын 100 күн деп алып, оған дайындық жасап жатырмыз. Шөптер ақырын келіп жатыр, бірақ жем мәселесі бар. Жеммен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, ал шөппен Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстары көмек береміз деп отыр. Бізге 77 мың тонна шөп дайындау керек. Өзіміз жинаймыз, кәсіпкерлер көмектеседі, жергілікті шөпті жинап, бір мәнісі табармыз, - дейді Серік Қалдығұлов.

Маңғыстау облысы қыстың қамын барынша жасап отырғанымен, шеттен келетін көмекке де сеніп отырған сыңайлы. Бірақ бұған дейін шаруалар «басқа аймақтардан келген шөптер мал азығына жарамсыз болып, қорада құр жатқанын» айтқан болатын. Дегенмен де, облыста позитивті көзқарас бар.

Айта кетсек, үкімет осы күнге дейін Маңғыстау облысына төтенше жағдай жарияламады.

Үкіметтен көмек берілді, бізге жетпеді

Екінші қуаңшылықтың зардабын тартып отырған – Қызылорда облысы. Онда да мал азығының тапшылығы бар, бірақ аудандар бір-біріне көмек көрсетіп отырған сыңайлы.

– Көктем шыға наурыз кезінде қатар отырған 3 ауылдан – Бейарыстанбей, Шөмішкөл, Қызылжар ауылдарында мыңға тарта мал өлді. Екі жыл қатарынан жауын жаумай, қар түспей, салдарынан қуаңшылық болды. Сырдарияда су жоқ. Маусым кезінде ұлттық арналар осы мәселені белсенді түрде көтерді. Биыл 1 пресс шөп ауылға 700 тг-ден келді. Жоңышқаны 1500 тг алып отырмыз. Жұрт соны сатып алып, үйлеріне түсіріп жатыр. 1 қап жем 2000  тг дейін жетіп жатыр. Өзіміз Қазалы ауданынан шөп шауып, оны престеп болдық. Енді тасу қалды. Арал ауданына Өтемұратов қорынан 213 млн көмек келген, бірақ ол біздің ауылға жетпеді. Жамбыл облысынан жем мен шөп келді. Шөмішкөл ауылында 104 үй бар, әрқайсысына 5 қаптан жем мен 4 түк шөптен беріп жатыр. Қостанайдан келген жемді де 4 қаптан бөліп беріп жатыр, - дейді Шөмішкөл ауылының тұрғыны Мұхтар Анапия.

Ең қызығы, көмек көрсетіліп жатқан ауыл төтенше жағдай кезінде қызыл аймаққа кірмеген екен.

Шаруаның айтуынша, тұрғындарын малынан барынша құтылып жатыр. Бірақ одан еш табыс тауып жатқан жоқ. Малдары арзанға сатылып жатыр.

– Адамдар қой мен ешкісін 10-15 бастан ғана қалдырып жатыр. Жылқы мен сиыр саудаға қойылса да, өтіп жатқан жоқ. Малды шетінен сойып жатыр. Келген адамдар оны су тегін әкетіп жатыр, - дейді Мұхтар Анапия.

Шабындық жерде шөп жоқ

Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Ақтоған ауылында жағдай әлдеқайда жақсы сияқты. 100 қой, 10 жылқы, 5-6 бас сиыры бар Ғазиз Нысанбаев қысқа дайындық жақсы жүріп жатқанын айтты.

– Былтырғыға қарағанда айырмашылық бар. Мысалы, 2020 жылы 1600 түк шөп жиналса, биыл 1154 түк қана шыққан. Былтыр жоңышқаның арқасында көп жиналған. Алдыңғы 1600 түк шөп малға қысқа жетпей қалған, ендеше осы жылғы 1154 түк жетеді деп ойламаймын. Қысқа дайындық жақсы жүріп жатыр. Негізінен шөптің бағасы қымбат жоңышқаның бір түгі 1500 тг, құнарсыз шөптер 700-800 тг сатылып жатыр. Өзіміздің шабындық жерлер болғандықтан, бізге аз да болса, дайындық жеңіл тиіп жатыр. Жері жоқтарға қиын, - деді Ақтоған ауылының тұрғыны Ғазиз.

Сондай-ақ, биыл қысқа мал азығын дайындауда Шығыс Қазақстанда да біраз қиындықтар бар. Шөп аз, ал бар шөп өртке оранып жатыр. Салдарынан күздің басында 150 мыңнан сатылған шөп, араға 1 ай салғанда 200 мың тг сатылымға шыққан.

