«Жаңа Қазақстанда ештеңе өзгермейтінін ұқтым»: Суретші Рашид Нұрекеев қоғам жайлы не дейді?
Қоғам шындығы жайлы өткір ой қаузап, оны қалай түйсінгенін өз шығармаларында көрсеткен ұлы суретшілер тарихта аз болмаған. Қай ғасырда да пропаганда, цензура, саяси әділетсіздік қылышын қайрап тұрған күннің өзінде өнер адамдары шама-шарқынша қоғамның айнасы бола білді. Қоғамдағы әділетсіздікті суретшілер өздерінше түйсініп, өздерінше сезініп бейнелей алды. Шындықты батылы жетсе, белсенді дегеннің бәрі кесіп айтады. Ал көркем өнердің көкжиегі әлдеқайда кең, тілі әлдеқайда бай. Қазір заманауи сурет өнері Жаңа Қазақстан жайлы не толғайды, оны қалай бейнелеп жүр?
Orda.kz тілшісі осы жайлы білу үшін, белгілі суретші Рашид Нұрекеевтің шеберханасына барып, кеңесіп қайтқан болатын.
«Заманбекті ғана атпады»
Балалық шағы кеңес заманымен тұспа-тұс келген суретшінің бұған дейінгі суреттеріне назар аудардық. Суретші социалистік реализмді, сол кездегі пропаганданы қарапайым адамдардың өмірімен салыстырып, арасы жер мен көктей екенін байқаған. Ол саяси және әлеуметтік дағдарысты сол шығармаларында бейнеледі.
Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары салған шығармаларына қарасақ, жас мемлекеттегі қылмыстық істер оның көңіл күйіне қатты әсер еткенін байқауға болады.
Мысалы, марқұм Заманбек Нұрқаділов жайлы осы суретке қарап, «ол атылған 3 оқ тек Заманбекті емес, Мақпалды да іштей өлтіріп кетті» деген ауыр толғаныс жатқанын байқаймыз.
«Алпауыт басшылар бүгін бар болса, ертең жоқ»
Суретші Orda.kz тілшісіне алдағы көрмеге қоятын шығармаларын көрсетті. Шеберханасына барғанда оның жаңа шығармаларындағы үмітсіздікті байқадық. Жаңа Қазақстан жайлы кейінгі шығармалары үмітсіздік пен пессимистік ауанға ауысқан.
«Қазіргі менің көзқарасым басқа. Қазір философиялық пайымға тоқтадым. Оның бәрі қоғамда болып жатқан оқиғалар. Мәселе тек саясат, экономика, мәдениет т.б. қиындықтарда емес. Саясат жайлы не айтуға болады? Алпауыт басшылар, Назарбаев болсын, басқасы болсын, бүгін бар, ертең жоқ. Одан бөлек мәңгілік дүниелер бар. Ол жалпы адамзаттың басындағы мәселелер», — деді Рашид Нұрекеев.
«Жаңа Қазақстанда ештеңе өзгермейтінін ұқтым»
Тілшіміз одан жаңа Қазақстанды суретшінің қалай қабылдайтынын сұрады.
«Мен дәл Жаңа Қазақстан деп мәлімдеп, осы жүйе келгеннен кейін ғана ешқандай өзгеріс болмайтынына көзім жетті. Содан бастап өз шығармаларымнан саяси тақырыптардың бәрін сырып алып тастадым. Осы кезден мен үшін суретші ретінде бұл тақырып қызық болмай қалды», — деді Рашид Нұрекеев.
Суретші бұрын саяси тақырыптарды көп көтерді. Саяси мәселелерді көрсеткен 40-қа жуық шығарма жазды. Ол бұл шығармаларын жинап, көрме өткізгенін айтты. Көрмеден соң жастардың бүгінгі күннің проблемаларына немқұрайлы қарайтынын байқағанын айтты.
«Жастар бүгінгі күннің мәселесін көрсеткен шығармаларды түсінбейді екен. Біз аға буынбыз ғой. «Мүмкін біздікі дұрыс емес шығар?» деген ой келді. «Мүмкін өнер деген бүгінгі күнмен өмір сүрмеуі керек шығар» деген ойға қалдым. Әрине, карикатура бар, саяси өнер бар. Бірақ мен бұл тақырыпқа қызығудан қалдым. Қазіргі Жаңа Қазақстан деп жатқан алдамшы дүниелер маған ұнамайды», — деді Рашид Нұрекеев.
Қаңтар оқиғасы немесе Стокгольм синдромы
Сондай-ақ ол саяси тақырыптан бәрібір айналып өте алмайтынын айтты.
«Өнердің тілі бай ғой. Метафора, гипербола сияқты тәсілдер бар. Мысалы, француз философы Бодрийяр соғыс сұмдықтарын көрсету үшін солдат өлімін көрсету міндетті емес деп айтады ғой. Бұрынғы қиноларымызға қарасақ, қан майданды, қырғынды көрсетіп жатады. Өнерде тікелей көрсету өнер емес, ол плакат болады. Деректі фильм болады. Мысалы, Газадағы соғыс бар ғой. Соны өнер тілімен жеткізген бір суретшінің шығармасын көрсеттім. Ол қабырғаға тиген оқтың іздерін белгілеп, оқты қай мемлекет шығарғанын көрсеткен. Сөйтсе әлгі оқ бір ғана елден емес бүкіл әлемнен шыққан екен. Тікелей көрсету әсер ету емес. Мысалы Қаңтар оқиғасын көрсету үшін қанды қырғынды емес, эстетика тілімен жеткізу арқылы көрсетуге болады. Менің қазіргі шығармаларымның көбінің сол оқиғаға қатысы бар», — деді Рашид Нұрекеев.
Ол сол Қаңтар әсерінен жасаған эскизін көрсетті.
Саршұнақ эскизінде ол бір тордың ішінде қамауда тұр. Шығайын десе, алдын вагон жапқан. Болашаққа деген алаңдау, үрей бар эскиз «Айға қараған саршұнақ» деп аталады.
Көрмеде суретші жасыл болып жарқыраған айды жоғарыға іліп қоямын деген жоспары бар екенін айтты. Назарларыңызға алда болатын көрменің эскизін ұсынамыз.
Бұл бар қиындық пен қорқынышты бейнелейтін шығар жолды бөгеген вагонға қорғансыз тіршілік иесі — саршұнақ жай ғана қорқынышпен қарап тұр.
Артынша суретші осындай мағынада символдаған вагонды құшақтап ұйықтап жатқан түлкінің эскиздерін көрсетті.
«Вагон мен түлкінің махаббаты» деп қалды бір сөзінде. Ол осы жұмысында «Мәселе тек Қаңтар оқиғасында емес, жалпы қазіргі қоғамда халық өзін қалай сезінеді?» деген сұрақ қойғанын айтты. Оның ойынша, қазір халық стокгольм синдромына шалдыққандай күйде. Расымен тағы жануардың вагонды жақсы көруі, оның үстіне ұйықтап жатуы психологиядағы стокгольм синдромына ұқсайды.
Стокгольм синдромы (ред. ағылшын тілінде Stockholm syndrome) — қорғану үшін бейсаналы түрде жәбірленуші мен агрессор арасында туындайтын өзара немесе біржақты жақындық. Бұл байланыс тұтқынға алу, алып қашу немесе зорлық-зомбылық сынды сәттерде болады.
«Қазіргі адамдарда үкіметке деген махаббат бар секілді. Бірақ осындай жағдайлардан кейін олардың арасында қандай махаббат болуы мүмкін? Бұл шизофрения ма? Әлде ұжымдық сана болған соң солай бола ма? Біздің халық стокгольм синдромына шалдыққан секілді. Тек қана біздің елде емес, басқа елдердің де халқы сондай күйде», — деді суретші.
Өлмейтін үміт және абақтыда өткен ғұмыр
Сондай-ақ суретші өзінің жинаған кітапшаларын көрсетті. Бір кітапшасын Алматыдағы бұрынғы түрмеге экскурсия барғанда тауып алғанын айтты.
«Бұл кітапты Алматыдағы Сейфуллин көшесінің бойындағы бұзылып жатқан түрменің ішінен тауып алғанмын. Кітапшаның әр бетінде таңғы асқа не берілетіні жазылған. Түрмеде отырғандардың тегі жазылған. Таңғы асты алғаннан кейін, алдым деп қол қойып отырған болса керек. Әр бетіне пойыз жолдың 100 метр сайын тұратын белгісінің суретін жапсырып шықтым. Менің ойымша кітап оқырманға қызықсыз сияқты. Қазіргі заманның өзіндей. Бір қалыпты, үлкен өзгеріс жоқ. Кітапқа қарасаң бір жағынан үлкен түрме сияқты, бір жағынан жол яғни үміт бар», — деді Нұрекеев.
Мұншама адамның қолы жиналған кітапшаға суретші пойыз жолдың таңбасын қою арқылы абақтыға тоғытылған тағдырларды көрсеткісі келген. Әйтеуір бір шығармыз деген үмітпен кеткен адамдардың қолтаңбасы бар кітапша жайлы суретші олардың арасында жазықсыз жандар кетуі мүмкін екенін және рас өкінген бірақ ғұмыры мәңгі қапаста қалған жандар болуы мүмкін екенін меңзеп, оқырманға түрлі ой салады. Бұл саяси тұтқын, бұл жазықсыз кеткен адам, болмаса қандықол қылмыскер болса да өз қылмысын ұғып, шын өкініп құсалануы мүмкін.
«Жұмысқа жегілген есек пен Сизиф»
Біздің назарымызды Жаңаөзен оқиғасы туралы «сүйектер» топтамасы аударды. Бұл туындының идеясы суретшіге бір оқиғаны естіген соң келген.
«Алаңда тәуелсіздік мерекесін ұйымдастырушылар наразы жұртқа «ашсыңдар ғой», «жеңдер» деп ұсынды деген әңгіме бар. Рас-өтірігін білмедім. Ал сүйек жайлы әңгіменің қаншалықты рас екенін білмедім. Бұл суретші ретінде жаңа дүние жасауға түрткі болды. Сүйек — бір жағынан өнер туындысы болса, екінші жағынан қоғамдағы болып жатқан оқиғаны көрсетіп беруші болуы керек», — деді Рашид Нұрекеев суреттерді көрсетіп жатып.
Оны біз оның шығармаларындағы «есекке» ерекше назар аударуын байқадық. Ол есекті көрсету, бейнелеу арқылы қоғам және адам мәселесін, бұрынғы мемлекет аралық мәселелерден әлдеқайда кең тынысты, жалпы адамзаттық мәселеге көшеді.
Адамның күнделікті жұмысқа жегілуі, бас алмастан тұрмысқа байлануы оның осы концепциясында көрініс табады.
Тіпті мұны бір қараған адам «халықты есек деп тұр ма?» деуі мүмкін. Жоқ, суретші жалпы адамды, соның ішінде өзін де сол санатқа жатқызып, қазіргі халімізге қарап, бәріміз «бір-бір есекпіз» дейді.
Суретшінің бұл шығармалары Альберт Камьюдің Сизиф философиясымен үндеседі. Сизиф аңыз бойынша бір мезгіл ажал құдайы Танатосты байлап, өлімнен құтылған екен. Оған қаһарланған Oлимптің құдайлары оны қатал жазалаған. Оған берілген жаза — үлкен тасты тау басына домалатып шығару керек. Бірақ әр рет тау басына тасты домалатып жете бергенде тас етекке қарай домалап кетіп отырады. Сөйтіп Сизиф мәңгі бақи тас домалатумен болады, бірақ мақсатына мәңгі жете алмайды. Батыстық контексте sisyphean, яғни "Сизифше тағдыр" — еш нәтижесі жоқ іспен шексіз-шетсіз айналысуға мәжбүр болу мағынасыздығын көрсетеді.
Олимп Құдайларының ойынша, еш нәтижесі жоқ іспен айналысудан өткен жаза дүниеде жоқ көрінеді. Рашид Нұрекеевтің символ ретінде алған «жұмысқа жегілген есегінде де» сондай ой жатыр. Ол өз шығармаларында есекті тұсап қойып, емдеу түрін де көрсетпекші.
«Есектердің образымен жұмыс істегеніме 5-6 жылдың жүзі болды. Есек — өте ақылды жануар. Қыңырлықпен қатар осы қажырлы жануар шаршап қалмас үшін қай кезде жұмысты тоқтата тұру керек екенін біледі. Есек күнделікті бітіп болмайтын шаруаның жануары. Есек халықтың образы, метафора. Оны тікелей түсінуге болмайды», — деді Рашид Нұрекеев.
«Шетелге шақырды»
Кезінде жердің қыртысын түсіру үшін үш таған геодезиялық темірлер орнатқан. Суретші сондай темірлердің басына түлкінің басын орнатып, арт-объектіге айналдырып жүргенін айтты. Оған шетелге сондай туынды орнатып беруі үшін шақырту да келіпті.
«Қазір енді территорияны анықтау үшін жер серікпен түсіреді ғой. Кезінде осы темірлерді қолданған еді. Мен бұлардың бәрін арт объектіге айналдыру үшін түлкінің бастарын орнатып кетіп жүрмін. Қызылорда облысында біреуі, Шымкент жақта біреуі, Алматы облысында екеуі бар. Шетелден осындай бастарды орнатып бер деп шақырып отыр. Бұл арт объект негізі территорияға байланысты ғой. Территория дегеніміз не? Неге бір ел басқа бір елдің территориясын алғысы келеді? Бұл өмір бақи бітпес талас. Жеріміз үлкен, бірақ сыймай жатырмыз. Бір мемлекет басқа елдің жерін басып алып жатады. Өз ұғымдарын енгізіп, дінін енгізіп, сол елдің руханиятына қол сұғады. Үлкен трагедия болады. Дәл түлкінің басын қою себебім адамның қу пиғылы. Қазір саясаткерлердің идеясы деп бөлмеймін. Жалпы адамзаттың басып алуға деген, озбырлыққа деген құштарлығының символы», — деді суретші.
Сондай-ақ алдағы көрмесіне есектерді әкелетін ойы бар екенін жеткізді.
Суретші өнерде ұлттық шеңберде қалып қалмау керегін, одан серпіліп шығып, жалпы адамзаттың мәселесін көтергенде ғана өз ұлтыңа рас еңбек ете алатынын айтты. Заманауи сурет өнері туралы сөз қозғалғанда, «түсініксіз» деп ат тонын ала қашатындар бар. Иә, эксперимент көп. Алайда зер салып, саралап қарасақ, әлем елдері таңдай қағып жататын шығармалардың жүгі өте ауыр. Біздің халық жатырқай қарайтын туындыларға әлем елдері тамсанып жатады. Олардың ой өресі өзгеше ме? Тек сурет өнері емес, кинода, әдебиетте жасалып жатқан өзгерістерді қабылдау үшін бәлкім бізге рухани дайындық қажет шығар? Көргенін көшіріп салатындар, болмаса идеяны тікелей ашық айтатындар өте көп. Ал осы шым-шытырық шимайға толы сурет өнерінде Рашид Нұрекеев сияқты ешкімге ұқсамайтын ізін сала алғандар аз.
Жаңалықтар
- Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен шектескен шекараны толық жауып тастады
- Алматы қаласында 38 жастағы ер адам 11 жастағы қызды зорлады
- Алматыда автобус 5 жастағы баланы соғып кетті
- Қазақстан әскерінде жаңа жүйе: Әлімжеттікке қарсы жасанды интеллект
- Арман Дүйсеновтің ұлының өліміне «Астарлы ақиқат» бағдарламасы кінәлі ме?
- «Шыдамы шегіне жетті»: Ринат Зайытов ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды талап етті
- Алматыда мемлекеттік қызметтшілер спорттан миллиондарды жымқырды
- Қостанайлық диджейге қатысты сот үкімі шықты
- «Кіші жүз – транс жүз»: Алматыда «Лесбиан жиыны» өтті
- Алматы облысының экологиясына 204 млн теңге зиян келтірілген
- «Премьер-Министрдің орынбасары»: 113 млн теңге пара алған азамат сотталды
- ІІМ: Қазақстанда екі жарым айда 20 мыңнан астам жас әскерге алынады
- Талдықорғанда өртенген көліктен ер адамның мәйіті табылды
- Қаржы министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктері 68 млн тенге пара алу кезінде ұсталды
- LRT ісі бойынша негізгі күдіктілер Қазақстанға оралмады
- Дариға Назарбаеваның күйеуінің мұнай компаниясы акционерлерін дивидендсіз қалдырды
- «5 млнға жуық»: Алимент төлемеген ер адам құрықталды
- Бұрынғы Әділет министрі Бекетаевты қамауда ұстау мерзімі 3 айға ұзартылды
- «Қазақстан өзіңді еркін сезінетін ел емес»: қазақстандық боксшы қыз АҚШ әскері қатарына қосылады
- Бұрынғы судья Светлана Жолманова ұсталды