– Біз қысқа дайынбыз. Қыстық шабындық жерде шөп аз шыққандықтан, биыл шөп сатып алдық. Бір орамасын 10 мыңнан сатып жатыр. Жалпы 9 тонна шөпті 200 мың тг алдық. 700 мыңға қысқа азық дайындадық. Биыл шөп бағасы айтарлықтай қымбаттаған, былтыр 9 тонна шөпті 60 мыңға алсақ, енді 200 мыңға алып отырмыз. Қазір тек орама түрінде ғана сатады. Басында шөпті 150-ден сатқан, бірақ біз шабындық жерге сеніп қалдық. Шөп орып болған соң, оның аз екенін көріп, қымбат болса да шөпті орамамен сатып алдық. Ешкімнен ешқандай көмек берілмеді, - дейді Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Ақшәулі ауылының тұрғыны Сымбат Таңсықханқызы.

Еске салсақ, 2021 жылы тамызда елдегі қуаңшылық кесірінен уақытша жем-шөпті шетелге сатуға тыйым салынған.

Президент бұйрығын орындап жатқан ешкім жоқ

«Шопан-ата» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының өкілі Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, тыйым салынғанымен, сауда бұрынғыдай жүріп жатыр.

– Екі  айда не өзгерсін? Қазіргі үкімет президенттің нақты тапсырмасын орындап жатқан жоқ. Екі ай бұрын бір министрді орнынан алып, екінші министрді президент әкелгенде: «Өзімізді қамтамасыз ету үшін шұғыл түрде жем-шөпті шетелге сатуды тоқтатыңдар» деді. Екі ай өтті. Не ескі министр, не жаңасы, үкіметтегі басқасы да арпа, бидайдың барлығын қалай таран-тараж етіп сатса, әлі де солай сатып жатыр. Ешкім президенттің бұйрығын орындаған жоқ. Бұған кім жауапты? - деді Садырбаев.

Мал өсірушілер қауымдастығының өкілі «елде агросаясат қате» дейді. Себебі, малшыға арзан түсетін кебектің өзі, шетелдіктермен салыстырғанда бізде әлдеқайда қымбатқа сатылып жатыр.

– Елде кебек мәселесі қиын болып отыр. Шаруаларға қолжетімді ең арзан азықтың түрі осы. Онымен мал бағып, жан бағып отырғандар бар. Оның қазіргі Қазақстан нарығындағы құны – 100-120 тг. Диірмендер оны 80-90 тг сатып жатыр. Алысқа бармайық. Кедендік одақта салық саясаты бәріне бірдей. Одаққа кіретін Ресейде кебек 50 тг, Белоруссияда 48-49 тг. Тіпті бізден арпа, бидай, кебекті сатып алатын Өзбекстанның өзі оны 50-58 тг сатып отыр. Кебек қымбат, себебі агросаясат қате. Нарықты, министрлікті, ауыл шаруашылығын білмейтін адамдардың басшылығынан осылай болып отыр, - деді Алмасбек Садырбаев.

Қазақстанда 119 құрама жем кәсіпорны мен 3044 шөп және кебек дайындаумен айналысатын шаруа және ферма қожалықтары бар.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ет бағасы қалай өзгереді?

Көріп отырғанымыздай, елде биыл былтырғыға қарағанда шөп аз шыққан. Мал азығы да аз. Мал келер қыстан қалай аман шықпақ? Мал қырылса, оның салдары қандай болмақ? деген сұрақтар туындады.

Еске салсақ, биыл сәуірде ет бағасы келер жылы 4000-5000 тг жетеді деген болжам айтылған. Расындада, ет бағасы 7,4 пайызға қымбаттап, 2200 теңгеге жетті.

– Әлі де ондай болжам бар. Бұл сұрақ әлі де өзекті. Біріншіден, елдегі 30 пайыз мал сатылып жатыр. Екіншіден, қысқа жем-шөп болмағандықтан, мал шығыны болады. Біз оған моральды түрде дайын болуымыз керек. Қыс бойы мал шығыны болады. Көктемде қардың астынан бәйшешек пен көк шөп емес, малдың мүрделері шығады. Сондықтан, қой етінің бағасы 4000-5000 болуы әбден мүмкін. Ірі қараның еті аса қымбаттамауы мүмкін. Себебі, бізде Белоруссиядан, Ресейден «каравнякты» әкеліп, онымен бізді алдап, 2000-3000-нан қазір сатып жатыр.

Каравняк – сауындық сиырлардың әбден тозығы бітіп, мал санағынан шығарған, ветеринарлық түрде бүлінген ет.

– Баға өсімін болдырмау үшін соның көлемі көбейеді. Ондай етті жеген адам ағзасы дұрыс болмайды, - дейді Алмасбек.

30 жыл бойы жинаған малымызды бір-ақ жылда жоғалтып алу қаупі күннен күнге күшейіп жатыр.

«Шопан-ата» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының өкілі Алмасбек Садырбаев

Міне, осылайша, малшылар «шабындық жерде шөп шығып қалар» деген үмітпен соңына дейін күтіп отырып қалған. Салдарынан қазан айына дейін жиналу керек шөп қараша, желтоқсан айында жиналатын болды. Ал мал азығы күннен күнге қымбаттап жатыр. Бірақ малшылар еш берілер емес, «бәрін көппен бірге көреміз» дейді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар